Білікті хирург марапат төрінде

5

0

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлерді наградалармен марапаттады. Сыр өңірінің мақтанышы, білікті хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймахановқа II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды.

Болатбек Бимендіұлы өзінің бүкіл саналы ғұмырын медицина ғылымын дамытуға, отандық хирургияны жаңа деңгейге көтеруге және мыңдаған адамның өміріне араша болуға арнап келеді. Кәсіби шеберлігі, ғылыми ізденісі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында еліміздегі хирургия саласының дамуына зор үлес қосты. Оның жетекшілігімен күрделі медициналық технологиялар енгізіліп, жоғары білікті мамандар даярланды. Сондықтан Болатбек Баймахановты тек тәжірибелі хирург қана емес, жас дәрігерлердің тәлімгері, медицина ғылымының көрнекті өкілі әрі денсаулық сақтау саласының беделді ұйымдастырушысы ретінде де ел жақсы таниды.

Жерлесіміздің есімі бүгінде Қазақстанмен ғана шектелмей, жақын және алыс шетелдердегі медициналық ортаға да кеңінен мәлім. Оның кәсіби біліктілігі мен ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде жоғары бағаланады.

 «СБ» ақпарат