«Ақмешіт» институты білім кеңістігінде

1719

0

Сыр елінде білім беру ісінде айрықша орны бар жоғары оқу орындарының бірі «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының 20 жылдан астам тарихы бар. 1998  жылдан бері өңірде мамандарды даярлап, мыңдаған түлекке білім берген оқу орны. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылғы 18 мамырдағы №0064059 шектеусіз мерзімге берілген мемлекеттік лицензиясы негізінде жұмыс жасап келеді.

Институтты бітірген мыңдаған жоғары білімді мамандар ел экономикасының көптеген саласында қызмет атқаруда. Бүгінгі күні бакалавриаттың 16 білім беру бағыты бойынша мамандар даярлауда. Бәсекеге қабілетті мамандар дайындауда материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөлінген. Айталық соңғы жылдары жаңа спортзал, 40 орындық оқу залы және заманауи компьютерлермен жабдықталған электрондық оқу залы бар кітапхана,  жаңа оқу ғимараты және үш қабатты заманауи зертханалық-оқу ғимараты іске қосылды. Сонымен бірге заман талабына сай мәжіліс залы, асхана, медпункт, шеберхана, компьютерлік сыныптар білім алушылардың мұқтаждарын толығымен қамтамасыз етеді.

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ғылыми жобалар конкурсына қатысу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті тарапынан акредиттеуден өтіп, былтырғы жылдың 5 наурызында №006071 аккредиттеу куәлігін алды.

Студенттерге оқу ақысын төлеуге қолайлы жағдайлар жасалған. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққандарға оқу ақысына жеңілдіктер қарастырылған.

Жоғары оқу орындарының білім беру сапасын анықтайтын көрсеткіштердің бірі түлектердің жұмысқа орналасуы болып табылады. Институтты бітірген білім алушылардың да жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары. Мәселен, 2019 жылы – 91,5, ал өткен жылы 92,8 пайызды құрады.

Осынау 20 жылдан астам тарихы бар оқу ордасы  жайлы маусым айында әлеуметтік желі мен ақпарат көздерінде институттың жабылатыны жөнінде ақпарат тараған болатын. Желдей ескен ақпараттың анық-қанығын білу мақсатында «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Әлібековамен жолыққан едік.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті тарапынан 2020-2021 оқу жылында жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы 4 рет хабарлама жіберген болатын. Бірақ, оқу жылының ішінде бұл хабарламалар негізінде жоспарланған тексерулер белгісіз себептермен жүргізілмеді. Биылғы жылдың 3-4 маусымында арнайы комиссия келіп, институттың жауапты тұлғаларымен кездесе алмай, тексеруін жүргізе алмай қайтып кеткен. Бұл уақытта қызметкерлер заңды еңбек демалысында болды. Сондықтан жауапты тұлғаға тексеру тағайындау туралы актіні және басқа да құжаттарды көрсете алмаған, өз талаптарын білдірмеген. Жалпы еліміздегі білім беру ұйымдарында жазғы мезгілде оқу үдерісінің жүрмейтінін және білім беру ұйымдары оқытушыларының 65 күн (56 және 9 күн экология) еңбек демалысына кететінін ескерсек, Комитеттің тексеру жіберген мерзімінде институттың оқытушылары мен қызметкерлері еңбек демалысында болды. Академиялық күнтізбеге сәйкес, 1-3 курстарда оқу үдерісі және емтихан сессиясы 2021 жылдың 21 мамырында толық аяқталып, 2021 жылдың 24 мамыры мен 27 тамыз аралығында жазғы демалыс жоспарланған. Сол себепті, бұл мерзімде тек институттың күзет бөлімінің қызметкерлері ғана болған. Соған қарамай, уәкілетті органның бас сарапшысының жетекшілігімен келген комиссия еш дәйексіз, тек өздері ғана №21000025300014 және №21000025300015 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырған, – дейді проректор Айгүл Бекқожақызы.

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты осы хаттамалардың заңдылығын анықтау мақсатында сотқа екі арыз түсірген. Істі қарау барысында Қызылорда қаласының соты бірінші хаттаманың заңсыз толтырылғаны туралы қаулы қабылдады.  Ал 2021 жылғы 24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қалалық соты (апелляциялық саты) екінші хаттаманың заңсыз толтырылғанын анықтап, Нұр-Сұлтан, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты» білім беру мекемесі ректорының шағымын қанағаттандырды.

Қазіргі таңда оқу ордасы өз жұмысын жалғастыруда. Ата-аналар мен білім алушылардың қобалжуына негіз жоқ.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<