Шілде айы еліміз үшін бірқатар маңызды өзгерістердің басталуымен ерекшеленді. Мемлекеттік басқару жүйесінен бастап қаржы, құрылыс, цифрландыру және сауда салаларына дейінгі жаңашылдықтар азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етпек. Бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейтуге және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған.
Ең ауқымды өзгерістердің бірі – 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның толық күшіне енуі. Мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа институттар іске қосылып, заң шығару және атқарушы билік құрылымында өзгерістер жүзеге асырылады. Азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтіліп, құқық органдарының жауапкершілігі артады.
Қаржы саласында да маңызды жаңалықтар бар. 19 шілдеден бастап бірыңғай QR-төлем жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы ортақ QR-кодпен төлем жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін төлем жасау үдерісі жеңілдеп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысу одан әрі дамиды.
Шетелдік маркетплейстер арқылы тауар сатып алу ережелері де өзгереді. Кедендік рәсімдеу мен электронды саудаға қатысты жаңа талаптар енгізіліп, интернет арқылы сатып алынатын тауарлардың қозғалысы тиімдірек бақылауға алынады. Сонымен бірге банк қызметтеріне қойылатын талаптар күшейтіліп, клиенттердің қаржылық қауіпсіздігін арттыруға басымдық беріледі.
Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгізіліп, саланы реттеу талаптары жаңарды. Сапаны бақылау, қауіпсіздік талаптары мен жауапкершілік мәселелері нақтырақ айқындалды. Бұл тұрғын үй құрылысының сапасын арттыруға және саланың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар сейсмотұрақтылыққа міндетті сынақтар енгізілді, eGov-та жоқ құрылыс компанияларының реестрі пайда болады және инженерлердің жеке жауапкершілігі бекітілді. Тұрғын үйлердің минималды кепілдік мерзімі 5 жылға дейін, ал іргетасы мен жүк көтергіш конструкцияларына 10 жылға дейін ұзартылды. Нысаналы құрылыс шектеліп, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын 2 жылда бір реттен жиі өзгертуге тыйым салынды.
Абаттандыру ережелерінде де өзгеріс бар. Үй иелері мен жалға алушылар ғимараттан, қоршаудан немесе сауда нысанынан сыртқа қарай 5 метр аумақты өз қаражаты есебінен тазалап, тәртіпте ұстауға міндетті. Тексерісті жергілікті органдар жүргізеді, әсіресе жеке сектордағы үйлер мен қоршаулардың сыртқы келбеті бақыланады. Ережені бұзғандарға алдымен ескерту беріледі, ал талап орындалмаса 20 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Тротуарларға, балалар мен спорт алаңдарына, жасыл желекпен газондарға, қоқыс контейнерлері алаңына және арнайы тұраққа арналмаған орындарға көлік қоюға тыйым салынады. Айыппұл көлемі максималды 1,2 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қар жауа бастағаннан кейін жолдарды тазалау бірден басталуы керек және қар тоқтаған соң 48 сағат ішінде толық аяқталуы тиіс. Шатырлар мен қалқалар айына кемінде 1 рет қар мен мұздан тазаланады. Көшелердегі жұмыс істемейтін шамдар саны 10 пайыздан аспауы керек және олар қатар орналаспауы тиіс.
Жалпы алғанда, шілде айынан басталатын өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік басқаруды жетілдіру, цифрлық экономиканы дамыту және азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Әрбір қазақстандық жаңа талаптармен алдын ала танысып, өз құқықтары мен міндеттерін білуі маңызды. Өйткені заңнамалық өзгерістердің тиімділігі оларды қоғамның дұрыс қабылдап, күнделікті өмірде сауатты қолдануына тікелей байланысты.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
«Сыр бойы»






