Ғылымға құштар Ғайникамал

1190

1

Бақытты балалық шақ пен армандар орындалатын қоғамда ғұмыр кешу – тәуелсіздіктің ең басты тартуы. Бүгінде өзіңнен ешкім тартып ала алмайтын білім атты байлыққа қол жеткізген оқушылардың қатары қалың.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында облыс әкімі Сыр елі дарынды балаларға толы киелі мекен екенін атап айтып, халықаралық деңгейдегі конкурс­та жүлдегер атанған шәкірттерді мақтан тұтатынымызды жеткізді. Солардың бірі – №10 дарынды ба­лаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ғайникамал Сансызбай.

Әлем технократтар арқылы да­мығанымен, екінің бірі күрделі есепті шығарамын деп тәуекел етпейтіні белгілі. Ал, жұрттың бәрінің жүрегі дауаламайтын ғылымға Ғайникамал бала кезінен қызықты. Есепті шы­ғарып қана қоймай, жоба да дайындап, халықаралық конкурсқа аттанды. Ескі кітаптарды ақтарып, ғалым, ойшылдардың еңбектеріне үңілу, бұрынғы тәсілдерді компьютерге енгізу есепті шығарғаннан да қиын болғанын айту керек. Жүз сексен талапкер бақ сынаған Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механикадан зерттеу жұмыстарының Х халықаралық конкурсында бұйырған ІІ орын – осындай еңбектің нәтижесі.

Ғайникамал – лицейде қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілін жетік меңгерген талантты оқушылардың бірі. Сондай-ақ, бала кезінен қобыз аспабында күй тартатын қабілеті бар жас ғалым болашақ арманын да өзі оқыған лицеймен байланыстырады.

– Алдағы уақытта «Астана» халықаралық университетінде немесе Сүлеймен Демирел атындағы университетте математика пәні мамандығы бойынша білім алып, «Білім-инновация» мектептерінде ұстаз болғым келеді. Әсіресе, ауылдардағы талантты балалар осындай мектептерде оқуға болатынын білсе деймін әрі олардың ғылым жолына түсуіне көмектескім келеді. Кейде оқушылар мүмкіндігі мол оқу ордаларының іріктеу сынақтары бойынша 6-сыныптан кейін қабылдайтынын білмей жатады, – деді ол.

Ал өзін де, халықаралық конкурста жүлдегер атанған сыныптасы Жанерке Боранбайды да байқауға дайындаған оқытушы Альфия Орынбасарова болатын. Жалпы есепке өзі секілді жүйрік Жанерке екеуі 10-сыныптан бері математика олимпадаларында бақ сынапты.

Академик Асқар Жұмаділдаев бір сұхбатында қазақтың күйі мен классикалық музыка тыңдағанда шабыттанып, есептің шешілу тәсіліне қатысты ойлар туындайтынын айтқан еді. Біз де Ғайникамалдан ақыл-ой мен төзімді қажет ететін күрделі есептердің шешімін табу үшін не көмектесетінін сұрадық.

– Егер өзге адамға есепті түсін­діріп, шығаруға көмектессем өзімнің де көп есепті шығаратынымды байқаймын. Сондай-ақ, қатарластарыммен жарысып тапсырма орындасам есептің шешу жолын оңай табамын, – деді ол.

Айтпақшы, көпбалалы отбасында тәрбиеленген Ғайникамал жаздың алғашқы күнімен қатар келетін мерекені жылда бауыр­ларымен қарсы алып, оларға қуа­ныш сыйлауға асығатынын жеткізді.

Математикада формула көп, өмірде де солай. Ғайникамалмен қысқа ғана тілдесуімізде оның адамдарға көмектесуге аса құштар екенін байқадық. Бүгінде жас ғалым арман жолында.

Айдана Жұмадинова,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<