Құрылтай

Өсім – өнімді еңбек өлшемі

4

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазалы ауданында халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс көп. Айталық, газдандырудан бөлек, жол инфрақұрылымы, әлеуметтік ғимараттар мен тұрғын үй салу, электр желілерін жаңарту және ауызсу құбырын жүргізуде де жүйелі іс бар. Ел ішіндегі бұдан өзге жаңалықтарды аудан әкімі Алмасбек Есмаханов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтып берді.

Жыл басынан бері бюджет көлемі 14,2 млрд теңгеге нақтыланған. Кіріс жоспары 4,3 млрд теңгеге жоспарланып отыр.

– Өңірге көрсетілген қолдаудың нәтижесінде ауданда да кәсіпкерлік саласы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысатын 4935 кәсіпкер тіркелген. Жыл басынан бері жаңа 9 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беретін қаржылық ұйымдар тарапынан жыл басынан бері барлығы 188 жобаға 1,6 млрд теңге берілді. Ауданда 1 млрд 95 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде ерекше атап өтетін «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы. Былтыр Басықара ауылынан «Арал рыбторг» ЖШС 650 млн теңгеге көлемі 464 гектар жерді құрайтын балық тоғанын бастаған болатын. Алдағы күзде 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіру көзделуде, – деді А.Есмаханов.

Қазалыда құрылыс пен инфрақұрылым саласында оң өзгеріс жетерлік. Әлеуметтік ғимараттар тұрғызу, жол салу, газ тарту мәселесі тұрақты жолға қойылған. Сондай-ақ биыл ауданда 200 пәтерлік тұрғын үй құрылысы да басталады.

– Газдандандыру жұмысы тоқтамайды. Былтыр Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу құбырларының құрылысы жүргізіліп, жұмыс көлемі толық аяқталды. Жоба құны – 3 млрд 733,5 млн теңге. Ал биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Қазан айында осы ауылдарды «көгілдір отынға» қосамыз. Айта кетейін, бүгінге дейін аудан халқын газбен қамту көрсеткіші 77,6 пайызды құраса, аталған ауылдар толық газ отынына қосылғаннан кейін көрсеткіш 86,3 пайызға жетеді, – деді аудан басшысы.

Алмасбек Есмаханов ұзақ уақыт бойы мәселе болып келген «Қарлаң» темір-бетонды көпірінің құрылысын да айтып өтті. Оның сөзінше, бұған дейін дария үстіне салынған қалқымалы көпір аудан орталығына қатынаған 12 мыңға жуық халықтың мұқтажы болғанын жасырмады.

– 2022 жылы «Қарлаң» учаскесінен темір-бетонды көпір құрылысы басталған болатын. Алайда мердігер «СтандартОйлКзо» ЖШС жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы тоқтап қалды. Мұны аяқтауға қайта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз «НұрлыТау ЛТД» ЖШС анықталды. Былтыр сәуірде құрылыс қайта жанданды. Қазір көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетон тіреулерін құю жұмыстары атқарылуда. «Қарлаң» көпірінің құрылысы тезірек аяқталса, Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекендеріне баратын жол қатынасы жақсара түспек, – деді ол.

Қазалыдағы әлеуметтік нысандарды жаңарту, жөндеу жұмыстары да сөз болды. Жақында аудан көлемінде екі жаңа спорт кешені ел игілігіне берілетін болса, 6 мектепке күрделі жөндеу жүрмек. Сондай-ақ қайта жаңартылған теміржол вокзалы да халыққа тұрақты қызмет етуде.

– Қазалы ауданындағы 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, жақында ғана аймақ басшысының қатысуымен халыққа пайдалануға берілді. Тарихи ғимаратты жаңғырту жұмысына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1 млрд 290 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, теміржол вокзалының аумағына 91 млн теңгеге абаттандыру жүргізілді, – деді брифингте аудан әкімі.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»