Болашаққа жол сілтеді

838

0

Ел-жұрт үлкен үмітпен күтетін Президент Жолдауы 2021-2022 жаңа оқу жылының басталуымен қатар келді. Жолдауда Мемлекет басшысы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуына, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аударуды қадап айтты. Еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді.

Барлық маңызды деген мәселелерді атап айтып, шешу жолдарын ұсына келе, білім беру саласына тоқталып өтті. Қандай заман, қай қоғам болмасын, білім алуды ешқашан шетке ысырып қойған емес. Қазіргі қоғам – білімді жастардың қоғамы. Жас буынға білім беру жолында еңбек етіп жүргендіктен, білім саласында болып жатқан барлық өзгерістер мен жаңалықтар менің жаныма жақын. Президент карантин талаптарын қатаң сақтай отырып, білім беру саласының қашықтан ұйымдастырылғанын, сондай-ақ қашықтан білім беру жүйесінің әдеттегі дәстүрлі сабаққа жетпейтініне тоқталды. Дәстүрлі білім алуға барынша жағдай жасауды тапсырды. Әр оқушы және ұстаздың денсаулығы мен өмірін сақтауды ескере отырып, дәстүрлі білім беруге дайындық жұмыстарын жүргізуді де атап айтты. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсау керек. Әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды.

Сонымен қатар Президент жылдағы жолдауында атап айтатын тағы бір мәселе – ұстаздардың еңбекақысын алдағы қаңтар айында 25 пайызға өсіруді тапсырды. Ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш-жігерімізді сала отырып, еңбек ету басты парызымыз деп санаймын.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген даналық сөзі бар. Қазіргідей жаңарған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінбек.

Гауһар МОЛДАБАЕВА,

Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектебінің директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<