Идея дұрыс, игілігі көрінбейді

1028

0

Дуальді оқыту жүйесі – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Бұл алғаш Германияда пайда болып, негізі қаланды. Бүгінде дуальді оқыту түсінігі елімізде де қалыптасып, нақты жұмыстар қолға алынды. Алайда, оның артықшылығы мен кемшін тұстары да жетерлік. Теория мен тәжірибенің үйлесімді болуы үшін әлі де жете түсініп алатын мәселе көп. «Квант»  Қызылорда механикалық зауытының директоры Жаңабай Бекішевпен осы тақырыпта ой өрбіткен едік.

–    Дуальді оқыту бойынша теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясының тиімді тұстары айтылып жүр. Шын мәнінде, еңбек нарығында жоғары білікті мамандар тапшылығын жоюда  мұның  бізге берер пайдасы қандай?

–    Сөз жүзінде бұл мәселе айтылғанымен, әлі де кең түрде қолданысқа енді деу ерте. Өзіміздің сала бойынша айтар болсам, біз техникалық мамандар даярлаймыз. Бұрын Кеңес Одағы кезінде «КРМЗ», «Шапағат РМЗ», «Рисмаш», «Жосалы» зауытында металл өңдеумен айналысатын. Біз кезінде жұмыс жасаған целлюлоза-картон зауытының металл цехын өзімізге зауыт етіп ашып алдық. Зауыт болғаннан кейін бірінші кезекте маман қажет. Осы салада жұмыс істегеніме отыз жылдың шамасы болды. Тәуелсіздік алғалы бірде-бір темір жонушы, темір ұстасы кәсіптік білім беру колледждерінде дайындалмады. Енді  маман тапшылығында мәселе туындауда. Біз барлық қондырғыны шетелден алдырып отырмыз. Оларға толық тәуелдіміз. Зауытымызда жұмыс істейтін мамандардың бәрі – бұрынғы кеңес заманынан қалған адамдар. Жаңа маман дайындай алмадық. Дуальді оқыту жүйесін өндіріске енгізу туралы айтылғанына біраз уақыт болды. Бірақ әлі де сөз жүзінде қалып келеді. Нақты қолға алынған істі көрмей тұрмын. Әрине, бұл идеяның өзі жақсы.

Мысалы, 20-30 проценті теория болса, қалған уақытын өндірісте өткізсе, ол нағыз маман болып шығады. Бір темір жонушыны дайындау үшін кемі 5 жыл уақыт қажет. Ол үшін геометриялық дәлдік пен химиялық қоспаларды, физикалық құрамын білу керек. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдап, ол маманды жан-жақты оқытса, нағыз шебер болатын еді.

– Жергілікті қандай оқу орындарының студенттері сіздерге өндірістік тәжірибеден өтуге келеді? Оқу орындарымен қаншалықты байланыстасыздар?

– Бізге өкінішке қарай, ешқандай кәсіптік білім беру оқу орындарынан ұсыныс келіп түспеді. Тек сөз жүзінде. Біздің  зауыттағы өндіріс басшысы – 74 жастағы үлкен кісі. Мен ол кісіні жібере алмай отырмын. Себебі оның орнын алмастыратын мықты маман жоқ. Жастардың қызығушылығын байқамадым. Олар кәсіптік колледждерде шәкіртақы алу үшін оқитын сияқты. Әйтеуір диплом алсам болды деген түсінік бар. Мен жұмысқа қабылдаймын деп жарнама берсем, оқу бітірген колледждің түлектері келеді. Бірақ қолдарынан ештеңе келмейді. Оларды қайта даярлап оқытуға менің уақытым да, қаржым да, мүмкіндігім де жоқ. Жақсы мамандар болса, 74 жастағы адамды алмастырып, жас маман алмаймын ба? Мен әлі ондай адам таппадым.

– Кәсіпкерлік палатасында өткен жиналыста техниканың тілін  жетік білетін мықты мамандар саусақпен санарлық. Кадрға қатысты сұранысты қазір шешпесек, алдағы уақытта зауыт ішіндегі темір жону цехының тоқтап қалу қаупі барын айтыпсыз. Дуальді оқытудың қандай кемшін тұстары бар деп ойлайсыз?

–    Осы бағдарламаға бөлінетін қаржы өндіріс орындары арқылы игерілсе, құба-құп болар еді. Дуальді оқыту бойынша «теориядан тәжірибеге емес, керісінше «тәжірибеден теорияға» принципімен жұмыс жүрсе, студент теориялық, яғни мәтінмен айтудан гөрі, өндірістегі жағдаяттарға сәйкес жұмыс жүргізеді. Теорияда қиындау келетін терминдер мен есептерді тәжірибе жүзінде шешеді. Студент тек теорияны ғана емес, өндірістегі соңғы жаңалықтарды біліп, заманауи талаптарды меңгереді. Кәсіптік білім беретін колледждерде мамандарды дайындайтын оқытушылар мен шеберлердің көбі әйел адамдар. Әсіресе, техникалық оқытатын оқу орындарында ер мұғалімдер басым болуға тиіс. Бұл салаға мемлекеттен бөлініп жатқан қаржыда есеп жоқ. Десе де, оның қалай, қандай мақсатта игеріліп жатқаны, түпкі нәтижесі белгісіз.

–    Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<