Құрылтай

Коммуналдық салаға неге сын көбейді?

5

0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Өткен аптадағы аптап ыстық Қызылорда қаласының коммуналдық қызметі үшін үлкен сын болғаны рас. Әлеуметтік желіде біресе «жарық өшті», біресе «су ақпай тұр» деген сыңайда шағым жиіледі. Бұл екі саланың өзіне тән мәселесі жетерлік, оны шешуге ұмтылыс барын да айтуға тиіспіз.

Аптап кезінде Қызылорда қала­сында электр желілері мен қосалқы станцияларына шамадан тыс күш түсті. Қалыпты жағдайда қажеттілік 92 МВт болса, аномальді ыстықта бұл көрсеткіш 32%-ға артты.

– Қалада көптеген жаңа нысан салынып, аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Қызылордада 240 мегаваттық жылу-электр станциясы іске қосылғанын білесіздер. Бүгінде ол өндірілген қуатты 220 кВ электр желісіне береді.

Бұл оңтүстік өңірде жарық тап­шылығын болдырмауға ықпал етеді. 220 кВ электр желілері «KEGOC» ком­паниясының меншігінде. Ал Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы Қызылорда қаласын 35 кВ электр желілері мен 35/10 кВ қосалқы станциялары ар­қылы электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр, – деді «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның оңалту басқарушысы Бауыржан Жантасов.

Тозығы жеткен нысандарды ауысты­ру, жаңалау бағытында компанияның инвестициялық бағдарламасы аясында және облыстық бюджет есебінен жұмыс атқарылып жатыр.

– Қаланың «Жаңа базар», ГОВД, «Универсам», Орталық алаң, Арсенал, «Болашақ» шағын аудандарына ортақ қо­салқы станцияның жүктемесін бөлу мақсатында қосымша қуаттылығы 6 300 кВА Т-3 күштік трансформатор орнатылды. Әл Фараби, Комсомол, Шан­хай, Қорқыт ата, КБИ шағын аудан­дарының орталық тарату пунктінің жүк­темесін бір қосалқы станциядан екін­шісіне ауыстыру үшін 3 шақырым 10 кВ кабель желісі тартылып, қосылды. Тас­бөгет кентіндегі орталық тарату пунк­тінің әуе желісі өткен ғасырдың 70-жылдары салынған, әбден тозып тұрған болатын. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында оның 1,2 шақырымын 10 кВ кабель желісіне ауыстырдық, – деді Бауыржан Жантасов.

Ауа райының өзгеруіне байланысты кейбір электр қондырғылары мен желі­лерінің қызуынан ақаулар орын алды. Дегенмен, компания мамандары оны дер кезінде қалпына келтіріп жатыр. Осының арқасында электр энергиясының тапшылығы сейілді.

Тіршілік нәріне сұраныстың артуы «Қызылорда су жүйесі» МКК жұмысына сын болды. Мекеме директоры Жасұлан Абатовтың айтуынша, 13-19 шілде ара­лығында қала халқы тәулігіне 104 мың текше метрге дейін су тұтынған.

– Бір аптада қала тұрғындарынан диспетчерлік қызмет пен 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығына 120 өтініш түскен. Оның 84-і ауызсу, 36-сы кәрізсу жүйесіне қатысты. Мекемеде күнделікті таңғы сағат 8-ден кешкі сағат 6-ға дейін 5 бригада қызмет көрсетеді. Одан бөлек апатқа байланысты дис­пет­черлік қызмет үзіліссіз өтініш қабыл­дайды. Дегенмен, біз алгоритмге сәйкес магистральді құбырдағы ақауды қалпына келтіруге басымдық береміз, – дейді ол.

Есепті кезеңде электр энергиясының үзілуі себепті 6 магистральді желіде ақау анықталған. Мысалы, 19 шілдеде Асфендияров көшесінің тұрғындары су қысымының төмендеуіне қатысты шағымданған. Мән-жайды зерттеу ке­зін­де әл Фараби шағын ауданының тұрғындары өз қаражаты есебінен ауызсу құбырын тартып, оны орталық желіге қосқаны анықталды. Желі бастапқыда бір тұрғын үйге арнап тартылса, кейін тұтас көшенің сұранысын жауып отырған. Соның салдарынан желінің су өткізуге шамасы жетпей, қысым төмендеген. Жұмысшылар резервті-дизельді қон­дыр­ғылардың көмегімен ақауды 15 минут ішінде қалпына келтіргенімен, ауыз­судың толық берілуі 45 минутқа дейін уақыт алады. Осы аралықта желіде қы­сым төмендейді. Ал су құбырлары мен резервуарларын қайтадан толтыруға біраз уақыт керек. Халықтың суды ұзақ күтетін себебі де осында екен.

Жаз басталысымен ауызсуды бақша суарып, аулаға себу үшін де пайдалану жағдайды жылда күрделендіреді.

– Шілде айының басынан бері халыққа тәулігіне 92 мың текше метр су таратып отырмыз. Бұл көрсеткіш қыс мезгіліне қарағанда екі есе артық. Негізі халық санына қарай орташа есеппен 50 мың текше метр су жеткілікті. Алайда кейде жазда су пайдалану көрсеткіші 110 мың текше метрге дейін жетеді. Тұтынушыларға ауызсуды өзге мақсатқа пайдалануға мүлдем болмайтынын түсіндіріп, рейд ұйымдастырып тұрамыз, – дейді Жасұлан Абатов.

Қалаға күнделікті 89 жерасты ұңғыма мен Сырдария өзенінен 92 мың текше метр ауызсу беріліп отыр.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»