Құрылыс саласында Қызылорданың аты озып тұр. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы, облыс басшылығының үйлесімді әрекеті оң нәтижеге әкелді. Осы жылдың 6 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 131,3 пайызды құраған. Осылайша облыс еліміз бойынша алдыңғы орындарға көтерілді.
– Өңірде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 355 мың шаршы метрге жетіп, көрсеткіш 101,3 пайызға орындалды. Жалпы жыл соңына дейін қаржыландырудың барлық көзі есебінен 950 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда тұр. Нәтижесінде сол жағалауда 252 пәтерлі жеті қабатты 3 кредиттік тұрғын үй және облыс көлемінде тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтар үшін 6010 пәтер сатып алу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешеді. Сондай-ақ жаңа тұрғын үй аумақтарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 38 жоба жүзеге аспақ, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев.
Атап өтерлігі, қаланың сол жағалауында онкологиялық бөлімшесімен бірге аурухана құрылысы қарқынды жүруде. Онда бір ауысымда 100 келушіні қабылдайтын емхана бар, емдеу орны 300 адамға арналған. Бұл нысан осы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек.
– Қазір «Қызылорда арена» құрылысына да ерекше мән беріп отырмыз. Ірі әлеуметтік маңызды ғимаратта жабық олимпиадалық бассейн, 2000 орындық әмбебап зал, түрлі спорт үйірмелер қамтылады. Онда әлемдік сайыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Спорт кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ 500 келушіге арналған емхана, 200 орынға арналған перинаталдық орталық және Титов мөлтек ауданында 400 келушіге арналған емхана құрылыстары жүруде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда қаласында драма театр құрылысы мен тәулік бойы жұмыс жасайтын 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Президенттік кітапхана іргетасы қаланды.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





