Мектепке жүктелген міндет ауқымды

780

0

Биылғы оқу жылының басты жаңалығы балалар бұрынғыдай дәстүрлі форматта білім алады. Барлық мектепте санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылануда. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өткен аптада қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын сараласа, сейсенбіде шеткі аймақтар мен Сырдария ауданына қарасты Шіркейлі елді мекеніндегі білім ошағын аралап көрді.

Бүгінде облыстағы барлық білім ордалары жаңа оқу жылына дайын. Мектепке асыққан балалар енді бұрынғыдай мұғалімнен тікелей сабақ тыңдап, сыныптастарымен тақырыпты емін-еркін талқылай алады. Бұл оқу сапасының жақсаруына әсер ететіні белгілі.

Бірақ, бұл жолы эпидахуалға байланысты талаптар күшей­тілген. Ұстаздар мен ата-аналар мектепке «Ashyq» қосым­шасы арқылы ғана кіре­ді. Ал, оқушылар 5 сатылы дезин­фекциялық тексерістен өтіп барып, өз сыныптарына беттейді. Тағы бір айта кетерлігі, барлық мектепте «1 сынып – 1 кабинет» қағидасы енгізілген. Оқушылар қоңырау сайын пәнге байланысты сынып өзгертпей бір кабинетте ғана білім алады, яғни орын ауыстырамын деп залда топтасып қалуына жол берілмейді.

Алдымен өңір басшысы М.Шоқай атындағы №187 ІТ мектеп-лицейіндегі оқу жылына даярлық барысын пысықтады. Білім ошағының кіреберісіне турникет, одан кейін дене қызуын өлшейтін құрал орна­тылған. Мұнан кейінгі тағы бір ерекшелік, осы оқу жылынан бастап мектеп ғимаратында орта­лықтандырылған дабыл нүктесі және арнайы күзет мамандары жұмыс жасайды. Оқу процесін ұйымдастыру үшін мектепте инновациялық жоба да қолға алынды. Яғни, әрбір оқушыға QR-код енгізілген дербес карта беріледі. Онда оқушылар, ата-ана туралы деректер енгізілген. Ас мәзірі, кері байланыс және асханада төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Білім ордасында 1134 оқу­шы екі ауысымда білім алады, олардың 108-і алғаш рет мектеп табалдырығын ат­тайды. Айта кету керек, бү­гінде 115 мұғалімнің 108-і коро­навирусқа қарсы екпе алған.

Мұнан соң аймақ басшысы №212 мектеп-гимназиясына барды. Бұл мектепте де ереже ескерілген. Келушілердің тур­ни­кетпен кіріп, дене қы­зуы­ның өлшеніп, «Ashyq»-тан өтуі қадағаланады. Кіреберіс­те арнайы күзет қызметі ұйым­дастырылған, мектептегі тәр­тіпті, қауіпсіздікті сақтау мақ­­са­тында ғимаратқа 30 бейне­­бақылау камерасы орна­тылған.

– Мектептің 53 жыл­дық тарихында өзіндік базасы, педа­гогикалық ұжымы қалып­тасты. Өткен оқу жылында 33 мектеп түлегінің 32-сі ұлттық бірыңғай тестке қатысып, оның 20-сы жоғары оқу орын­дарының мемлекеттік грантын ұтып алса, қалғандары қалаған мамандықтары бойынша колледж гранттарын иеленді, бірқатары ақылы негізде білім алады. «Алтын белгіні» иеленген 8 түлегіміз де жоғары нәтиже көрсетті.

Жақсы жаңалық, биыл мектепте 1288 оқушы білім алады, яғни өткен жылға қара­ғанда 38 оқушыға көбейіп отыр. Сондықтан сынып саны да артты. Осы шағын аудан­дағы тұрғындардан бөлек, басқа шағын аудандағы ата-ана­лардың да баласын оқыту үшін біздің мектепті таң­дағаны қуантады, – деді мектеп директоры Бауыржан Ахмедияров. 

Айта кету керек, биыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жылына толық дайын бол­ғанымен, 1968 жылы са­лын­ған білім ордасы күр­делі жөндеуді қажет етеді. «Сон­­дықтан жөндеу жүр­гізуге байланысты тиісті құ­жат­­тар дайындалып, жұмыс жасалуда» дейді мектеп басшысы.

Талаптарға сәйкес, ұстаздар вакцинаның толық курсын алған. Жағдаймен танысқан облыс әкімі оқушылардан бөлек ұстаздардың да маска­лық режимді қатаң сақтап, таза­лық жұмыстарын жиі ұйым­дастырып отыруды тапсырды.

Облыс әкімі Ақсуат ауыл­дық округінде орналасқан №268 мектеп-лицейіне де барды. Елді мекеннің демо­графиялық және географиялық жағынан үлкеюіне байланысты қазір мектепке қосымша құрылыс жүргізілуде. Сәуір айында басталған 200 орындық үш қабатты ғимарат құрылысы қыр­күйекте пайдалануға берілмек.

Ауылдық округке қарас­ты 300 орындықты бұл мектеп 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Биыл білім ошағында 1155 оқушы білім алады. Мұнда да оқу­шы­лардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін 21 бейне­бақылау камерасы, сани­тар­лық талаптарды сақтау үшін туннель, тепловизор орна­тылып, санитайзер мен антисептик кілем­шелері, кварц­тармен бар­лық сынып қам­тылған. Білім ошағында қызмет ететін ұстаз­дардың 98 проценті екпе алған.

Аймақ басшысы Сыр­дария ауданына қарасты Шіркейлі ауылындағы Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінің де жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Еңселі, жаңа мектепке кіргеннен-ақ, балалар саулығы үшін тиісті талаптар орындалғанын, тиянақты тірлік пен тазалықты байқайсың. Мұнда да бейнебақылау каме­ралары, дезин­фекциялық тун­нель, әр сыныпқа кварц шамдары мен санитайзерлер қойылған.

– Жаңа оқу жылында Сырдария ауданы бойынша 17 мектепте 8000-нан астам оқу­шы білім алады. Оның 805-і мектеп табалдырығын алғаш аттамақ. Оқулықтар мектептерге тара­тылды, ол үшін облыстық бюджеттен 43 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал, аудан ұстаздарының 97 проценті ін­детке қарсы вакцина алған. Бар­лық мектептер «Ashyq» жүйесіне енгізілген, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.

Байқағанымыз, дәстүрлі форматтан қол үзген біржыл­дық үзілістен кейін, мектептер жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындалған. Бүгінде олар­дың алдында оқу сапасын нығайтумен қатар, денсаулықты сақтау мәселесі де тұр. Сапар барысында облыс әкімі білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымоваға жаңа оқу жылына дайындықты тағы бір қадағалауды, талап­тардың толықтай сақталуын тапсырды.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<