Колледждердің үлесі қандай?

1140

0

Шаһар орталығында орналасқан Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Жиһаз өндірісі», «Архитектура», «Ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді пайдалану», «Өндірістегі электромеханикалық жабдықтар», «Дәнекерлеу ісі» мамандықтары бойынша жұмысшы маман кадрлар даярлап келеді. Аталған мамандықтар бойынша биылғы оқу жылында колледжді 182 түлек бітіріп шыққан. Олардың 75 пайызы жұмысқа орналасып, еңбек етуде.

Болашақ құрыш қолды құрылысшыларды дайындап келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі – Қазалы аграрлы-техникалық колледжі. Оқу орнының директоры Арман Мұсаев осы колледждің 1989 жылғы түлегі екен.

–       Мен өзім осы колледжді 1989 жылы «Кеңпрофильді құрылыс шебері» мамандығы бойынша бітіріп, одан әрі қарай білімімді, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде «Құрылыс бұйымдары мен конструкциясының өндірісі» маманы бойынша жалғастырдым. Құрылыс – адамзат тіршілігі барда тоқырамайтын сала. Айталық, біздің колледждің өзін қаншама мамандар бітіріп шықты. Жетпісжылдық тарихы бар іргелі оқу орнында бүгінгі күні 22 мамандық, 44 біліктілік бойынша кадрлар даярланады. Колледж  «Жас маман» жобасының 2020 жылғы жеңімпазы. Жоба бойынша республикалық бюджеттен 323312000 теңге бөлініп, осы қаржыға төрт зертхана, үш шеберхана және оқу алаңы жабдықталып, құзыреттілік орталығы ашылды. «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығында техник-құрылысшы, тас қалаушы, ағаш шебері, сылақшы, құрылыстың құрғақ әдіс жөніндегі және қаңқалы-қаптау технологияларының маманы  оқытылады, – дейді ол.

Білуімізше, кейінгі үш жылдағы бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы 70 пайыздан түспеген. Алғаш рет WorldSkills Қазақстан стандарттарына сәйкес демонстрациялық емтиханды «Ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану» мамандығының «Кірпіш қалау» құзыреті бойынша 8 білім алушы тапсырған. 

Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде де еңбек нарығына қажетті  11 мамандық бойынша жан-жақты жұмысшы мамандар дайындалады. Мамандықты оқытуға арналған жаңа оқу-техникалық құралдармен жабдықталған 36 оқу кабинеті, оның ішінде 20 арнаулы пән, 16 жалпы білім беретін пән кабинеттері, 6 шеберхана, 4 зертхана және үш полигон, 100 орындық жатақхана, 150 орындық мәдениет үйі, 100 орындық асхана, 20 мыңға жуық кітап қоры бар электронды кітапхана және оқу-жаттығу залы жасақталған.  Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс негізінде 442 оқушы білім алуда. Сұранысқа ие құрылыс және өңдеу жұмыстарының шебері біліктілігінде 45 студент білім алады.

1927 жылы негізі қаланған Арал индустриалды-техникалық колледжі де құрылысшыларды дайындауға үлес қосуда. 2010 жылдан бастап   «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша, оның ішінде  тас қалаушы, құрылыс шебері, сылақшы, ағаш ұстасы,  техник құрылысшы, кең бейінді құрылыс шебері, құрылыс электрслесарі біліктіліктері негізінде 233 түлек бітірген. Мәселен, 2013 жылы 50 құрылыс электрслесарі, ағаш ұстасы, тас қалаушы, 2015 жылы 16 ағаш ұстасы, 2018 жылы 12 тас қалаушы, 2019 жылы  22 ағаш ұстасы, 2020 жылы 40 құрылыс шебері, электрслесарі, 2021 жылы 57 құрылыс шебері, 2022 жылы 36 ағаш ұстасы, техник-құрылысшы   біліктіліктерін алған.

Арал көпсалалы колледжі де ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану  мамандықтарында жыл сайын студенттер қабылдайды. Мұнда олар кеңбейінді құрылыс шебері, құрылыс слесарі, құрылыстың құрғақ әдісі жөніндегі маманы, ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері біліктіліктері бойынша білім алады.

«WorldSkills» ұлттық чемпионатына колледж студенттері қатысып, облыстық «Тас қалаушы»  құзыреті бойынша жүлделі орындарды иеленіп жүр.

2020 жылы колледж базасына ауқымды қаражат бөлініп, 8 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл жұмысты жүргізген «АбзалПроект» ЖШС мен  Арал аудандық жұмыспен қамту орталығы бірлесе отырып, оқу орнының 16 түлегі құрылыс жұмыстарына тартылған.

Білікті құрылысшы, білімді маман – мықты, сапалы салынған ғимараттардың  кепілі. Сондықтан аймақта құрылысшылар дайындауға  үлес қосып келетін кәсіптік білім беретін оқу орындарының еңбегі зор.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<