Құрылтай

«Кітап оқитын ұлт»: жоба жанданып келеді

6

0

Кеше   облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков және бірқатар басқарма басшылары мен тиісті сала өкілдері қатысты.

Меморандум Президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі ұлт қалыптастыру және шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу жөніндегі бастамаларын өңірде тиімді іске асыруға бағыт­талған. 

Бұл жоба пилоттық режимде Қара­ғанды, Қостанай және Шым­кент қалаларында жүзеге асыры­лып, тиімділігі мен қоғамдық маңыз­­ды­лығын көрсеткен. Қазіргі кезде Алматы, Атырау және Батыс Қа­зақ­­стан облыстарында жүзеге асы­рылып жатқан жоба қоғамдық кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, өс­келең ұрпақтың білімге деген қы­зығушылығын арттыруға, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге ба­ғытталған маңызды әлеуметтік бас­тама болып отыр.

Шарада қоғамдық қор төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы жобаның жүзеге асырылу барысымен таныс­тырды.

–        Естеріңізде болса, 2018- 2021 жылдары аралығында біз Сыр өңі­рінде  «Тұлпар мініп, ту алған!» ағар­тушылық жобасын жүзеге асыр­ған болатынбыз. Ол  «Қобыланды батыр» жырын оқуға және жаттауға бағытталды. Оған  Аралдан бастап Жаңақорғанға дейін ниет білдірушілер болды.  Сол кезде бір ғана Аралдан 500-ге жуық талапкер қатысты. Міне сол тәжірибеге сүйене отырып, осы жобаның механизмін жасадық. Жоба бұған дейін үш өңірде өтті. Басында әр аймақтан 25 мың адам қатысады деп жоспарланған еді, алайда одан асып кетті. Қатысушы 190 мыңға жуықтады. Сондықтан бұл жоба қолдау тауып, Мемлекет басшысы 16 мамыр күні арнайы Жарлыққа қол қойды. Соның нәтижесінде рес­публика көлемінде жүзеге асырылып жатыр.  Қызылорда өңірінде жеті бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айт­­қанда,  «кітап оқитын мектеп», «кі­тап оқитын колледж», «кітап оқи­тын университет», «кітап оқитын әулет», «кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «кітап оқитын спортшы» және «кітап оқитын педагог» бағыт­тары қамтылған.  «Кітап оқитын мектептің» өзі беске бөлінеді, – деді қор төрағасы Бақытжан Жұмағалиұлы.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»