Цифрлық өндіріс – сенімді ілгерілеу

6

0

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуді атады. Бұл бағыттағы нақты нәтижелер еліміздің өңдеу өнеркәсібінде айқын көрініс тауып келеді.

Өңірдегі кірпіш, шыны, айна зауыттарының өнімдері ішкі нарықтан бөлек, көршілес елдерге де экспортталуда. Табақша шыны өндіретін Orda Glass Ltd ЖШС мен AynaGlass зауытының жұмысымен танысып,  өндіріске енгізілген жаңашылдықты көріп қайттық.

Шыны зауыты өндірістік процестерді толық цифрландыру арқылы жоғары тиімділікке қол жеткізіп отыр. Жылдық қуаттылығы 197,1 мың тонна зауыт автоматтандырылған және цифрлық басқару жүйелері кеңінен қолданылады.

Цифрлық өндіріс – сенімді ілгерілеу

Зауыттың өндіріс бөлімі басшысының көмекшісі Нұрәлі Ермағанбет мұндағы әрбір цехтың атқаратын қызметіне тоқталып, шынының сапасы жоғары екенін, құрылысқа пайдаланатынын айтты.

– Бізде тәулігіне 550 тонна дайын өнім шығады. Шыны ішкі нарықты толық қамтып отыр. Сондай-ақ көрші елдерге Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжанға тасымалданады.

Мұнда 360 жұмысшы болса, оның 160-ы жергілікті маман. Зауыт толықтай автоматтандырылған. Шыны сапасы жоғары. Құрамы 7 компоненттен тұрады. Басты шикізат – кварц құмы. Ол өзіміздің Аралдан тасымалданады. Жалпы шикізаттың бәрі де жергілікті өнім. Қалдықсыз өнім шығарады, яғни қайта өңделеді. Зауыт тоқтамайды, үздіксіз жұмыс істейміз, үш ауысым бойынша. Біз тұрған аумақ дайын өнімді қаптауға арналған. Кесілген шыныны жинау тәртібі бар. Оны робот атқарады. Қазір 4 робот жинаса, 4-уі қосымша. Егер сұраныс артып жатса, өзге роботтар да іске қосылады. Жиналған шыныны арнайы машина арқылы тасиды. Мұндағы технологияның бәрі де Италиядан әкелінген. Сондай-ақ біз облыста 15-ке жуық жеке кәсіпкермен жұмыс істейміз, – дейді Н.Ермағанбет.

Кәсіпорында өнім сапасын цифрлық бақылауға арналған ақауларды анықтау жүйесі және шыны кесуге арналған автоматтандырылған кешен жұмыс істейді. Өндірістік үдерістер толықтай басқарылатын цифрлық ортада жүзеге асырылады.

Цифрлық өндіріс – сенімді ілгерілеу

Екі жыл бұрын қуаттылығы 5 млн шаршы метр болатын энергия үнемдейтін шыны өндіру желісі іске қосылды. Бұл өнімдер заманауи технологиялардың нәтижесінде жоғары сапамен сипатталып, қыс мезгілінде жылуды сақтап, жазда күн радиациясын төмендету арқылы энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сұраныстың артуына байланысты өндіріс көлемі де тұрақты өсуде. Кейінгі үш жылда 500 мың тоннаға жуық өнім өндіріліп, оның 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы экспортқа бағытталуда. Экспорт географиясы да цифрлық логистика мен өндірістік жоспарлаудың арқасында кеңеюде. Қазақстандық шыны өнімдері Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне жеткізіліп отыр. Сондай-ақ Еуропалық Одақ талаптарына сәйкес Польша, Эстония, Латвия және Швейцария нарықтарына экспортталуда.

Одан әрі цифрландыру бағытындағы маңызды жоба – AynaGlass компаниясының айна өндіру зауытында болдық. Кәсіпорында өндіріс толық автоматтандырылған. Жартылай дайын өнімдер роботтардың көмегімен желіге орналастырылып, өңдеудің барлық кезеңдері цифрлық басқару арқылы бақыланады.

Шыны беті автоматты түрде фильтрленген сумен жуылып, 400-600°С температурада кептіріледі. Кейін вакуумдық камерада магнетрондық тозаңдату әдісімен екі қабат арнайы бояу жағылып,  айнаға айналады.

Өндірістік желінің жалпы ұзындығы 176 метр, ал зауыттың ішкі аумағы 6 мың шаршы метр. Кәсіпорын тәулігіне шамамен 3300 шаршы метр дайын өнім шығарады.

Барлық процесс шамамен 40 минут ішінде аяқталады. Дайын өнімді роботтар жинайды, әрбір айнаға зауыттың атауы, өндірілген күні мен уақыты белгіленеді. Өндіріс барысында сапа қатаң бақылауда ұсталып, ақауы бар өнімдер дереу өндірістен алынады.

Зауыт басшысы Айжан Өмірзақова өндіріс процесі, өнім түрлері, технологиялық мүмкіндіктері мен экспорттық әлеуеті туралы кеңінен айтып берді.

– Бастапқы кезде өзге елдердің өндірісін зерттеп көрдік. Роботты құрылғыларды өндіруде көш бастап тұрған Қытай зауытына тоқталдық. Бұл технология   – танымал бренд. Әлемнің озық елдері қолданысқа енгізген. Біз қолданып отырған автоматтандырылған технологияның мүмкіндігі зор. Былтыр екі ел арасында келісімшарт жасалып, арнайы мамандар келді. Олар 3 ай бойы технологияны орнатып, монтаждады. Жергілікті мамандарға тілін үйретіп, жұмыс істеу процесін көрсетті. Бұл құрылғылар жылдық қуаттылықты екі есе орындауға қауқарлы, – дейді зауыт басшысы.

Бұл – еліміздегі алғашқы зауыт. Осы кезге дейін өнім сыртқы елдерден тасымалданып келді. Сондықтан Қызылордадан ашылған зауыт импортқа тәуелділікті азайтып, отандық өнімнің өрісін кеңейтеді.

– Бұл салада жүргенімізге жиырма жылға жуықтады. Бұған дейін «Комфорт – 1KZ» ЖШС-ын құрдық. Ол – облыстағы  шыңдалған әйнек шығаратын бірегей зауыт. Әйнектен энергия үнемдейтін және жарық шағылыстыратын қасиеті бар қос қабат терезелер мен айна жасайды. Сондай-ақ витрина, кабина, шатыр, жиһаз, мөлдір баспалдақ, қалқа сияқты көптеген интерьер зат шығарады. Былтыр жаңадан салынған стадионға қажетті әйнекті осы «Комфорт –1KZ» ЖШС-нан алды.

Тәжірибеміз бар болған соң, айна өндірісіне келдік. Қазір технологияның мүмкіндігі мол. Бәрі де автоматтандырылған.  Енді тұтынушыларды тарту үшін тиісті шаралар жүргізілуде. Бұдан бөлек алда жоспар көп. Мәселен, түрлі-түсті айна шығаруды көздеп отырмыз, – дейді Айжан Өмірзақова.

Әрине, оңай жұмыс емес. Заманауи технологиялардың тілін меңгеру, оны тиімді басқару да ұқыптылықты,  жауапкершілікті талап етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда экономиканы индустриялық дамыту және әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Былтыр елімізде 33 жаңа өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілген. Солардың қатарында AynaGlass ЖШС да бар.

Жаңа өндірістердің іске қосылуы экономиканы әртараптандыруға, өңірлерді дамытуға және елдің өнеркәсіптік базасын нығайтуға маңызды үлес қосатыны сөзсіз.

Бастысы, бұл жобалар – цифрландыру мен автоматтандыруды тиімді қолданудың нақты үлгісі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»