Бағдарламадағы өзгерістер таныстырылды

997

0

«Халықаралық бағдар­ла­малар орталығы» АҚ пре­зиденті Айнұр Кәрібозова «Болашақ» бағдарламасының іске асырылуындағы өзге­рістер» тақырыбында онлайн-брифинг өткізді. Оған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова, студенттер мен профессор-оқытушылар қатысты.

Бейнеконференция ба­ры­­­­сында «Болашақ» халық­аралық стипендиясына үміт­керлерді іріктеу ереже­леріне енгізілген түзетулердің негізгі тармақтары түсіндірілді. Жаңа ереже үміткерлерді ірік­теуде бірдей мүмкіндіктер ұсы­нады. Барлық квоталық санаттар алынып тасталды. Осы жылдан бастап «Болашақ» стипендиясының конкурсына ауылдық елді мекендер­ден келген үміткерлерді қос­пағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарынан шарт­сыз шақыртуға ие талапкерлер ғана қатыса алады.

Өзгерістер, ең алдымен, «Болашақ» ­стипендиясына үміткерлерді конкурстық ірік­­теу процесіне, сондай-ақ конкурсқа қатысудың бас­тапқы талаптарына қатысты. Конкурстық кезеңдер саны 6-дан 3-ке дейін қысқартылды, атап айтқанда, уәждемелік пен ұсыныс хаттарды бағалаудың іріктеу кезеңдері, сонымен қатар мемлекеттік және шет тілдерін білуге арналған кезеңдер алынып тасталды. Үміткерлер өздігінен тест тапсырып, құжат өткізген кезде мемлекеттік тілді білу туралы сертификатын, ауылдық жерлерден келген үміткерлер қосымша шет тілін білу туралы сертификатын ұсынады. Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтауға арналған сынақ Ұлттық тес­тілеу орталығының ай­мақ­­тық филиалдарында өткі­зіледі.

Іріктеу кезеңдері мыналарды қамтиды:

1-кезең: Интеллектуалды қабілет деңгейін, жеке және іскерлік қабілеттерін, шетелде оқуға психологиялық да­йындығын анықтайтын ке­шенді тест;

2-кезең: Тәуелсіз сарап­шылар комиссиясының мү­ше­лерімен жеке сұхбат;

3-кезең: Шетелде кадр­ларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы. Айта кетерлігі, жаңа ережеде алдын ала тіл­дік оқыту алынып тасталды. Ол тек ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін сақ­талады және 6 ай мерзім ішінде ағылшын тілін үйрену Қазақстан Республикасының аумағында өткізіледі.

«Болашақ» стипендиясына үміткерлерді іріктеудің жаңа ережелеріне сәйкес, ауылдық елді мекендерден қатысатын үміткерлер тек соңғы 3 жыл ішінде ауылдық жерлерде тұрып және оның 2 жылын жұмыс істеуге арнаған жағдайда ғана конкурсқа қатыса алады. Басымдық бе­рілген маман­дықтар тізбесі еңбек нарығы қажеттіліктерінің орта мер­зімді болжамын ескере отырып, ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы жасалады.

2020 жылға арналған «Бо­лашақ» стипендия­сын та­ғайындау кон­кур­сының же­ңім­­паз­дарына ұсыны­ны­ла­тын жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, шетелдік ұйымдардың және тілдік курс­тар тізімінің жобасы қазір келісілу үстінде. «Болашақ» стипендиясына құжаттарды қабылдау және стипендия тағайындау конкурсын өткізу мерзімі құжаттарды қабылдау уақытынан 10 (он) күнтізбелік күн бұрын бұқаралық ақ­парат құралдарында жарияланады.

Қатысушылар басым ма­мандықтар тізімі, үміткер­лерді конкурстық іріктеу рәсімі, конкурсқа қатысу шарт­­­тары және ғылыми тағы­лымдамалар туралы сұ­рақтар қойды. ХБО басшысы барлық сауалдарға толық­қанды жауап берді.

«Болашақ» бағдарламасы аясында Қызылорда облысынан барлығы 101 түлек дайындалды. Қазіргі таңда аймақтан 10 студент шетелде білім алуда. 28 түлек аймақ игілігі үшін жұмыс істейді, оның ішінде 19 түлек Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінде.

«Болашақ» бағдарламаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде 13 870 стипендия тағайындалды, оның ішінде түрлі салаларда 10 747 маман оқытылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<