Қызылорда облысында биыл балалардың суға кетуі алаңдатып отыр

266

0

Фото: Pexels

Қызылорда облысында биыл су айдындарында әртүрлі жағдайлар мен оқыс оқиғалар салдарынан 21 адам көз жұмды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, былтырғы жылмен салыстырғанда адамдардың суға кету жағдайы біршама төмендеген. Десе де ата-аналар тарапынан бақылаусыз қалуы салдарынан балалардың суға кетуі алаңдатып отыр.

«Өткен жылдың сегіз айында облыста 29 адам суға кетіп қаза болған еді. Оның ішінде 8-і бала. Былтырғы жылмен салыстырғанда жалпы адам қазасы 27% төмендеп тұр. Дегенмен биыл 11 баланың суға кетуі алаңдатады. Адамдардың суға кетуіне байланысты Шиелі ауданы бірінші орында тұр. Онда биыл алты адам су айдындарында қаза тапты. Жергілікті тұрғындардың қауіпсіздік ережесін өрескел бұзуы салдарынан осындай оқыс жағдайға душар болады. Олар өзен немесе каналдардың кез-келген әрі зерттелмеген жеріне суға түседі. Оған қоса спирттік ішімдік ішіп суға түсетіндер кездеседі. Сондай-ақ, балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда», — деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<