Жуырда екі күнге Аралға барып, халықтың тыныс-тіршілігіне, ауданның даму қарқынына куә болдық. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанын ескеріп, ауыл шаруашылығына бейімделген Арал көпсалалы колледжінің жұмысымен таныстық. Оқу орнына табан тірегеннен алдымыздан колледж директоры Нұралы Әбішов күтіп алып, білім ошағының 66 жылдық тарихынан аз-кем ақпарат берді.
Колледж 1959 жылы 23 желтоқсанда ауданның «Сульфат» поселкесінде №169 селолық кәсіптік-техникалық училище болып жұмысын бастаған. 1973 жылы Арал қаласында училище филиалы ашылып, одан кейінгі жылы толығымен соған көшірілді. Оқу-тәрбие және өндіріс бағытындағы жетістіктері үшін атауы 1989 жылы экспериментальді тірек училищесі болып ауысты. Ал 1993 жылы №16 Арал жоғары кәсіптік-техникалық лицейі дәрежесін алды. 1998 жылы №2 кәсіптік-техникалық лицей, 2002 жылы №2 кәсіптік-лицей аталды. Арал көпсалалы колледжі болып өзгергелі 12 жылдан асты.
– Қазір мұнда 11 мамандық, 26 біліктілік бойынша 280-нен астам оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде көлік жөндеу слесарі, ауыл шаруашылығын мехникаландыру, тракторист-машинист, фермер, құрылысшы, тас қалаушы, сылақшы, электронды есептегіш машинасының операторы, электрик, көкөніс өсіру және тағы басқа мамандықтар бар. Бізде оқудың 60%-ы практика түрінде өтеді. Бұл жастардың теориямен шектелмей, тәжірибе шыңдауына мүмкіндік береді. 20 шақты мекеме, жеке кәсіпкер және шаруашылықпен келісім-шартымыз бар. Оның ішінде «Аралтұз», «Арал құрылысы», «Аралагропромтехника», «Қызылорда электр тарату тораптары» сияқты ірі компанияларды ерекше атап өткім келеді. IT мамандары халыққа қызмет көрсету орталықтарында тәжірибеден өтеді. Тәжірибе кезінде өзін-өзі жақсы қырынан көрсеткен балаларымызды жұмысқа алып қалады, – дейді Нұралы Әбішов.
Колледжде оқу процесі дуалды, модульдік-құзыреттілік, модульдік-кредиттік оқыту тәсілдері негізінде ұйымдастырылған. Білім алушыларға практикамен айналысу үшін Аралқұм ауылдық округінің Шеңгене базы аумағынан 2 мың гектар жер тұрақты пайдалануға берілген. Онда ірі қара және уақ мал ұстайтын қосалқы шаруашылық жұмыс істеп тұр.
Колледж өзінің дарынды әрі білімді ұл-қыздарымен мақтанады. Білім алушылар 2016 жылдан бері жұмысшы мамандығында оқитын студенттер арасындағы «World Skills» республикалық шеберлік сайысының облыстық кезеңінде бақ сынап жүр. Оның ішінде тас қалау, жеңіл автомобиль жөндеу және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу біліктіліктері бойынша жүлделі орындардан көрінді. Ал өткен жылы Дарханбек Жұманов есімді білім алушы республикалық байқауда бақ сынап, талайдың арасынан сайдың тасындай іріктеліп шықты.
– Өзім мұнда 18 жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Шәкірттеріміз білім, өнер, спорт додаларына үнемі қатысып тұрады. Бұған дейін «World Skills» сайысының аймақтық кезеңінен қайтатын. Былтыр бірінші рет Дарханбек кірпіш қалау құзыреттілігі бойынша 2023 жылы облыстық кезеңде І орынға лайық деп танылып, Астанада өтетін республикалық байқауға жолдама алған болатын. Онда төртінші орыннан көрініп, медальон иеленді. Байқауға еліміздің әр түкпірінен жастар қатысқанын ескерсек, бұл – тәуір көрсеткіш, – дейді колледждің өндірістік оқу шебері Ғафур Назаров.
Оқу орны 2020 жылы толық күрделі жөндеуден өтті. Жылу қазандығы газға қосылған. Іші-сыртына 60 бейнебақылау камерасы қойылған. Барлық мамандық бойынша оқу кабинеттері, зертханалар мен шеберханалар жабдықталған. Тәжірибе жинақтау сабақтары автомобильге техникалық қызмет көрсету орталықтарында өтеді.
– Бүгінде Арал көпсалалы колледжі – мықты материалдық-техникалық базасы, сапалы маман дайындайтын жоғары мамандандырылған оқытушылар құрамы қалыптасқан оқу орны. 30 жылға жуық өмірім осы жерде өткендіктен, осы уақыт ішіндегі барлық өзгеріс көз алдымда. Кәсіптік-техникалық білім беру саласына да жаңа технология еніп, білім беру үдерісі заманға сай түрленді. 2020 жылы колледждің 8 ғимараты мен ауласына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. «Арал құрылысы» серіктестігімен келісімге сәйкес жатақхана ашылды. Алтын ұямыздың болашақта көркейе түсіп, гүлденуіне, білім беру нарығында беделді болуына, жетістіктер жолын жалғастыруына Нұралы Әбішов бастаған ұжым әлі де үлес қоса береді деп есептеймін, – дейді колледж әдіскері Алтынай Бәйімбетова.
Колледж басшысы білім ошағын аралатып жүріп әртүрлі бағыттағы ұйымдар туралы тарқатып айтып берді.
– Оқу орнында еріктілердің «Студенттік парламент», пікірсайысшылардың «Саналы ұрпақ», «Ұшқыр ой», әскери-патриоттық «Жас сарбаз» клубтары құрылған. Студенттердің өзін-өзі басқаруына мүмкіндік беретін жастар комитеті мен студенттік парламент жұмыс істейді. Жастар комитеті аудандық «Жастар рухы» ұйымымен, жастар ресурстық орталығымен бірге жоспарға сай іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Студенттік парламент құрамында 50 адам бар 8 фракциядан тұрады. 2022 жылы ашылған тәрбие орталығында ардагерлер бөлмесі, жастар кабинеті, «Мансап орталығы» кабинеттерінің жұмысы жүйеленген, – деді ол.
Колледж жанында былтыр жылыжай салынған, ұжым жақында алғашқы жемісін жинап алыпты. Көкөніс өсіру мамандығы бойынша білім алушылар колледжде оқып жүріп-ақ жылыжай ісінің қыр-сырына қанығып үлгерді. Ал түлектердің жұмыспен қамтылу көрсеткіші – 78%. Оқу бітіріп кеткен жастар арасында кәсібін ашып, аяққа тұрғандар да аз емес.
Назерке САНИЯЗОВА.
Қызылорда-Арал-Қызылорда