Шардара су қоймасында мөңке және сазан балықтар қырылып жатыр

988

0

Шардара су қоймасында балықтар жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл жайында балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы мәлімдеді.

Оның айтуынша, 5 сәуірдегі рейд барысында Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Түркістан балық инспекциясы бөлімінің балық инспекторлары Шардара су қоймасының №2 учаскесінің жағасында («Vita» ЖШС-не бекітілген) балық шабақтарының жиналып қалғанын көрген. Олар балықтардың қырылу фактісін тіркеді.

Көзбен шолып қарау кезінде шабақтардың қабыршақты жамылғысында өзгеріс бары белгілі болды. Оның көбі – мөңке және сазан балықтар. Балық инспекторлары мен қорықшылар салмағы орта есеппен 50-60 грамм болатын 4 кг шабақ жинады. Және оларды утилизациялау жұмыстарын ұйымдастырды.

Шардара қаласы бойынша ветеринария қызметі зерттеу үшін шабақтардың сынамасын алды.

«Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы олардың қырылу қаупі және өлімі анықталған кездегі өзара іс-қимыл схемасына сәйкес бүкіл мүдделі органдарға хабар берді. 6 сәуірде Түркістан облысы бойынша экология департаменті мен «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалы су мен балықтан сынама алуды жоспарлап отыр», – дейді Аслан Жеңісұлы.

Зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша қорытынды әзірленеді. Айта кетейік, Шардара су қоймасы Түркістан облысы аумағындағы Сырдария өзенінде орналасқан. 1966 жылы салынған. Су қоймасы 4 учаскеге бөлінген және кәсіпшілік балық аулауды жүргізу үшін төрт пайдаланушыға бекітілген.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<