Ынта

1295

0

Дәмханадағы үстелде бір жігіт отыр. Оның бойында ұлы спортшы өліп кетті, амал жоқ, араққа салынып кеткен соң қойманың қарауылы боп қалды. Жігіт қызбен сөйлесіп отыр. Ол қыздың бойында ғажап артис өліп кетті. Артистік оқуға тек таныспен түседі деген соң, ол есепші болып кетті.

Кассада отырған әйелдің бойында атақты балерина өліп кетті. Себебі, мұндай денемен балетке алмайды. Сосын, қымбаттым, кем дегенде он жыл бұрын бару керек еді.

Жайпақ табағын көтеріп даяшы өтті. Оның бойында ұлы жазушы өліп кеткен. Қолжазбасын ешкім басқысы келмеді. Себебі, мұндай жазушысымақтар онсыз да толып жатыр. Қазір екінің бірі жазғыш боп алған.

Көшеде бала жетектеген ана өтіп бара жатты. Баланың бойында ұлы музыкант өліп бара жатты. Себебі, ата-анасы оны қаржылай білімін көтеретін лицейге берді. Баланың қабілетін өлтіріп алмаңдар деген музыкадан сабақ беретін мұғалиманы ешкім тыңдамады да. Анасының бойында танымал суретші өліп кеткен. Себебі, тым ерте күйеуге шықты. Бала туған соң, өзін отбасына арнады.

Бұл кеңістікті мәдениеттің, ғылымның, өнердің ғаламат қайраткерлерінің елесі кезіп жүр. Қоғамның ұлы мүшелері дерсің, ал өмірде жай ғана ішпыстыратын ажалды пенделер.

Олардың бәрін жоғарыдан біреу бақылап тұр. Бәрін құтқаруға түк ынтасы қалмаған біреу. Неге біреулер өзін-өзі құтқаруға қабілетті болатынын, ал кейбіреуді қанша құтқарсаң да, өліп қала беретінін түсіне алмай дал. Осыны ойлап, теледидардың жүз арнасын ауыстырғандай немқұрайлы түрмен әрбіріне кезек-кезек көзінің астымен сүлесоқ қарап тұра берді…

Автор: Мари Гарде

Аударған Шынар Әбілда

Ақпарат көздерінен

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<