Басты ұстаным – сапалы білім беру

1913

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше, яғни, бірінші қыркүйекте Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміз экономикасы курсының жаңа 7 қағидатын жариялады. Оның 5-ші қағидаты адам капиталын дамыту, жаңа типтегі білімге инвестициялар деп аталды. Расында,  адами капиталды дамытуда оның басты таған-тірегі – білім саласының рөлі қашанда ерекше. Аталған стратегиялық салаға инвестиция салудың қоғамның әл-ауқатына ықпал ететіні талассыз. Жолдауда адами капиталды дамыту бойынша үлкен жұмыстардың экономикалық көкжиегі айқындалды. Еліміздің білім беру жүйесіндегі жүзеге асырылып жатқан тың реформалар мен жаңа бастамалар жоғары оқу орындарының алдына үлкен міндет жүктеуде.

Отандық білім жүйесінің басты мақсаттарының бірі – жоғары және жоғары білімнен кейінгі кәсіби білікті мамандар даярлауды халықаралық білім беру стандарттарына сәйкестендіру. Сондықтан, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университеті осы мақсатқа сай білім беру мазмұнын жаңарту, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу­лерді жүргізу арқылы еңбек нарығының бәсекеге қабілетті мамандарға деген сұранысын қанағаттандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алға қойған басым бағытына сай және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы негізінде университеттің 2021-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы әзірленді. Бүгінде аталған стратегиядағы басым бағыттарды жүзеге асыру мақсатында бірқатар ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз.

Ең алдымен білім беру бағдарламалары қоғам сұ­ра­нысы мен жұмыс берушілердің талабына және кәсіби стандарттарға сай толық жаңартылып, бакалавриаттың – 80, магистратураның – 35, докторантураның 13 бағдарламасы Реестрге толық енгізілді. Биылғы оқу жылында жаңадан магистратураның «Музыкалық білім», «Есеп және аудит», «Орыс тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламалары ашылып, докторантураның «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасына талапкерлер оқуға қабылданды. Бұл – аймақтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында қолға алынған жұмыстардың бірі.

Жоғары білім беруді интернационалдандыру бағытында да бірқатар жұмыстарды қолға алдық. Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен ынтымақтастық байланыс ауқымын кеңейту – университеттің алдында тұрған межелі міндет. Әріптестік аясын кеңейту, білім алушыларымыздың академия­лық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламаларын жүзеге асыруға жол ашады. Бүгінде біздің студенттеріміз Америка Құрама Штаттарының, Польшаның, Австрияның, Түркияның, Корея Республикасының, Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру нәтижесінде студенттеріміз алдағы уақытта Болгария, Венгрия,  Германия, Португалия, Испания, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания және Канаданың жетекші жоғары оқу орындарында «Бірлескен білім беру бағдарламасы» аясында  білімін шыңдай алады.

Бүгінгі заман талабына сай мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында университетте 19 білім беру бағдарламасы көптілді білім беру (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) негізінде жүзеге асырылуда.

Жаңа оқу жылында бакалавриаттың «Информатика» және «Химия» білім беру бағдарламалары ағылшын тілінде жүргізілетін болады. Университет ұжымының алдында тұрған маңызды міндет – алдағы 3 жылдың ішінде аймақтың сұранысына сай 3 білім беру бағдарламасын ағылшын тілінде дайындау және жаңа инновациялық 9 білім бағдарламасын реестрге енгізу, сонымен бірге, Ресей, Қытай, Польша мемлекеттерінің және отандық жоғары оқу орындарымен бірлескен 5 білім беру бағдарламасын, 3 қос дипломды бағдарламаны жүзеге асыру жоспарланған.

Аталған жұмыстарды са­палы жүзеге асыру, оқытушы-профессорлардың бі­лік­тілігін арттыру, мәртебесін көтеру, материалдық жағда­йын жоғарылату бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Өткен оқу жылында университеттің ар­наулы қаржысы есебінен оқытушы-профессорлардың еңбекақысын 30 пайызға де­йін арттырдық. Атап айтқанда, оқытушылардың еңбекақысы орташа алғанда 35-40 мың теңгеге көбейді. 2020-2021 оқу жылында оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізіліп, осыған сәйкес қызметкерлердің еңбекақысы тағы да артатын болады. Сонымен бірге, ОПҚ қызметін бағалаудың рейтингі және KPI көрсеткіштері бо­йынша алдыңғы қатарлы  оқытушыларға арнайы үстемеақы тағайындалады.

Жаңа оқу жылындағы ақжолтай жаңалықтың бірі– «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Корея бұрышы» жобасы аясында арнайы дәрісхана ашылуы. Екіжақты келіссөз арқылы жүзге асырылған жобаның тұсаукесері қазан айында өткізілмек.

Жоғары оқу орындарының ең басты көрсеткіштерінің бірі – түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі. Осы ретте, университеттің биылғы  көрсеткіші өткен жылғы көрсеткіштен 10 пайызға (87,4%) жоғарылап отыр. Тек сапалы білім беріп қана қоймай, жастарға келелі жол көрсетіп, олардың жаңа өмірге бейімделіп кетуіне ықпал ету, сол арқылы түлектердің еңбек нарығында әрдайым сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету – біздің парызымыз.

Бұл бағыттағы жұмыс­тарды одан әрі жандандыру мақсатында «Рекрутинг» орталығын құрдық. Негізгі сыныптардан бастап кәсіби бағдар беруге және ғылыми-инновациялық жұмысқа (олимпиадалар, конкурстар, қызығушылық клубтары, робототехника, мехатроника, логистика, киберспорт, т.б.) тартуға бағытталған «Kids university» тұжырымдамасы қабылданды. Шетел азаматтарын университетке оқуға шақыру мақсатында шетелдерде арнайы өкілдіктер ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Университет беделін арттыру мен білім беру сапасын жетілдіру мақсатында атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде студенттер саны да жылдан-жылға артып келеді.

2020-2021 оқу жылына бакалавриатқа 2241 білім алушы, оның 519-ы мемлекеттік білім гранты негізінде, 107-сі облыс әкімінің білім гранты бойынша оқуға қабылданды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл көрсеткіш былтырғыдан 37 пайызға артып отыр.

Ұлттық бірыңғай тестілеу­ден өтетін пәндер бойынша университет базасында облыс­тық олимпиада ұйым­дас­­тырылып, жеңімпаз­дары ректордың білім грантын иеленді. Сонымен бірге, мүмкіндігі төмен 198 студенттің оқу ақысына түрлі санаттар бойынша жеңілдік берілсе, кәсіпорындардың демеушілігімен 31 студенттің 1 жылдық оқу ақысы төленіп отыр.

Биылғы оқу жылының қашықтықтан оқыту форматында ұйымдастырылуына байланысты дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылды. Барлық профессор-оқытушылар құрамына арнайы вебинарлар өткізіліп, өзара тәжірибе алмасты. Оқытушы-профессорлар видеодәрістерін талапқа сай жабдықталған арнайы студия­ларда жазды. Сонымен қатар, кейбір мамандықтардың зертханалық, практикалық сабақтарын оффлайн режимде ұйымдастыру көзделуде.

Жалпы 2020-2021 оқу жылының күзгі оқу семестрінде 771 пәнді оқыту жоспарланған. Оның ішінде 727 пән қашықтан оқытылса, 44 пән аралас форматта өтпек.Аралас форматты, әсіресе шығармашылық, әскери, спорт саласындағы мамандықтар көбірек қажет етеді.

Жаппай қашықтан оқыту басталғанда интернеттен шектеу туындамауы үшін оқу ғимараттарында жылдам интернет пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды. Шалғай ауылдарда тұратын, интернетке мүмкіндігі жоқ студенттер үшін университеттің студенттер үйінен ашылған арнайы компьютер кластары қажетті құрылғылармен қамтамасыз етілді.

Бүгінгі студент – ең алдымен еліміздегі түрлі кәсіпорындар мен бизнес құры­лым­дарының, мектептер мен оқу орындарының, бір сөзбен айт­қанда, экономиканың түрлі салаларының болашақтағы кәсіби білікті мамандары. Сондықтан да университет өз білім беру бағдарламаларын қалыптастыруда болашақ жұмыс берушілердің ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін барынша ескеруде.

Университетімізді таң­да­ған жас ұрпақ – ертеңгі білікті маман. Бұл тұрғыда, ғылым мен тәжірибенің жетістіктеріне негізделген білімге сусындап, қажетті кәсіби икемділіктерді меңгерген білікті маман даярлау әрі креативті шешімдер қабылдауға қабілетті тұлға қалыптастыру ісі басты міндетіміз болып қала бермек.

Университетте ғылыми ізденістерді дамытуға барлық мүмкіндіктер жасалған.Атап айтқанда, шетелдік және отандық жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеулер жүргізу әрі олардың ғылыми зертханаларын пайдалану, «білім-ғылым-өндіріс» моделін жүзеге асыру,  жастардың бизнес-идеялары мен start-up жобаларына қолдау көрсету, халықаралық рецензияланатын  беделді ғылыми журналдарда жарияланған мақалалар санын көбейту, зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыру, т.б. жұмыстар тың қарқын алуда. Университет жанындағы 7 бағыт бойынша ашылған  диссертациялық кеңестердің, 6 ғылыми орталықтың қызметтері де нәтижеге бағытталған.

ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының ғылымды қаржыландыру көлемін ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізуді басты меже етіп қойғаны, сөз жоқ, отандық ғылымды дамытудағы тарихи бетбұрыс. Біздің ғалымдарымыз 2020-2021 және 2020-2022 жылдарға арналған  ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына 29 жоба ұсынды. 2021-2023 жылдарға жарияланған ғылыми жобалар конкурсына қатысу үшін бүгіннің өзінде отызға жуық іргелі және қолданбалы ғылыми жоба да­йындалды.

Жас ғалымдарды қолдау, ғылыми-инновациялық идея­ларын жүзеге асыру мақсатында университеттің арнау­лы қаржы есебінен арнайы гранттар бөлінетін болады.

Бүгінде аймақтың іргелі білім ордасы аз уақыт ішінде осындай толайым жетістіктерге қол жеткізді. Алға қойған негізгі басым бағыттар қатарында атқарылар ауқымды шаруа көп.

Біріншіден, білім беру қыз­метін интернационалдандыру стратегиясын жүзеге асыру;

Екіншіден, жоғары оқу орындарының әлемдік QS рейтингісіне ену болып отыр;

Үшіншіден, аймақ экономикасы үшін маңызды ғылыми-техникалық жобаларды жасау және орындау;

Төртіншіден, университеттің материалдық-техникалық базасын дамыту;

Бесіншіден, студенттік креативті идеялар мен әлеуметтік бастамаларды қолдау біздің негізгі қызметіміз болып қала береді.

Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын, Білім – жарық, нұрын саған шашатын» деген сөзінің астары терең, айтар ойы ауқымды, қашанда, қай заманда болмасын өзінің мән-мағынасын жоғалт­пайтын аталы сөз. Ғасырлар бойы сан буын ұрпақты адамгершілік пен білімпаздыққа тәрбиелеп келе жатқан осы сөздің бүгінгі күні де өзектілігі жоғары. Университет ұжымы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда бабалардан қалған осы ұлағатты сөзді басшылыққа алып, уақытпен санаспай еңбек ете береді.

Бейбіткүл КӘРІМОВА,


Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің ректоры, ф.ғ.к.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<