Өтпелі кезең өзгерістері

1262

0

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы ұстаздар қауымы тарапынан зор қолдау тауып, жарқын болашаққа деген сенімімізді арттыра түсті.


Білім саласы мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі болғандықтан, Жолдаудың «Қолжетімді әрі сапалы білім беру» бөлімінде сандық білім беру мен білім саласындағы алдағы атқарылатын істерге жан-жақты бағам жасалуы қоғам тарапынан туындап отырған әлеуметтік сұраныстарға өз жауабын бергендей болды.


Ата-аналар, мұғалімдер тарапынан балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен толыққанды қамту жөніндегі Президент тапсырмасын орындауда қаржыландырудың ваучер тетігін қосуды ұсынуы да жақсы қабылданды. Алдағы уақытта қаржыландырудың ваучер тетігі мұғалімдерімізді қайта даярлау курстарында қолданысқа енуі олардың кәсіби біліктілігін арттыруда еркін бәсекелестікті қалыптастырады.


Төртінші тоқсаннан бастап қашықтан оқуға көшкен қала мектептерінің ҰБТ-ға қатысқан түлектері 100 процент жоғары оку орындарына түсіп, олардың 77 проценті мемлекеттік грант иесі атанды. Мемлекет басшысы шығармашылық және қолөнер негіздерін қамтитын балалар үйірмелерін ашуды, кәсіпкерлік негіздерін мектеп қабырғасынан оқушы бойына сіңіріп, еңбек адамын жан-жақты қолдап, мамандық таңдауда кәсіптік арнайы білім алуды алға тартуы – қазіргі уақыт талабы. Осы бағытта «Еңбек бағдарламасы» аясында 9 сыныптан кейін арнаулы кәсіби білім беретін оқу орындарына баратын оқушылар саны артып отырғаны қуантады.


Келер жылы ұстаздар жалақысы 25 процентке көтерілетіні бұл мемлекетіміздің білім саласына зор көңіл бөлуі, сонымен қатар 2020-2021 оқу жылы толыққанды жаңартылған білім жүйесіне көшу, сынып жетекшісі жұмысы мен дәптер тексеруге қосымша ақы төлеудің екі есе өсуі, магистрлік дәрежесі мен тәлімгерлікке ақы төлеудің енуі де әрбір мұғалімнің өз мамандығын жетік меңгеріп, сапалы білім берудегі қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында білім саласын жаңа белестерге көтеру міндеті тұрғандықтан, шығармашылық тұрғыда, кәсіби біліктілігі жоғары педагог қызметкерлер алдыңғы қатарда болуы тиіс.


Егер алған біліміміз ғылыммен ұштаспайтын болса, экономиканың инновациялық бағытта дамуы тежеледі. Осы түйінді мәселенің алдын алуда Президенттің 500 ғалымды әлемдік ғылым орталықтарда тағылымдамадан өтуге, «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсыруы мектептерде дарынды балалармен жұмысты жаңа қырынан ұйымдастыруды талап етеді. Үш артерия – Сырдария өзені, темір жол, халықаралық көлік магистралі бойында орналасқан Қызылорда қаласы ХХІ ғасыр көшінен қалмас үшін өскелең ұрпаққа қолжетімді сапалы білім беруді өтпелі қиын кезеңде босаңсытып алмауымыз керек.

Ләззат ӘБЕНОВА,

С.Толыбеков атындағы №3 ІТ мектеп-лицей директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<