«Мың балада» топ жарды

1250

4

Еліміздегі барлық ауылдардан үздік мың оқушыны іріктеу. Жуырда осы миссияны мойнына алған «Мың бала» республикалық олимпиадасы қорытындыланды. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, біздің өңірден бұл сайыста 300-ге жуық оқушы бақ сынап, оның 75-і жеңімпаз атанған. Соның қатарында жалағаштық Нұрдәулет Әділбек бар.

Нұрдәулет аудандағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейде оқыған, қазір қа­ла­дағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білімін шыңдауда. Үздіктер қа­тарынан табылсам деген мақсат қойған өреннің ата-анасы оның талмай талпынып, жетістікке жету жолында аянып қалмағанын айтады. Қазір соның нәтижесін көріп отыр. Ең бастысы, Нұрдәулет шын дарынның ауылдан шығатынын тағы бір дәлелдеді.

– Бұл олимпиада Тұңғыш Президент-Елбасы Акаде­мия­сы­ның қолдауымен өткізілді. Білім бәйгесіне үздіксіз дайындық жасадым. Олимпиада екі кезең бойынша ұйымдастырылды, қоры­тындысында 91 балл жинадым. Соның нәтижесінде Алматы қаласындағы физика-математика мектебіне жолдама алдым. Алайда, мұның алдында қаладағы НЗМ-нің іріктеуіне қатысқан болатынмын, оң нәтиже көрсеттім. Сондықтан туған жерде, ата-анамның жанында қалуды шештім. Қазір өзім қалаған мектепте тереңдетілген білім алудамын, – дейді Нұрдәулет.

Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл жай сайыс емес. Оған қатысуға ниет білдірген оқушы көп. Байқау барысында әрбір қатысушының креативтілігі, білімі есепке алынған. Мұндайда  қатар­лас­тарыңның арасынан суырылып шығуың, өзіңді дәлелдей білуің де үлкен еңбекті талап етеді.

– Бұған дейін бірнеше байқауда  жүлделі болдым, ғылыми жобаларда шыңдалдым. Ал, мына бәсеке маған үлкен мотивация берді. Өзіме деген сенім күшейді. Ауыл балаларына жасалған бұл қолдауға ризамын, – дейді ол.

Әңгіме барысында біз де Нұрдәулеттің осы қарқыннан таймай, ізденуін жалғастырса, бола­шақта талай білім бәсе­келерінде топ жаратынына сенім білдірдік. Ал, «Мың баланың» алдағы уақытта  тағы мыңдаған балаға мол мүмкіндік сыйлап, білім көкжиегін кеңей­туіне жол ашары анық.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<