Арал ауданында теміржол көпірінің іргетасы қаланды

534

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде теміржол көпірінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы аралдық ағайынның ұзақ жылдан бері қордаланған басты мәселесінің бірінің оң шешілгені үлкен жетістік әрі зор қуаныш екенін атап өтіп, аудан тұрғындарын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» – деген болатын. Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге асуда. Ерекше атап өтуіміз қажет, 2023 жылға облыс бюджеті 520,7 млрд. теңге болып бекітілген еді. Сәуір айындағы нақтылаудан кейін оның көлемі 593 млрд. теңгеге ұлғайды. Бұл 2022 жылғы бюджет көлемімен салыстырғанда 230 млрд. теңгеге немесе 1,7 есеге артық. Оның ішінде Арал ауданының бюджеті 18,4 млрд. теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат ең өзекті деген мәселелерді шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Арал ауданының құрметті азаматы Кішкене Айбосынов та жерлестерін көпір құрылысының басталуымен құттықтады.

Айта кетейік, қазір бұл тұстағы теміржолдан пойыз өткенде өткел жабылып, көлік кептелісі бірнеше шақырымға созылады. Арал қаласын бөліп жатқан теміржолдың бергі бетінде 17 мың, арғы бетінде 20 мыңдай халық қоныстанған. Жалғыз өткел осы болғандықтан, кейде жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникалары да межелі жеріне уақытылы жете алмайды. Енді тарихи шаһар тұрғындарының сұранысы қанағаттандырылып, көлік қатынасы жеңілдемек. Нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігер мекеме «РИТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын екі жыл ішінде аяқтауды жоспарлауда. Құны 3,1 млрд. теңге болатын көпірдің ұзындығы 940 метрді құрайды. Аспалы көпірдің екі жағынан қосымша жаяу жүргіншілер жолы мен түнгі жарық шамдары орнатылады. Жақын жерде орналасқан тұрғындарға келеңсіздік тудырмас үшін дыбыс басқыш құрал-жабдықтарымен қамтылады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<