Жетекші саланың жүгі ауыр

306

0

Қызылорда облысы құрылған алғашқы жылдан дария бойындағы дүйім елдің негізгі тыныс-тіршілігі аграрлық саламен тікелей байланысты. Сырбаз Сырдарияның мың шақырымнан астам бөлігі өңірдегі жер несібесін емген диқан үшін мол ырзық, берекелі ісіне байлық қосты. Қашан да қарекетсіз құрқол отырмайтын жергілікті жұртшылық төрт түліктің бабын жасап, атакәсіптің одан әрі өркендей түсуіне еңбегін аямады. Осылайша Сыр халқы толағай табысқа кенеліп келеді,  күріштен ырыс, малдан молшылық тапты.

Суармалы егіншіліктің сыры

Тарихи деректерге көз салсақ, дария бойындағы халық ерте кезден-ақ егіншілікке бет бұрып, төрт түліктің бабын жасай білген деген мәліметтер бар. Ал күріш шаруашылығына негізінен өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап ден қойғаны айтылады. Екінші дүниежүзілік соғыс аймақтың ауыл шаруашылығы саласына да елеулі зиянын тигізді. Еңбекке жарамды азаматтар түгелдей майдан даласына аттанды. Соның салдарынан тракторшы, комбайншы, механизатор, егіншілер қатары сиреп қалды. Жұмыс қолының жетіспеуі салдарынан еңбек өнімділігін арттыру, жұмыс уақытын ұзарту, норманы артығымен орындау секілді міндеттерді алға қойды. Өндіріске әйелдерді, жасөспірімдерді, қарттарды тарту арқылы еңбек ырғағы тоқтаған жоқ. Оған бұрынғы мамандар тартылды. Тіпті жұмыс қолы үшін қысқа мерзімді курстар ашылды. Соғыс басталған күннен әйелдер арасынан 761 механизатор дайындалды. Ал су шаруашылығына 301 әйел маман қосылды. 

Бұл аймақта суармалы егіншіліктің сыры осылай болды. Ұзақ жылдар бойы аймақтың ауыл шаруашылығы саласында маңызды мәнге ие болған Қызылорда плотинасының құрылысы 1940 жылы бастау алған еді. Соғыс жылдарындағы дүрбелең салдарынан ол біршама уақыт тоқтап қалды. Кейіннен жаңадан «Қызылордаплотина» құрылыс басқармасы құрылып, бір айдан астам уақыт ұйымдастыру және дайындық жұмыстары жүргізілді. 1947 жылдың 29 тамызында осы бағытта облыстық атқару комитетінің арнайы шешімі қабылданды. Одақтық маңызы бар «Қызылордаплотина» жобасын инженер Г.Прозоров қолға алды. Өңір басшылары жаңа су торабын іске қосу үшін көп жұмыс атқарды. Сол кезеңде өңірде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдай ауыр күйде болатын. Су плотинасының іске қосылмауы салдарынан 1951 жылы егілген егін көлемінің 20 пайызы зая кетті. Бұл жағдай 1952-1953 жылдары да қайталанды. Соның салдарынан облыстағы егін көлемі 1941 жылмен салыстырғанда 16 мың гектарға кеміп, бау-бақша, көкөніс өнімдері де күрт төмендеді. Сол кезеңде облыс басшылығы тарапынан қолға алынған жұмыстар нәтижесінде плотинаның құрылысына тиісті қаржы бөлінді. 1956 жылы Қызылорда плотинасы, сол арқылы ұзындығы 200 шақырымнан астам сол жаға бас жармасының алғашқы кезеңі пайдалануға берілді. Бұл Жалағаш, Қармақшы, Сырдария, Тереңөзек аудандарында магистральді каналдар арқылы су беруге мүмкіндік туғызды. 1956 жылы ол біршама ұлғайды.

Осының нәтижесінде тұңғыш рет 133,9 мың тонна астық қамбаға құйылды. Ол мемлекетке астық тапсыру ісін 142 пайызға арттырды. Бұл жеңіс бірқатар аудан мен шаруашылыққа республиканың ауыспалы «Қызыл туы» тапсырылуына түрткі болды. Сонымен қатар 700-ден астам еңбеккер марапатталды. 1948-1949 жылдар облыстың 33 диқаны «Социалистік Еңбек Ері» атағын  иеленді.

Облыс еңбеккерлері Ресейдің Краснодар өлкесі күрішшілерінің тәжірибесін зерттеуге ден қойды. Сондай-ақ, Қытай, Вьетнам, Оңтүстік Корея елдеріндегі дәстүрлі күріш егу жұмысын назарда ұстады.

Жақаевтың жаһандық рекорды

1947 жылы қызылордалық күріш өсіруші Ыбырай Жақаев әлем жұртшылығын өзі алған рекордтық өніммен таңғалдырды. Қара жұмыстың қазанында қайнаған қарапайым еңбек адамы әрбір гектардан 171 центнер өнім алды. Оның есімі осылайша әлемдік тарихқа енді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы күріш өсірумен айналысқан оған екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.

1964 жылы 5 наурызда дала академигі  баспасөз арқылы «Жас ұрпаққа сәлем хат» жолдады. Сөйтіп Жақаевшылар қозғалысының өркен жаюына жол ашты. Алғашында құрамында 200-ден астам мүше болса,  сексенінші жылдары олардың саны мыңнан асты. Сол екпінді еңбек жолында Аманкелді Ахметов, Арапбек Әбиев, Сәлима Жұмабекова, Балдырған Мұстапаева, Ұлбала Алтайбаева, Закира Ержанова, Шырынкүл Қазанбаева «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды. Олардың алды әрбір гектардан орташа есеппен 100 центнерден Сыр салысын жинады.

Мелиорация ісі маңызды

 Облыс ауыл шаруашылығын, оның ішінде егін шаруашылығын одан әрі дамытуда 1966 жылы Кеңес Одағы көлемінде жерді мелиорациялау туралы ауқымды жұмыстың қолға алынуы үлкен әсерін тигізді. Мемлекет облыстың суландыру ісіне 1966-1970 жылдары қомақты қаржы бөліп, ол 46,1 мың гектар жердің инженерлік жүйеге келтірілуіне жағдай жасады. Сол арқылы 2,2 мың гектар алқап қайта өңделіп, 1970 жылы облыстағы күріш егістігінің жалпы аумағы 62,3 мың гектарға жетті. Нәтижесінде аймақта 14 күріш, 10 мал шаруашылығы құрылды. Жоғары өнім үшін күреске жекелеген күрішшілер ғана емес, тұтас еңбек ұжымдары, бригадалар мен шаруашылықтар қосылды. Атап айтқанда, Тереңөзек ауданының «Шіркейлі», «Тереңөзек», «Ильич», Жалағаш ауданының «Мәдениет», Қармақшы ауданының «III Интернационал», «Энгельс», Қазалы ауданының «ХХ партсъезд», Сырдарияның «МИС», Шиелінің «Гигант», «Төңкеріс» секілді шаруашылықтары жоғары көрсеткіштермен танылды.

Алға қойған мақсатты қысқа мерзімде орындау үшін одақтық деңгейде «Главриссовхозстрой» тресі құрылды. Жергілікті еңбеккерлердің қарқынды жұмысының нәтижесінде облыс күріш өндіруден Кеңес одағында екінші орынға көтерілді.

Жергілікті ғалымдар жетістігі

Аймақтағы аграрлық саланың дамуына ғылыми тұрғыда назар аударудың маңызы зор болатын. Елімізде күріш шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында 1937 жылы ашылған ауыл шаруашылығының тәжірибе станциясы базасында 1972 жылы қыркүйек айында республикалық күріш-ғылыми зерттеу институты тұсауын кесті. 1991 жылы бұл институт Қазақ ауылшаруашылық ғылымдары академиясының құзырындағы Қызылорда ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. 1995 жылы Арал өңірі агроэкология және ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты деп аталды. Институтта күріш селекциясы, тұқым шаруашылығы, егіншілік, көкөніс шаруашылығы және бақша өсіру, топырақ құнарлығы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын экология-экономикалық сараптау және патенттеу, мал шаруашылығы, ғылымды өндірістік және техникалық қамтамасыз ету бөлімдері мен консалтинг орталығы бар. Еліміз бойынша күріш сорттарының теориялық үлгілері жасалды. Соның нәтижесінде күріштің «Маржан», «Дәмелі», «Сыр сұлуы» сорттары шығарылды.

Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты Қызылорда филиалының негізінде 1990 жылы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып дербес шаңырақ көтерді. Арада екі жылдай өткенде институтқа екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың есімі берілді.

1977 жылы Орталық комитеттің Қызылорда облысына қатысты қаулысына сәйкес облысқа мемлекеттік жоспарлау комитеті мен бірнеше одақтық министрлік өкілдері келді. Нәтижесінде күріш машиналарын жасайтын зауыттың негізі қаланды.

Төрт түлікті түлеткен

1939 жылы Кеңес одағында «Колхоздарда қоғамдық мал шаруашылығын дамыту шаралары туралы» қаулы қабылданды. Осыған орай облыста жаңа мал фермасы ұйымдастырылды. Мұндай фермалар 1938 жылғы 250 құрылымнан 1939 жылы 785-ке жетті. Екі жыл ішінде қоғамдық мал басы 44 мыңнан 138 мыңға көбейді.

Қызылорда облысы – қой шаруашылығы саласында тек қана қаракөл қойын өсірумен айналысатын республиканың негізгі аймақтарының бірі. 1990 жылдардың басында қаракөл қойын өсірумен айналысатын 30 кеңшарда 1,2-2,3 млн қаракөл қойы болды. Бұл республика бойынша 22,3 пайызды құрайтын. Қазіргі кезде қаракөл қойының саны 70 пайызға дейін кеміп кеткен.

Облыстың ауыл шаруашылығының бейнесі танымастай өзгерді. Егінмен қатар мал шаруашылығы іргелі, басты кәсіп болып келді. Колхоздар мен совхоздар жоғары механикаландырылған шаруашылықтарға айналды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдаудың арқасында мал басының өсуі тұрақтанып, мал шаруашылығы бүгінде даму жағдайында. Қазір облыста ірі қара, жылқы және түйенің саны 1993 жылғы деңгейден асып түсті, қойдың саны да жақсы қарқынмен өсу үстінде.

Сондай-ақ, жыл сайын асылтұқымды мал сатып алуға, асылдандыруға, ет-сүт өніміне мемлекет тарапынан 4-5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінуде. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, ақпараттық жүйеге енгізіліп отыр.

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың 1 қазанына дейін ақпараттық жүйеде 1656,6 мың төрт түлік есепке алынған. Олардың ішінде 444,3 мың сиыр, 914,6 мың  уақ мал, 232,3 мың жылқы, 64,3 мың түйе, 1,1 мың шошқа есепте тұр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы мал саны 5%-ға өсті. Атап айтқанда, сиыр 6,9, уақ мал 2,9, жылқы 10,4, түйе 3,6, шошқа 16 пайызға көбейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне биылғы жылға берілген тапсырысқа сәйкес 463,8 мың (132 мың сиыр, 318,2 мың уақ мал, 13,6 мың түйе) құлақ жапсырмасы облысқа жеткізілді.

Қазіргі күні облыс көлемінде аса қауіпті аурулар тіркелмей эпизоотиялық жағдай тұрақты сақталуда. Жергілікті жерде аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыстары жылда тұрақты, сапалы, уақытылы жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде 2017 жылы Франция астанасы Париж қаласында өткен Халықаралық эпизоотиялық бюросының Бас Ассамблеясында облысымызға аусыл бойынша таза аймақ мәртебесі берілді. Бұл құжатты Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы биылғы наурыз айында қайта растады.

Айта кету керек, облыста жүзеге асырылған «Сыбаға» бағдарламасы жоғары деңгейде жүргізілді. Бағдарлама өз кезегінде шаруаларға шетелден ірі қара және қой сатып алуға өз септігін тигізді.

Жаңашыл жобалар жаңғырығы

Ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдаудың арқасында кейінгі жылдары дамудың оң серпіні қалыптасты. Бүгінгі таңда облыста барлығы 265,3 мың гектар суармалы жер бар. Оның ішіндегі 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктер. Жыл сайын облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 450 мың тоннаға жуық күріш жинап, табыстан тау тұрғызып келеді.

Ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының жалпы көлемі де артқан. Бұл көрсеткіш кейінгі 5 жылда 2 есеге өсті. Экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізбесі 23 елге дейін ұлғайса, экспортталатын өнім түрлерінің тізбесі 2004 жылғы 4-тен 21-ге көбейді.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Қызылорда қаласы мен барлық ауданда 1433 гектар қосымша жер дайындалды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, 5542 отбасыға 3282 гектар егістік жер берілді.

Өңірдің азық-түлік мәселесін шешу мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2023-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Бұл бағытта алдағы жылдары 48,3 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны іске асыру жоспарлануда.

Сонымен қатар, өңірде жобалық құны 13,5 млрд теңгені құрайтын жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын дайындайтын зауыт салу қолға алынды. Қазіргі таңда жобаға 30 гектар жер телімі беріліп, тәжірибеден өткізу үшін 10 гектар жерге тамшылатып суару арқылы қызанақ дақылы егілді. Қызанақ егістігіне Сырдария өзенінен 2 шақырым жерден су құбырымен насос қондырғылары қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, облыс тұрғындарын сапалы құс шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, сырттан тасымалданатын құс өнімдерінің импортын азайту, өзімізде ет өнімін өндіру мақсатында бірқатар жоба іске асырылуда.

Ет бағытындағы құс шаруашылығын дамыту үшін  «Қармақшы құс» шаруашылығы қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылыс жұмысын аяқтады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<