Демеу болған «Демеу»

1055

0

Қармақшыда болған едік. Аудан орталығы – Жосалы кентінде көрген жылы көрініс жадымызда жатталыпты. Осындағы жастар мектеп жасындағы балаларды қуантып жүр. Биыл Мемлекет басшысы жариялағандай «Балалар жылы» екенін ұмытпадық. Сапар барысында куә болған шараның аты да осыған байланысты. «Қуантсаң, баланы қуант». Акцияның аты айтқандай, мұнда ұйымдастырушылар да, балалар да бек қуанышты.

Аудандағы «Демеу» еріктілер тобы, «Зекет» қоры және аудандық жастар ресурстық орталығының қыз-жігіттері бірлесіп, осы акцияны қолға алдық, – дейді «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Мерекова.

– Басты мақсатымыз – «Балалар жылында» балаларға қуаныш сыйлау. Өзіңіз көргендей, кенттегі №121 және №27 орта мектебінде оқитын 30 балаға киім, ыстық пицца, тәтті шырын таратылды. Өкінішке қарай, бұлар асыраушысынан айырылған. Ата-ана орнын толтыра алмасақ та, сәл болса да осы қоғамнан жылулық сезінсе деп едік…

Осылай ағынан жарылған Әсем мәз болған балаларға риза кейіппен қарайды. Айтпақшы, кішкентайларға бар жақсылығын аямай, демеушілік жасаған аудан кәсіпкері Нағима Тоқсанбаева екен. Еріктілер оған ризашылығын қайта-қайта айтуда.

– «Демеу» деп қалдыңыз әлгінде, – дедік біз Әсемді сөзге тартып.

– Иә, «Демеу» еріктілер тобы ғой. Біз бұны 2020 жылы жастар ресурстық орталығы жанынан құрдық. Ол кезде небәрі 6 волонтер едік, қазір 50-ге жетіппіз. Еріктілер жасағын құруға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол жылды «Волонтер жылы» деп жариялауы себеп болды. Пандемия басталып, қарбалас болған шақтағы еріктілердің еңбегі ерен. Мысалы, мен өзім медбикемін. Сол уақытта үй-үйді аралап, тегін дәрі ектім. Сондай-ақ арнайы қор ашып, халық пен кәсіпкерлердің қолдауымен 4 млн теңге жиналды. Бұған 7 оксигинератор аппараты, оттегі баллондары, бетперде, қолғап алынды.

– Әлеуметтік желіде жұмыстарыңызбен таныспын, – дедім мен де Әсемді қоштап. – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, аудан тұрғындарына деген еріктілердің көмегі жалғыз бұл емес шығар.

– Әрине, «Демеу» тобы құрылғаннан бері кәсіпкерлердің көмегімен көп отбасыға жәрдем берді. Мысалы, 120-дан астам отбасыға азық-түлік, ота жасалуы тиіс бүлдіршінге ақшалай көмек берілді. 38 жалғызбасты қарттың жағдайына қарап, ыстық тамақ жеткізіп, үй-жайының тазалығына да біздің қыз-жігіттер атсалысып келеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мереке сайын қуаныш сыйлап, сыйлық таратамыз, – деді еріктілер тобының жетекшісі.

Құрылғанына небәрі екі-ақ жыл болған қармақшылық «Демеу» еріктілер тобының көп жақсылығын санамалап қайтеміз? Бұған Әсемнің өзі де қарсы болды. «Көмек көрсету өзімізге де қуаныш сыйлайды» деген ол әр бастамасына қолдау білдіретін волонтер серіктеріне алғысы шексіз.

Ең бастысы, екі жылдан бері «Қарекет» және «Зекет» қоры арқылы 14 отбасыға баспана сыйлаған аудан еріктілері «Күлкі сыйла», «Мейірімділік баршаңызға», «Жақсылық жасап жарысайық», «Қуаныш сыйла» акцияларын жиі өткізіп келеді. Көше тазалықшыларына ыстық шай мен тәтті тоқаш ұдайы ұйымдастырылады. «Мектепке жол» акциясына да белсене қатысады. Кәсіпкерлердің көмегімен мұқтаж отбасылардың үйін жөндеуге қаржы беріп, қыс айында көлікпен де, қаптап та көмір түсіртіпті. Айтып келмейтін апаттың бірі – өрттен зардап шеккендерге де ел-жұрт арқасында көмек көрсетілген.

– Жақында ғана Ақай ауылында көпбалалы отбасының үйінде өрт болды. Лезде «Демеу» еріктілер тобы қор ашып, жиналған 180 мың теңгені отбасына табыстадық. Тағы бір айта кететін нәрсе, Қаңтар оқиғасы кезінде аудандық полиция қызметкерлері күні-түні ел тыныштығын сақтау үшін күзетте яғни, блок-бекеттерде тұрды. Сол кезде аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен орталық жастары мен аудан еріктілері, «Бәйтерек» газетінің бас редакторы Нұрбай Жанәділов ағамызбен бірігіп, «Диана» асханасының егесі, кәсіпкер Мейрамгүл Тілеумұратованың қолдауымен ыстық тамақ ұйымдастырдық. Жалпы біз қандай көмек сұрасақ та аянбайтын демеуші аға-апайларымыз ауданда жетерлік. Кәсіпкерлерден бөлек, жұмысымызға қолдау көрсетіп отырған барша Қармақшы халқына айтар алғысымыз шексіз, – дейді «Демеу» еріктілер тобының жетекшісі Әсем Мерекова.

Айтпақшы, Әсем медбике болуымен қатар, кәсіпкерлікке де ынталы. Былтыр ғана «Қармақшы-Демеу Трейвл» турагенттігін ашқан ол облыс тұрғындарын Қазақстанның көрікті жерлеріне саяхатқа алып шығып жүр. Сол арқылы адамдар қайырымдылыққа өз үлестерін қоса алады екен. Әсемнің айтуынша, халықтан не кәсіпкерлерден сұрай бермей, осы саяхаттан түскен қаражаттың 10 проценті көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыға және ерекше балаларға жұмсалады. Сондай-ақ биыл «Балалар жылына» орай аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар тегін саяхаттамақ.

– Жаңа жылдан бастап «Демеу» еріктілері «Сұлу бол» жобасын бастады. Мақсат – көпбалалы, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған, сондай-ақ жалғызбасты аналарымызға кішкене болса да күлкі, қуаныш сыйлау. Бұл жобаға тегін тіс салдыру, киім сыйлау, түскі асқа шақыру, әтір сыйлап, шаш және бет күтімін жасау, тегін саяхатқа апару сияқты қайырымды жұмыстар кіреді. Ал анасы жоқ балаларға көп көңіл бөлу, ыстық тамақ пен киіммен қамтамасыз ету, білімге, еңбекке баулу, ойын алаңдарына апару сияқты жұмыстар жыл бойы тоқтамайды, – дейді Әсем.

Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың ескі заманнан келе жатқан қағидасы. Осы қайырымдылық қағидасын үзбеген қармақшылық еріктілер мұқтажға қол ұшын созуды борышым деп келеді. Жақыны болмаса да жанашырлыққа асыққан жастардың бұл ісі былайғы жұртқа үлгі емес пе?

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<