«Алтын белгі» сатыла ма?

1602

0

Онлайн хабарландыру платформаларының бірінде үздік үлгеріммен бітірген түлектің «Алтын белгі» медалін 2 миллион теңгеге сатуға қойғаны туралы әлеуметтік желі мен баспасөз беттерінде жарыса жазылды. Білім және ғылым министрлігі де бұл мәселеге жауап берді. Министрлік өкілі Мөлдір Әбдуалиеваның айтуынша, «Алтын белгі» иесінің меншігіндегі зат болғандықтан, оны сатуға заңмен тыйым салынбайды. Алайда, әр төсбелгіге тиесілі сертификатта иесінің аты-жөні жазылатындықтан, оны өзге адамға беруде, сатуда не сыйлауда еш мән жоқ. Тек коллекционер үшін ғана керек болуы мүмкін.

Одан бөлек, «Nur Otan» партиясының төсбелгісі ғаламторда 40 мың теңгеге бағаланған. Ал көпбалалы аналарға берілетін «Алтын алқаны» 25 мың теңгеге сатып алуға болатын көрінеді. Сол секілді түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары иеленген медальдар да еркін сатылымда. Тапсырыс берсеңіз, жеткізу қызметі де жолға қойылған.

Иә, не нәрсенің де көп болуы оның бағасын түсіреді, қадірін қашырады. Өткен ғасырдың 70-90 жылдар аралығында мектеп бітіруші түлектер арасында «Алтын медальді» (Ол уақытта медаль деп айтатын) екі-үш жыл дегенде 1 ғана оқушы иеленетін. Сол бір медальдің өзі мектептің абыройын асқақтатып жіберетін. Бала болсақ та есімізде, жиен ағамның мектепті «Алтын медальмен» аяқтағаны әулеттің ғана емес, бүкіл сол елдің аузында айтылып жүретіндей оқиғаға айналды. Мектепке енді баратын біздерге ондай медаль алу айға қол созғанмен тең еді.

Ал қазір ше? Сападан гөрі санға мән беріп кеттік. Бұл жайында қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанұлы да пікір білдіріпті.

– Қандай да бір атақтың сатылуы, ол атақтың құны қалмады деген сөз. Қоғамда атақтың құны қалмай бара жатыр. Өйткені қолжетімді болып кетті, – дейді. 

Өткен оқу жылының қорытындысында республика көлемінде 9738 түлек «Алтын белгі» иегері атанған. Бұл өткен жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда рекордтық деңгейде екен. Ал біздің облыстағы статистикаға келсек, 2018-2019 оқу жылында – 406 бітіруші, 2019-2020 жылы – 547, ал 2020-2021 жылы 597 түлек иеленген. Білім сапасының артқаны көңіл қуантады, әрине. Алайда оның сапасы кімді толғандырады деген сауал туындайды.

Қалада 30 жылға жуық мектеп басшылығында қызмет еткен Алтынсары Шүренов:

– Бұл өзі – көптен бері айтылып жүрген түйткілді мәселе. Айталық, мен орта мектепті бітірген 1972 жылы бүкіл Сырдария ауданында 4 бала, Қызылорда қаласында 6 жасөспірім ғана «Алтын медаль» иегері атанды. Біз кейінгі уақытта цифр соңынан  қуалап кеттік. Тіпті несін жасырайық, ұятты жағдайға дейін жеттік. Бағалау жүйесіне қатысты мектеп бітіруші жастардың математика, басқа да пәндер бойынша сауаттылығына бұрын қойылып келген талаптар өзгерді. Талап өзгерген соң біздің нақты мүмкіндігіміздің әлеуеті де белгілі болып қалды. Әдетте бізде өткенді сынап-мінеу жағы басымдау. Бірақ дұрысын айтуымыз керек, кеңес дүниесінде білім негіздеп оқытылатын. Оқушылардың логикалық ойлау жүйесін дамытуға мән берілетін. Отыз жыл бұрын ортақ жүйе құлады. Бірақ оның орнына жаңасын әзірлеу тым кешікті. Білім жүйесінде сабақтастық жетіспеді. Жастардың санасында білімнен гөрі ақша табуға деген ұмтылыс пайда болды. Осының барлығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік елдерде жаппай етек ала бастады. Қазір әлемде өркениетті елдердің өзі білімнің қадірі қашқанын сезінді. Иә, өмір бір орында тұрмайды. Тоқырау болады, тоқыраудан кейін жаңа ізденістерге жол ашылады, біз қазір нақ сондай өзгерістер алдында тұрған жағдайымыз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі мәлімдемелерінде жалғыз білім емес, барлық салаларға реформа жүргізу қажеттігін атап көрсетті. Жоғары оқу орындарының талапқа сай келмей-тіндерінің лицензиясы алынуда.  Бұл үрдіс жалғаса беретін болады, – дейді.

Рас, тек «Алтын белгі» емес, одан жоғары атақтардың өзін иелену оңай болып баратын тәрізді. Жыл сайын өтетін шараларда  медальдің түр-түрі «табақпен» таратылатыны соншалық, оны кімнің алып жатқанына қызықпайтын болдық. Той-құдайыға сондай медальдарын мақтаныш үшін тағып барғандарды көріп: «елдің дамуына қандай еңбек сіңірді екен?» деп ойға қалатыныңыз күмәнсіз.

Айтпақшы, келер жылдан бастап «Алтын белгі» төсбелгісін қорғауға қойылатын талаптар күшейтіледі.

– Біз оларды жыл сайын кезең-кезеңімен қарастырамыз. Өткен жылы кейбір өзгерістерді енгіздік. Биылғы жыл – екінші кезең, бұл ретте ережеге сай, тек жыл соңында ғана емес, сонымен қатар әр тоқсанында да 5-тен 11-ге дейінгі оқу жылында барлық пәннен алған бағасы таза «бес» болуы тиіс, – деген болатын ҚР Білім және ғылым министрі  А.Аймағамбетов.

Мамандардың айтуынша, бұл төсбелгілердің құрамында ешқандай алтынның қоспасы жоқ. Тек мыс пен мырыштың арнайы қорытпасынан дайындалған. Оның мемлекеттік сатып алу порталында  бір данасы 9250 теңге ғана тұрады. Хайп үшін жасалған дүние болса да, қоғамның талқысына түсіп жатқанын несін жасырайық! Сіз қалай ойлайсыз?

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<