Ауданның әлеуеті артып келеді

846

0

Сырдария ауданы – қазағы қалың орналасқан, рухани мұрасы да ерекше сақталған өңірлердің бірі. Бүгінде аудан ауыл шаруашылығымен айналысуға ыңғайлы өңірге орналасқан және сондай басымдығын пайдалануда. Аудан экономикасында өсім бар, әйтсе де ширататын шаруа аз емес.

Жалпы аудан бойынша халық саны 37850 адамды құрап отыр. Оның ішінде ерлер саны – 19510, әйелдер саны – 18340 адам. Аудандағы Бір қызметкердің орташа айлық жалақысы – 279413 теңге, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 58,6 пайызға өскен.

Биыл қаңтар-қазан айында ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 38639 млн теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы деңгейіне қарағанда 3,8 есеге ұлғайғанын көрсетеді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7722 млн теңгені құрап отыр.

Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығы. Аталған салада аудан бойынша өсім бар. Мәселен, ауыл, орман және балық шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2022 жылдың қантар-қазанында 18518,9 млн теңгені құрап, өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 100 пайызды құрады. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара басының саны 107,1 пайызды, оның ішінде сиырлар 116,2, жылқы 114,8, түйе 104,7 қой мен ешкі 100,6 пайызды, ал құс 102,6 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың 10 айында аудан экономикасына 30014 млн теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды. бұл өткен жылдың көрсеткішінен 167,9 пайыз артық. Бұған себеп – кен орнын жайластыру, ұңғымаларды пайдалану, шығару және айдау желілері жобалары 27,2 пайызға ұлғайған.

Соңғы уақытта ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, ажары күннен-күнге артып келеді. Айталық, 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 20556 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 пайызға артқан. Салынған тұрғын үйлердің барлығы халықтың жеке қаражат есебінен тұрғызылды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 10 айда 6643,0 млн теңгені құрап, 74,2 пайызға артқан. Кен орнында кәсіпшілік, магистральдық еңбек құбырын салу 42,6 пайызға ұлғайған есебінен өсім алған.

Экономиканың басты тірегі шағын және орта бизнес екені бесенеден белгілі. Дамуды көздеген кез келген ел шағын және орта бизнеске өріс ашып, қолдау көрсетуге мүдделі. Бұл тұрғыда елімізде шағын және орта кәсіпкерлікке кең жол ашылып, түрлі несиелік қолдаулар көрсетіп, ауқымды жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылу үстінде.

Шағын және орта бизнесті дамыту – экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы.

Қолда бар статистикалық мәліметке сүйенсек, тап бүгінгі шақта аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген құрылымдар саны 2022 жылдың 1 қарашасына 2969 құрылымға жеткен. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2825 болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 116,1 пайызға өскен. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 95,1 пайызды құрады.

2022 жылдың қарашасына бөлшек сауда көлемі 1406 млн теңгені құрап, 112,9 пайыз болып отыр. Бөлшек сауданың өсімі жанар-жағар май сатылымының ұлғаюына және баға өсуіне байланысты көбейіп отыр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген дана халқымыз. Ауданның өркендеуі жолында бұл игі істер атқарылған жұмыстың жемісі деп білеміз.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<