– Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қандастардың елге келіп, ҰБТ тапсыруы мәселесі бойынша Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде шекараның арғы бетіндегі мыңдаған балаларымыз жоғары білім алуы үшін Атамекенге қол созып тұр. Ал қол ұшын беруі тиіс біздің Білім министрлігі не істеуде? Пандемияда шекаралар шегендеулі кезде Қазақстанға келіп Ұлттық Бірыңғай Тест тапсыруларың керек деп тұр. Ұлттық тестілеу орталығы қандастарды биыл 15 сәуірден 30 маусымға дейін қабылдайды. Әлемнің көп елдерінде шекараның жабық екенін ескеріп, пандемияның келесі толқындарының күштілігін байқасақ шекараның маусым айына дейін ашылмайтыны айқын. Яғни, біз Атамекенде білім алам деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін», – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, Үкіметтің 2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында қандастарға барынша жан-жақты қолдау көрсетілуі туралы айтылған.
«Шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы – атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау. Сол себепті, соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасап, квотаны 2 есе көбейту туралы тапсырма берген болатын. Алайда бұл гранттар ешқашан толық игерілген емес. Мысалы 2020 жылы 2022 қандасымыз Қазақстанда оқуға талаптанып, 930-ы ғана оқуға қабылданған. Енді олардың да оқуын жалғастыруы қиын болып тұр. Не үшін Атамекенде оқуға ниет білдірген барлық қандастарды қабылдап алмасқа?!. Көршілес Ресей барлық ТМД елдеріне бөлінетін грантының санын 2024 жылға дейін 30 мыңға көтеруді жоспарлап отыр. Ал біз оқуға келемін деп отырған өз бауырларымызға қолдан жасалған кедергілермен кеуделерінен кері итерудеміз. Шекараның жабық екенін біле тұра, оларға Қазақстан аумағына келіп тест тапсырасыздар деп талапты қалай түсінеміз? Бұны әйгілі мысалдағы түлкінің тырнаны қонаққа шақырып, асты жайпақ ыдысқа құйып беруінен де асқан мазақ деуге болады», – дейді Қ. Иса.
Сонымен бірге, 2020 жылы мыңға жуық қандас дайындық курстарына түсіп, онлайн түрде оқыған
«Оқуға мемлекеттік қаржы бөлінді. Ал енді сол балалар ҰБТ тапсырып ЖОО түсу керек. Олардың 90% шет мемлекеттерде, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Түркменстан т.б. тұрады. Енді олар пандемия тосқауылында қалай Қазақстанға келіп ҰБТ тапсырады? Сонда мемлекет қаржы бөліп, оқытып жарты жолда тастап кете ме? Көрші ел Қытайдан 2019 жылы оқуға 50-ге жуық бала келе алды. Қазір 300-ге жуық бала келуі ықтимал. Ал енді балалар шекара асып жеткенде, біздің Үкімет құшақ жайып қарсы ала қоя ма? Осы мәселелерді ескере отыра, шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың басқа да жолдарын қарастыруды сұраймыз.
1.ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету
2.Қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау;
3.Елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру;
4. Қандастарға ҰБТ-ны 2020 жылғы тәжірибені Іске асырып, онлайн қабылдау», – деп ұсыныс білдірді Мәжіліс депутаты.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<