Биыл қай салаға білім гранты көп бөлінді?

1094

0

2020-2021 оқу жылдары «Ақпараттық технологиялар» мамандығына көп грант бөлінген. Бұл туралы ҚазАқпарат Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

2020-2021 жылдары «Ақпараттық технологиялар» мамандығына көп грант бөлінген, атап айтсақ 2 468 грант. Болашақ IT-мамандарды еліміздің 49 жоғары оқу орнында оқытады.

«Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша 2 147 грант бөлінген. Бұл сала бойынша мамандарды 11 медициналық университет дайындайды. Жалпы, медициналық қызметкерлерді оқытуға бюджеттен биыл 2 700 орынға қаржы бөлінді.

8 мыңнан астам бюджеттік орын педагогика саласындағы мамандықтарға тиесілі. Олардың ішінде ең көбі – «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» (789 грант), «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» (760 грант), «Химия мұғалімдерін даярлау» (740 грант), «Физика мұғалімдерін даярлау» (730 грант), «Биология мұғалімдерін даярлау» (730 грант), «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» (660 грант), «Математика мұғалімдерін даярлау» (500 грант), «Гуманитарлық пәндер бойынша мұғалімдерді даярлау» (350 грант), «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (200 грант).

Сондай-ақ алғашқы әскери дайындық мұғалімі (20), музыка мұғалімі (30), көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау (30) бағыттары бойынша да грант ұтып алуға болады. «Электротехника және энергетика» (1 800), «Тау-кен ісі және пайдалы қазбаларды өндіру» (1 702), «Механика және металл өңдеу» (1 500) мамандықтары бойынша көп грант бөлінген. Гуманитарлық бағыттағы 12 мамандық бойынша 1 285 бюджеттік орын бөлінген, атап айтқанда, философия және этика, дін және теология, тарих және археология, аударма ісі, филология, әлеуметтану, саясаттану, журналистика мен репортерлік іс және т.б. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан «Биология және аралас ғылымдар» (650 грант), «Физика» (852 грант), «Химия» (670 грант), «Математика және статистика» (600 грант), «Ақпараттық қауіпсіздік» (600 грант), «Коммуникация және коммуникациялық технологиялар» (500 грант), «Электротехника және автоматтандыру» (720 грант), «Жер туралы ғылым» (450 грант) және тағы басқа бағыттар қаржыландырылады.

Талапкерлер ауыл шаруашылығы саласындағы – «Ветеринария» (825 бюджеттік орын), «Өсімдік шаруашылығы» (470), «Агроинженерия» (360) мамандықтары бойынша да конкурсқа қатыса алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<