Аралды құтқару қорын Қызылордаға көшіру мәселесі қозғалды

650

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы Атқарушы дирекциясының директоры Болат Бекниязбен кездесті. Онда Арал өңірінің әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған жобалар мен бағдарламалар сөз болды деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасының бірінші фазасын бастауға Халықаралық Аралды құтқару қорының рөлі ерекше болды. Қазіргі таңда, «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайту компоненті  өңір тұрғындары үшін өте маңызды.

Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың бір немесе екі деңгейлі нұсқалары бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сондықтан, жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу барысында жан-жақты қарауға, экологиялық және экономикалық жағынын тиімді іске асырылуына атсалысуды сұраймыз, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар кездесуде Болат Бекнияз Аралды құтқару Қоры тарапынан атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті.

Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстан Респуб­лика­сындағы Атқарушы дирекциясы қызметінің негізгі мақсаты – Арал теңізі алабының қазақстандық бөлі­гіндегі су шаруашылығы, әлеу­меттік-экономикалық және экологиялық жағдайларды жақсарту бойынша өзекті мәселелерді шешуге және практикалық іс-шараларды үйлес­тіруге қолдау көрсету.

Бүгінгі күнге дейін Қор тарапынан Арал теңізін құтқару және сақтау бойынша халықаралық және жергілікті деңгейде көптеген кездесулер ұйымдастырылып, жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Арал өңірінің қазақстандық бөлігінің өзекті мәселелерін шешу жөнінде Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының, Дүниежүзілік банк, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі өкілдерімен,  Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен және Алматы қаласындағы Бас елшілігімен кездесу өткізілген.

«Барсакелмес» Мемлекеттік табиғи қорығы, Ботаника және фитоинтродукция Қазақ ғылыми-зерттеу институты, Балық шаруашылығы Қазақ ғылыми-зерттеу институты, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, және басқа да ұйымдармен бірлескен жұмыс жасауда. Бұл ретте ХАҚҚ ҚР Атқарушы дирекциясының қызметкерлері қызмет күндерінің көп бөлігін Арал теңізі бассейнінде далалық жұмыстар мен іссапарларда өткізеді.

Қазіргі уақытта Қордың облыстағы филиалы Қамбаш көлінің жағалауында орналасқан «АРАЛ» ғылыми-туристік, Көкарал түбегінің оңтүстік бөлігіндегі, биосфераны қорғау орталықтарында  аңшылық шаруашылығы бойынша жұмыс атқаруда.

– Арал теңізі бассейнінің негізгі өзендері – Әмудария және Сырдария бойынша экологиялық су жіберулерге қалдық қағидатты пайдалана отырып, Арал теңізін бұрынғы шекараларға қайтару мүмкін емес.  Теңізді толтыру үшін оған жылына кемінде 60 млрд текше метр су келуін қамтамасыз ету қажет. Сондықтан суармалы жерлерде су тұтынуды азайту, кейбір су қоймаларын босату қажет болуы мүмкін. Қазақстанда 2005 жылғы тамыздан бастап көлемі 27 млрд текше метр Солтүстік Арал теңізі сақталды. Осы кезеңде Үлкен Арал теңізіне шамамен 40 млрд текше метр су құйылды. Көл жүйесіне  жыл сайын шамамен 1500 млн текше метр су жіберіледі, – деді Болат Бекнияз.

Мұнымен қоса, жиында Арал өңірінде шешімін табуды қажет ететін көптеген экологиялық проблемаларға байланысты  Халықаралық  Аралды құтқару Қорын  Алматы қаласынан Қызылорда қаласына көшіру мәселесі қозғалды.

Жиын соңында Болат Бекнияз аймақ басшысына ұйымдастырылған кездесу үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс атқаратынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<