Ұлт саулығының жанкешті жанашырлары

5

0

Бүгінде Президент пен Үкімет қолдауымен аймақта денсаулық сақтау саласын дамытуға, медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған кешенді шаралар тұрақты жүруде. Ал кеше «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен медицина саласының қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті.

Мерекелік шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Бекбол Орынбасаров, Амангелді Есбай, зиялы қауым өкілдері және сала басшылары мен ардагерлер қатысты.

– Денсаулығымыздың қорғаны, адам жанының арашасы, мейірім мен ізгіліктің жаршысы болған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда елеулі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз» деген болатын.

Бүгінгі мерейлі мерекеге орай ҚР Премьер-министрінің бірінші орын­басары Нұрлыбек Нәлібаев Сіздерге ар­найы құттықтауын жолдады. Елі­міздің денсаулық сақтау саласында ерен ең­бектің үлгісін көрсетіп жүрген сыр­бойылық дәрігерлерімізді ерекше мақ­танышпен айтамыз. Қазақстанның Еңбек Ері, Сыр перзенті Юрий Вла­ди­мир­ович Пя бес мыңнан астам ашық жүрек отасын жасады. Еліміздің бас хирургі, профессор, жерлесіміз Болат­бек Баймаханов жетекшілік еткен ма­мандар тобы медицина тарихында тұң­ғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін трансплантациялау бойынша  аса күрделі операцияны сәтті жүзеге асырды. Болатбек Бимендіұлы кеше Президентіміздің қолынан екінші дәрежелі «Барыс» орденін алды. Жер­лесімізді жоғары марапатымен барша Сыр жұртшылығының атынан құттық­таймын. Былтыр облыс тари­хында алғаш рет бауыр, 10 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Отаның 6 жаңа түрі тәжірибеге енгізілді. Бұл – Сыр медицинасының мүмкіндігі мен мамандардың біліктілігін айқын­дайтын жарқын мысалдар. Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Рәсімде саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар «Парасат», «Құр­мет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», ҚР Денсаулық сақ­тау ми­нистрлігінің «Еңбек ардагері» медаль­дарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақ­­стан­ның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағымен, ҚР Премьер-ми­нистрінің бірін­ші орынбасарының және облыс әкімі­нің Алғыс хатымен, Қы­зылорда облысының Құрмет грамо­тасымен марапатталды.

Солардың қатарында Қызылорда медициналық жоғары колледжі дирек­то­рының орынбасары Бақыт Әбді­қа­ние­ва «Ерен еңбегі үшін» медалін тақты.

– Дәрігер мамандық қана емес, үлкен еңбек пен білімді талап ететін қасиетті қызмет. Мұндай мамандық иелеріне тек адалдық пен жанкештілік жарасқан. Біздің колледж ашылғалы Сыр елінде 40 мыңнан астам түлек түрлі мамандық алып шықты. Өзімнің 37 жыл еңбек жолымда елге керекті сала мамандарын дайындауға үлес қостым. Олар респуб­ликаның әр өңірінде абыроймен еңбек етуде. Айта кетейін, 2028  жылы біздің оқу орнына 100 жыл толмақ. Орта буын медициналық мамандарды даярлайтын бірегей колледждегі әріптестерімді және барша сырбойылық дәрігерлерді бү­гінгі мерекемен құттықтаймын, – дейді ол.

Айта кетейік, кейінгі төрт жылда Сыр елінің денсаулық сақтау саласына 625 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, 41 медицина нысаны ел игілігіне бе­рілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен барлық ауданда 28 медицина нысаны салынды. Қазір облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, 400 және 500 келушіге арналған емхана­лардың, 200 орындық перинаталдық орта­лықтың құрылысы жүріп жатыр.

Іс-шара соңында ардагерлерге гүл шоқтары тарту етіліп, мерекелік бағ­дарлама ұсынылды.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»