Көңілді сапар

179

0

(Жалғасы. Басы өткен нөмірде)

…Комиссия Қажымұқан екеу­мізді қа­ланың батыс жағында «Айрамбақ» ата­латын кең бақша­ның әлдене түкпі­ріндегі қазақ үйіне апарып орналастырды. Қам кесектен, яғни шикі кірпіштен салынған бұл кішкене үйде мен ұзақ отыра алмайтын болдым. Оған бір себеп – үйдің қаладан жы­рақтығы, ер­телі-кешті қаты­насуы қиын болса; екінші себеп – Қажымұқан маңайының ма­за­сыздығы. Оны «ертегінің ба­тыры» көрген, немесе «аруақ ор­наған әулие» көрген жұрт дамыл алмастан, «сабалап қымызын, ас­таулап етін…» дегендей, мол қо­нақасысымен күні-түні дамыл тап­пай келеді де жатады.

Съезд біз Ақмешітке келгеннен үш-төрт күн кейін ашылды. Осы кезде Қажымұқаннан қашқалақтай жүре, мен қаланың іші-сыртын түгел кезіп шықтым. Оның мен көрген алғашқы сиқы жоғарыда айтқандай, түгел аралап шыққандағы сипаты одан әл­деқайда нашар екен. Қала ше­тіндегі «үй» дегендер үй емес, үйшік. Көбі сұр балшықтан баттастыра салған күрке сияқты бір­деме. Олар жауын-шашынды көтермей құлай бере ме, әлде ие­лері көшіп кете ме, жеміріле құла­ғандары да толып жатыр.

Қала аралағанда менің көзімді ерекше тартқан көрініс – әр же­ріндегі алаңында болып жататын базары. Бұл базарларда не көп – өрік, мейіз, қауынішек сияқты кептірген жемістер көп. «Нишалла» аталатын аппақ бірдеме бар, дәмі қант татиды. Ол жүгерінің ұнынан жасалады екен. Ұнды орта қазан ғып салады екен де, үстіне су құйып, құмшекер сеуіп қайнатады екен. Көп былғай суы сарқылған кезде, қоймалжың, ап­пақ тәтті бірдеме болады екен. Сол қалпында қазаннан алмай, ыдысын әкелген жұртқа ожаулап сатады екен. Біреулер дәмін көреді екен де, ұнатса алып, ұнат­паса кете барады екен. Оның үстіне, көшеде бұрқыраған шаң да қонып, басында аппақ нишалла, кейін қоңырланып, біраздан қа­рақошқылданып кетеді екен. Не деген ыластық!.. Сонда да на­дан жұрт ожаулап, қасықтап алып жатады!.. «Неге?» – десең, «Бас­қа тәттіге әліміз келмейді», – деп жауап береді…

Ақмешітке келгенге дейін, мен «есек» дейтін мақұлықтың біреуін ғана он екі, он үш жастағы кезімде көрген едім. Содан кейін көруім Ақмешітте. Мұндағы кө­ліктің көпшілігі есек екен: сек­сеуіл, тал, терек, қамыс сияқты отындар­ды да таситын солар, адам да олар­ға көп мінеді. Денесі кішкене бұл хайуанның көтерген жүгіне қара­ғанда, мықтылығына қайран қаласың. Есектің құлынын қодық дейтінін де мен осы жолы білдім. Есектердің мені таңғалдырған жә­не бір қылығы: сәске, түс, кеш… деген сияқты мез­гіл мөлшерін біл­діруде ол тауық әтешінен кем емес екен. Осы мезгілдерде бар даусымен бақыра жөнеледі. Көп есек қо­сы­ла бақырғанда, маңайды даңға­за ғып жібереді.

Ақмешіт маған ұнаған жоқ. Меніңше, сол кездегі күйінде, ол рес­публикаға астана болу түгіл, губерния орталығына да әрең-мәрең жарарлық қана. Мұнымен салыстырғанда, мысалы – Қы­зылжар (Петропавл), Семей сияқ­ты Қазақстан қалаларының астана болуға мүмкіншілігі әлдеқайда көбірек сияқты. Ал, Орынбордың Ақмешіт садағасы кетсін. Бұның қасында ол Москва қасындағы қыстақ сияқты көрінеді. Омбы ше?.. Орынбор мен Омбы соңғы екі ғасырда қазақ көпшілігінің сая­си, шаруашылық, мәдениеттік ор­талығы болып келді. «Ендеше, сол екеуінің бірін неге қала­майды, Қазақстан астанасы?» деген сұрауға, «саясатқа жетікпін» дейтін біреулер:

– Қазақ облыстарының бүйі­рінде шеткері жатыр, араласып тұруы қиын, – деп жауап береді.

– Ақмешіт бүйірде емес пе? Бұған бүкіл Батыс Қазақстан по­йызбен Москва, Орынбор арқылы, бүкіл солтүстік облыстар Челя­бі, Орынбор арқылы келмей ме? Іргелес деген Жетісу губер­ния­сы­ның өзі көп күн атпен жүріп кеп, пойызға Арыс станциясынан отырмай ма? Сонда, Ақмешіттің несі жақын болады? – деген сұ­рауға, анау:

– Қазір солай екені рас, бірақ алдағы аз жылда Қазақстанның барлық түкпіріне де тура баратын теміржолдар салынады, сонда жақындайды. Қала да тез өседі, – дейді ол.

– Несімен? Ірі өндірістер ор­нарлық ешбір базасы, яғни шикізаты жоқ. Ауыл шаруа­шы­лығы да тез өркендеп кететін жер емес. Оқу орындарымен жә­не мекеме үйлерімен ғана өсе ме, сонда? Базасы жоқ қалаға қанша мектеп қажет? Және ауасы күйіп тұратын, мәдениет орны жоқ бұн­дай қалада оқуға кім құштар болады? – деген сұрауға анау жауап бере алмайды.

– Сонда, шаң басып жатқан осы сиықсыз, болашағы да нашар қалаға астананы сүйреуші кім? – деген сұрауға:

– Сұлтанбек Қожанов, – деп жауап береді анау, – бұл ара оның туған жері. Ата-бабалары – осы елдің қожалары. Революциядан бұрын ресми қағаздарда «Перовский» аталып келген қаланы, Совет тұсында «Ақмешіт» ататқан да сол. Енді, ертең ашылғалы отыр­ған 5-съезде «Қызылорда» атан­дырып, Қазақстан астанасы жа­сатпақ та, шамасы келсе әдемі қалаға айналдырмақ.

– Онысы болса!..

– Болар-болмасын тұрмыс көр­сетеді де.

Маған ерекше әсер еткен кө­ріністің біреуі – Сырдария өзені. Атағы жер жаратын бұл өзенді де менің бірінші көруім. Оның суы Есіл өзеніндей мөлдір боп ақпай, сап-сары қоймалжың боп ағады екен. Төңірегіндегі жарқабақтары аласа, кей тұста жазық жермен тұтасқан жайпақ. Сондықтан да ол қатты тасыған жылдары, ма­ңайды селдете басып, адамды да, мал-мүлікті де науыт қып кетеді екен. Ондай тасу – мекендеген елдің сорына қоса, бақыты да: бұл маңның суармалы егіні Сыр тасыса мол шығып, астыққа шаш етектен қарық боп қалады екен.

Қолым тиген кейбір уақыт­тарда мен Сыр өзенінің бойын­да қайықпен де серуендеп жүр­дім. Ақмешіт тұсында енінің жал­пақтығы шақырымға жетіп қала­тын Сырдария құбыла ағуын көр­сеткісі келгендей, кеше кешке су ортасында көрініп жатқан құм аралдар, таңертең жоқ боп кетеді, кеше сырық жетпейтін терең судан бүгін қайырлы арал шығып қалады. Кейбір тұсында иірім аталатын ағыс, түбіндегі әлдене шұқырға құйылып жатқандай дөң­гелене иіріліп, ортасы сорпылдайды да жатады. Ол тұсқа қайық жақындай қалса дөңгеленте жө­неліп, тәжірибелі ескекші болма­са, мәнін білмегендер батып кете­ді деседі.

Қаланы, Сырдың суын аралап біраз көргеннен кейін, мен арғы – тоғайлық жағына да шық­тым. Онда бұрын көрмеген бұтақ­тарының бәрі тікенді: шең­гел, жиде сияқты уақ ағаштар өседі екен. Ол беттерде ағаштар ғана емес, қурайлар мен шөптер­дің де көпшілігі тікенді болады. Боз то­пыраққа шыққан бұл тікен­дердің арасында: жылан, шаян, қарақұрт сияқты жәндіктер өріп жүреді. Жұрттың «пәленің мыңы Сырда, бірі қырда» деуі де осыдан болу керек.

Мен Сырдың арғы бетінде оты­ратын егінші ауылдың тұр­мы­сымен таныстым. Бұл ауыл­дың аты «Қырық кепе» екен. «Ке­пе» дейтіні – жер астынан жа­саған үй, басында бұндай үй қы­рық шақты ғана болуы керек. Ал қазір көбейген кепені санап бо­лар емес. Кепеде тұратындар: қар­быз, қауын, қабақ, қияр, сәбіз… сияқты бақшалық овощтарды өсі­ріп, піскеннен кейін қасын­дағы Ақ­мешітке сатады екен. Дәнді да­қылдан көп егетіні – күріш. Оның көлемі азғантай әр үйде, ең көп болғанда бір гек­тар, әйтпесе жарты, ширек гектардан, біреулер өз ішім­дігіне қажет бірер қап қана ас­тық өсіреді. Шөптен егетіні – жо­ңыш­қа.

«Қырық кепеде» соқа деген атымен жоқ екен. Оның орны­на қолданатыны – «омаш», яғни тіліне ғана темір қаққан айыр ағаш. Омашты жеке ат, яки жеке өгіз де сүйрей береді екен. Сон­дай омаштың өзі де бірен-саран ауқатты адамда ғана бар. Бы­лайғы кедейлерінің (олар басым көпшілігі) егіске пайдаланатын құралы – кетпен.

«Қырық кепенің» барлық егі­ні арық арқылы қолдан суарылады. Арықтардың үлкенін де, кі­шісін де кетпеншілер қолдан қазады. Бейнеті ауыр егіншілер арасында да батырағы, кедейі, әлдісі, орташасы бар. Жеке шаруа дәурен сүріп тұрған кезде бұлардың арасында да қым-қи­ғаш тіршілік тартысы. Осы тартыста, кейінгі кезде кедейлер басым бола бастаған, олар «Қосшы одағы» есімді ұйымға бас қосып, қанаушыларды Совет үкіметінің заңына бағындыруға кіріскен.

Жалпы алғанда «Қырық ке­пе­нің» тұрмысы – менің бұрын қазақ ауылында көрмеген тұр­мы­сым. «Егіншінің баласы қара борбай» деген халық өлеңі осы­ларға қарап шығарылған сияқты. Адамдарының көбі, әсіресе, балалары тыртиған арық, күнұзын ыстық күнге күйіп далада жү­ре­тіндіктен өңдері қап-қара, киім­дері тозыңқы, үй іштері жүдеу… Мен өзім туған жерімде де талай кедей, батырақты көре жүре тұрмыстары дәл бұндай нашарларды көрген емен…

«Қаламен, Сырдариямен, оның маңындағы ауылдармен үс­тірт болса да таныстық-ау» деп жорамалдаған шақта, съездің ашы­латын күні де келіп қалды. Съездің мәжілістері өткізілетін зал – революцияға дейін «Перов­ский» аталған Ақмешіттегі бұ­рынғы ояздық әкімшіліктің кең ұзынша ат қорасы болған екен. Совет өкіметі орнағаннан кейін осы ат қора клубқа айналып, төр жағына сахна жасалған. Бірақ ені жалпақ қораның төбесін тіреген ішкі ашалары алынбаған. Біз кел­генде осы «клубтың» іші-сыр­ты Қазақстанның бесінші со­веттер съезіне арналған плакат­тармен, ұран­дармен, жалаулар­мен, ту­лар­­мен қып-қызыл ала болып бе­­зен­ген. Ол кездегі Ақмешітте елу кило­ваттық қана қуаты бар электр станциясы қызмет атқа­рады екен. Оның әлсіз, көмескі жары­­ғы­ның мол үлесі съезд күн­дерін­де «клубқа» беріліп, бұ­­ған дейін түн­де шамы сығы­рая­­тын көше­лердің көбі қазір қап-қараңғы.

…Бесінші съезд өтті. Мен, әри­не, бұл жолы КирЦИК-тің мү­­ше­лігіне сайланған жоқпын. Оның бұрынғы председателі Сейт­­қали Меңдешев түсіп, орнына Жалау Мыңбаев болды; сек­­ре­­тарь­лығына Аралбаев сайланды. Оқу комиссары Смағұл Са­­дуақасов, Жер-су комиссары Садуақасовтың сенімді серігінің біреуі Жағыпар Сұлтанбеков, Іш­­кі істер министрі Сүлеймен Ес­­қараев. Сұлтанбек Қожанов бұ­рын­ғы қызметінде – Қазақстан Өл­­­ке­лік партия комитетінің ұйым­­­­дас­тыру бөлімінің меңге­ру­­шісі. Нығмет Нұрмақов Халық Ко­мис­сарлар советінің предсе­да­те­ль­дік қызметінде қалып қой­ды. Жұрттың айтуынша (расы да солай), Қазақстанды ендігі би­леуші екі адам ғана: Сұлтан­бек Қо­жанов, Смағұл Садуа­қасов. Бұл екеуі де – Өлкелік партия ко­ми­те­тінің бю­ро мүшесі. Бесінші съез­дің қаулы­сымен Ақмешіт «Қы­зыл­орда» атал­ды да, Қазақ­станның астанасы болды.

(Соңы. Басы өткен санда)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<