Назарбаев Зияткерлік мектебінде алғашқы қоңырау соғылды

986

0

Қыркүйектің алғашқы күнінде Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Білім – елдің дәулеті» атты алғашқы қоңырау салтанаты өтті.

Онлайн режимінде ұйымдастырылған шарада мектеп директоры Бахыт Жұматай алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, өткен оқу жылының жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, мектепкке жаңадан қабылданған өрендерге алдағы уақытта сапалы біліммен қаруланып, алға қойған барлық мақсаттардың орындалуына мектеп қауымдастығы әрқашан қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Жаңа оқу жылының басталуын сипаттайтын бұл айтулы мерекеде мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бақытжан Сайлыбаев, пәндік олимпиадалардың жеңімпазы Гүлдана Сабитова және шетелде білім алып жүрген 2015 жылдың түлектері қызылордалық зияткерлерге өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.

Өз кезегінде балалар мектепке, ұстаздарына және бір-біріне деген сағыныштарын жасырмай, арнайы дайындалған бейнероликтерді тамашалау барысында қызығы мен қуанышқа толы білім ордасындағы өмірді бір сәт еске түсірді. Қоңырау соғу рәсімі ғылыми байқаулар мен олимпиада жеңімпазы Дамир Денеев және «Өркен» білім грантының иегері Бегайым Қаленқызы еншісіне бұйырды.

Содан соң, оқушылар Teams платформасында кураторлық сабақтарға қатысып, қашықтан оқудағы тиімді ресурстар мен Шаңырақ жоспарларын талқылады.

Сондай-ақ, бүгін оқушылар Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Әділдікке үндеген Қожа Ахмет Яссауи» тақырыбында жалпыреспубликалық «Адалдық сағаты» акциясына қосылып, Қызылорда облысы бойынша департамент мамандарының дәрісін тындады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<