Арал ауданы Жаңақұрылыс елді мекеніндегі №74 қазақ орта мектебі жыл басынан бері дәстүрлі оқуға көшкен еді. Білім ошағы шәкірттерге сапалы білім мен тәрбие беріп қана қоймай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына қызмет етіп келеді.
Ұстаздардың, ата-аналардың күнделікті қадағалауы арқасында балалардың болашағына жол ашылады, орта қалыптасады. Мектеп түлектері жыл сайын «Алтын белгіге» ие болып, оны қорғап, ауылдың мерейін өсіріп жүр. Аралдан 170 шақырым шалғайда орналасқан Жаңақұрылыс ауылындағы №74 мектептің биылғы түлектерінің қуанышын жаңалықтың жаршысы «Сыр бойы» газеті арқылы көпке жеткізуді жөн көрдім.
Мектеп ұстаздары оқушыларды ҰБТ-ға дайындауда көп еңбек сіңірді. Оқушылар қуанса қуанып, ренжісе дем беріп, жоғары жетістіктерге жеткізіп жүрген мектептің бейіндік оқыту жөніндегі орынбасарының ерекше еңбегін ұжымдастары, халық жоғары бағалайды.
Әрине, бұрын да айтып, жазып жүрмін. Екіқабатты жаңа мектептің іргетасы қаланғанда, 2015 жылы мектептің ашылу салтанатында ел ағалары «жыл сайын мектеп бітірген балаларыңыз омырауларына алтын тағып, еліміздің тұлғалы азаматтары болсын» деп батасын берген. Сол бата қабыл болып, жетістік жыл сайын еселеніп келеді.
Биыл мектеп бітірген 13 баланың 3-уі «Алтын белгі» тағып, ауылымызды бір көтеріп тастады. Олар – Әсем Сердалиева, Фарида Ғарифуллақызы, Ақмарал Қожагелдиева. Жаңартылған бағдарлама бойынша балалар өз бетінше курстарға қатысып, ізденді. Уақытпен санаспай дайындалды. Алдына мақсат қоя білді. Соған жету үшін жан-жақты оқып, іздену керегін түсінді. Енді бірі дәрігер, бірі ұстаз болып, өмір жолында таңдаған мамандықтарының үздігі атанбаққа бекініп отыр. Мектеп бітіруші түлектерге «Келешектерің келісті, еңбектерің жемісті болсын!» деп батамызды береміз.
Абай айтқандай, дүниенің кетігіне кірпіш болып қаланыңдар, алға қойған мақсаттарыңа жете беріңдер!
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Арал ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<