Елбасы академиясы елеген еңбек

891

0

Бүгінде білімді жастарға қолдау зор. Олардың грантқа қол жеткізіп, қалаған маман иесі атануына да мүмкіндік мол. Кешегі Мағжан сенген Сыр жастары мұны қаперге алған. Әсіресе, аудандар арасында қазалылық оқушылардың қадамы қарышты. Биыл ҰБТ кезінде 75 түлек «Алтын белгі», 39 үміткер «Үздік аттестат» иегері атанды. Сондай-ақ, облыс бойынша ұйымдастырылған «Үздік орта білім беру ұйымы» конкурсының жүлдесі де аудан қоржынында. Білім саласында көш бастаған Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей өткен жылы 17 млн теңге грант қаржысын иеленіп, қазыналы өлкенің мерейін тасытқан болатын. Мұндағы білім алушылар интеллектуалдық сайыстардың жүлдесінен де құралақан емес. Жақында олар шын дарынның ауылдан шығатынын тағы бір дәлелдеді.

Оқушылар «Мың бала» республикалық олимпиадасында топ жарды. Білім бәйгесінде №249 мектеп-лицейден 67 шәкірт бақ сынап, оның 21-і жеңімпаз атанған. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш. Сондықтан осы аптада «Елбасы академиясы» корпоративтік қорының атқарушы директоры Ануар Жанғозин ауданға арнайы сапармен келіп, мектеп тынысымен танысты. 4 мыңнан аса мектептің ішінен суырылып шыққан білім ошағына 2 миллион теңгенің қаржылай сертификатын табыстап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

– «Елбасы медалі» жобасына 724 бала қатысып, оның 254-і қола, 1-уі күміс медаль иеленді. Жоба қатысушылары арасында 62 бала үздіктер қатарында. Қызылорда облыстар рейтингісінде ІІІ орынға тұрақтаған. Бұл – үлкен жетістік. Ал, осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған республикалық «Мың бала» олимпиадасына 27452 бала қатысып, 641 бала 2-кезеңде бақ сынады. Жеңімпаз 174 оқушы анықталып, 50-і республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі, «Дарын» мамандандырылған мектебі секілді оқу ордаларына қабылданды. сондай-ақ Елбасы академиясының «Birge oqý» онлайн мектебінде пәндік дайындықтан өтуге мүмкіндік алды. Олимпиада барысында №249 мектеп-лицей көрсеткіштері таңғалдырды. Бұл – білім саласына деген қолдаудың көрінісі. Ұстаздардың оқу үдерісінде заманауи технологияны тиімді пайдаланып, жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануының жемісі, – деді Ануар Жанғозин.

Мектеп-лицей директоры Батырбек Тəңірбергенов жетістік аудан абыройын асқақтатып, Ұстаздар күні қарсаңында ұжым еңбегін еселегенін айтады. Шынында, бұл – ұрпақ тәрбиелеу міндетін мойнына алып, бала бойындағы ізденісті арттыруға үлес қосып жүрген жандардың ортақ еңбегі. Орайлы сәтте айта кетейік, дәл осы мектепте «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті наградасын республикада алғаш болып иеленген педагог Жәмилә Әбжан секілді өз ісінің майталман мамандары сабақ береді. Байқағанымыздай, мектептің материалдық-техникалық базасы ақпараттық технология бағытында жабдықталуда. Мұнда көпсалалы ғылымның тереңіне бойлауға мүмкіндік көп. Екі биология, физика, химия, үш лингафон кабинеті бар. Сонымен қатар робототехника, IT бойынша жұмыс істеуге арналған кабинеттер жасақталып, ақпараттандыру орталығы ашылған. Қазір оқушы барлық үйірмені бір блоктан таба алады және мұндай үйірме саны 4-ке жеткен. Мектеп-лицей республикалық «Үздік онлайн мектеп» байқауында топ жарған тұста Bilimbook интерактивті панелін жеңіп алған. Ал, жоғарыда айтқан 17 млн теңгеге бейнесабақ түсіру кезінде пайдаланылатын теледидар мен ақпараттық материалды шығаруға арналған түрлі-түсті принтер, LED экран, BilimBook интерактивті панелі, компьютер құрылғысы орнатылған биология, химия, физика және тағы да басқа пәндерді тереңдете оқытуға арналған ROQED құрылғысы алынған. Мектеп-лицей басшылығы  «Елбасы академиясы» табыстаған қаржы да мектептің керек-жарағына жұмсалатынын алға тартып отыр.

– Жастардың ғылымға ден қоюына жағдай жасаудамыз. Бұған дейін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысымен мектеп-лицей «Ең үздік ауыл мектебі» аталымына лайық танылып, елдегі үздік 116 олимпиадалық мектептің қатарына енді. Сондай-ақ, біз Білім және ғылым министрлігінің «Дебат қозғалысын жандандыру және мектептегі өзін-өзі басқаруды дамыту» тапсырмасы бойынша жұмысты жалғастырудамыз. Жақында облыстық білім басқармасына қарасты «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен мұғалімдер арасында өткен «Ұшқыр ой алаңы» облыстық дебат турнирінде мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Сымбат Тиышбай «Ең білімді ойыншы» номинациясын иеленді. Кәмшат Бақанқызы «Үздік логопед – 2021» облыстық байқауында жеңімпаздар қатарынан табылды. Ауыл балаларының қабілетін ашуға барын салып жүрген мектеп ұстаздарының әрбірі марапат-сыйдан кенде емес және алдағы уақытта да біз осы қарқынмен биік белестерді бағындыратын боламыз, – дейді мектеп-лицей директоры.

Миллионер мектептің оқушысы, «Мың бала» сайысының финалисі Әйгерім Есқали да жоғары нәтижеге осы мүмкіндіктердің, ұстаздар берген білімнің арқасында жеткенін айтты. Осыған қарап, Ұлы Абайдың «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген өсиетін жастар жете ұғынған және олар ізденіске іңкәр деуге әбден болады. Бастысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген «Ауыл мен қала баласы тең оқу керек» деген білім деңгейін теңестіру міндеті жүйелі іске асып отырғаны қуантады.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<