Жұмаділдаева Наталья Васильевна – бүкіл саналы ғұмырын бала тәрбиесіне, ел болашағының тірегі – білім саласына арнаған, ерекше жаны жайдары, жүрегі жұмсақ, жанары мейірімге толы, парасатты жан еді. Оның әрбір қадамы – ел болашағына арналған адал еңбек пен қызмет болатын.
Еңбек жолын Қызылорда қаласында бастауыш сынып мұғалімінен бастаған мейірімді жан өзінің кәсіби қызметінде әрбір баланың жүрегіне жылулық ұялата білді. Еңбекқорлық пен адалдықтың, парасат пен пайымның жарқын үлгісі болған әріптесіміз – мектеп директоры, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары ретінде іскерлігімен, әділеттілігімен көзге түсе білген мәртебелі маман.
Қоғамдық қызметте де белсенділік танытқан Наталья Васильевна Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты ретінде білім саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етті.
Біздер, Министрліктегі әріптестері, Наталья Васильевнаны 2018-2019 жылдары «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын әзірлеу барысында жақыннан таныдық. Ол кісі үлкен тұлға ретінде, осы Заңның әрбір нормасының қабылдануы еліміздегі жарты миллионнан астам педагогтердің мәртебесін көтеруге оң әсерін тигізетіндігін жан-жүрегімен түсініп, шын көңілімен жанашырлық танытып, қолдау көрсетті.
2022 жылы қараша айынан Министрліктің Мектепке дейінгі білім беру департаментін басқарып, еліміздегі мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың ең нәзік тұстарын жетілдіруге ерекше мән берді. Құрылғанына жыл толмаған Департамент қызметінде өзекті мәселелерді көтеріп, оны шешудің стратегиялық бағыттарын айқындады. Ұжымның әрбір мүшесіне ерекше аналық сезіммен қолдау көрсете білген, мықты стратег басшы болды.
Кейінгі бір жарым жылда Оқу-ағарту Бірінші вице-министрі ретінде еліміздің білім саясатына тың серпін әкеле білді. Наталья Васильевна – өз ісінің шебері ғана емес, үлкен жүректі жан болатын. Ол қандай лауазымға жетсе де өзінің қарапайымдылығын сақтап қалды. Қандай жағдайда болмасын, оның жылы жүзі, мейірімі мен кішіпейілдігі өзгелерді өзіне баурап алатын. Балалардың сапалы білім алуына, мұғалімдердің мәртебесін арттыруға, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге аянбай тер төккен нағыз реформатор еді. Әр сөзі мен ісінен білім саласына деген шексіз сүйіспеншілік байқалып тұратын.
60 жасын тойлап үлгермеген Наталья Васильевна өзінің аз ғана ғұмырында артында көп із қалдырды, ұрпаққа үлгі, әріптестеріне сыйлы, халқына қайырымды қайраткер ретінде еліне адал қызмет етті.
Әріптестері үшін Наталья Васильевна – тек білікті маман ғана емес, қадірлі құрбы, ақылшы дос бола білді. Оның жанашырлығы мен парасаттылығы, адамгершілік қасиеттері әрдайым жоғары бағаланып отырды. Әрбір сөзі, әрбір ісі жанындағы жақындарын ынталандыратын, жаңа идеялар мен бағыттар ұсынатын. Ол кісінің кең ой-өрісі әріптестері үшін мүмкіндіктер есігін ашты. Жастарға әрқашан қолдау білдіріп, шынайы көмек көрсетті, жастар оған тек ұстаз емес, жақсы кеңесші, өзіне сенім артатын тұлға ретінде қарады.
Оған қарап, көп жас өз жолын тапты, өмірде өз орнын айқындады.
Еліміздің білім беру саласы білікті басшы, майталман маманнан айырылып қалғаны жанымызға батады. Ол осы өмірде өзінің жақсы істерімен, өнегелі өмірімен, адал еңбегімен құрметке бөленді. Бірақ бастысы – оның жүрегі мен жаны адамдарға жақын, жылы болды. Ол ешқашан басқаға қарағанда өзінен артықшылық іздемеді, керісінше, әркімнің жүрегіне жол тауып, әрқайсысын түсінуге тырысты.
Наталья Васильевна елдің білім саласына шын жанашырлықпен үлес қосты. Оның еңбегін қоғам мен әріптестері жоғары бағалап, ел үшін жасаған қызметі мәңгі ұмытылмайды.
Манара АДАМОВА,
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің
мектепке дейінгі департамент
директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<