Мамандық таңдау – мақсатқа жету

948

0

Қазір жастардың шет елдерде білімін арттырып, тәжірибе жинауына жағдай жасалған. Ал, мұндай барыс-келіс білікті маман даярлау ісіне айтарлықтай септесетіні анық. Облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының универ­ситеттері арасындағы екіжақты меморандумға сґйкес, Сыр жас­тары да бірнеше жыл бұрын осындай мүмкіндікке қол жеткізді. Бүгінде көрші мемлекеттің біліміне басым­дық берген жастардың бір­қатары туған жерге оралып, өз қабілеттерін жұмыс барысында іске асыруда. Олардың қатарында Аманбай Базарбай бар.

Ол қаладағы Т.Есетов атын­дағы №264 мектепті тә­мам­даған. Мектеп қабыр­ға­сында жүріп-ақ, тың тәжірибе жинауды қалағанын айтады.

– Адам болашағын болжай алмайды, тек жоспарлаумен шектеледі. Мен де бала кезімнен мектепті үздік тәмам­дап, өзім қалаған маман­дыққа тапсыруды ойладым. Арман мені алға жетеледі. Өзге елде оқып, басқа жерде біліміңді шыңдау, ел асып, жер көру, Қазақстанды талантты да талапты азаматтардың елі екенін паш ету – екінің біріне бұйырмайтын бақ. Алайда, мұның барлығын жүзеге асыруға болатынына уақыт өте көзім жетті. Мен де «Мәскеу болат және қорытпа институты» ұлттық зерттеу технологиялық университетінің ­Новотроицк филиалына оқуға түсіп, мақ­сатыма бір қадам жақын­дадым. Бастапқыда қиын болғаны рас. Өзге ел, өзге орта дегендей. Алайда, уақыт өте барлығына үйренісіп кеттік, – дейді Аманбай.

Кейіпкеріміз оқуды ой­да­ғыдай тәмамдап, туған жерге табан тіреуге, Сыр халқының игілігі үшін еңбек етуге асық­қанын айтады.

– Өткен жылы оқуды аяқ­тадым. Сырға келгеннен ке­йін облыстық «Жастар ре­сурс­тық орталығында» жұмыс берушілермен кездесу өтті және облыс кәсіп­орындарында түрлі экскурсиялар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде өз жолымды таңдадым. «Қызылорда элек­тртораптық бөлу компаниясы» АҚ-да бос жұмыс орны болды. Әңгімелесуден сәтті өтіп, тиісті құжаттарымды тапсырып, сонда жұмысқа орналастым, – дейді ол.

Аманбай жұмысқа еш кедергісіз орналасқан. Ал оның сұранысқа ие мамандықтарды зерделеп барып, дұрыс таңдау жасағанын байқауға болады. Себебі, қазір техника тілін меңгерген жастардың қатары аз екені рас. Жұмыс берушілер тарапынан жан-жақты, креативті ойлайтын және серпінді инновацияны жасауға қабілетті мамандарға деген сұраныс, әрине, кемімейді.

М.СНАДИН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<