Офлайн оқу: оқушылар арасында эпидахуал қандай?

750

0

Жаңа оқу жылы жақындағанда ата-аналар балаларының дәстүрлі білім алуына алаңдаушылық білдіргені анық. Оған себеп  коронавирус індетінің белең алуы еді. Оның үстіне, «күзде балалар көптеп ауырады екен», «балаларға вакцина салынайын деп жатыр» деген  ақпараттар да ата-ана үрейін үдете түскені анық. Осы кезде бір бөлігі оқушылардың онлайн оқығаны дұрыс десе, келесі бір тобы оффлайн оқуды  құптады. Әрине, бала саулығы бәрінен маңызды. Алайда бір жарым жыл қашықтан оқыған балалардың білім деңгейіне, болашағына алаңдамасқа тағы болмайды. Осыны ескерген мемлекет басшысы биылғы оқу жылында оқушылардың дәстүрлі форматта білім алатынын айтты. Бұл орайда білім беру ұйымдарына қатаң санитарлық талаптар қойылды.

Оқушылардың дәстүрлі түрде оқып жатқанына үшінші апта болды. Осы орайда оқушылар арасында эпидахуал қандай деген сауалмен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық  бақылау департаментіне хабарласқан едік. Мәліметке сүйенсек, жаңа оқу жылының 12 күнінде 163 оқушы індетке шалдыққан. Оның ішінде 120 жағдай мектеппен байланысты емес, яғни, жазғы демалыс кезінде үйде жұқтырып, карантинге оқшауланғандар.         Ал қалған 43 дерек оффлайн оқитындар арасында тіркелген. Осыған байланысты қарым-қатынаста болған адамдар шеңбері анықталып, 35 сынып оқушылары үй карантиніне жіберілген.

– Департаменттің аумақтық басқармалары 2020-2021 оқу жылында ерекше тәртіп бойынша мектептерге тексерулер жүргізді. 280 мектеп жоспарлы, 191 мектеп жоспардан тыс тексерілді. Нәтижесінде санитариялық қағидалар талабын бұзғаны үшін 252 санитариялық нұсқама, 324 әкімшілік айыппұл салынды. 3 мектептің санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеуіне байланысты олардың жұмысын уақытша тоқтату туралы облыстық ауданаралық экономикалық сотқа материал жолданды. Тексеру барысында анықталған кемшіліктер бүгінгі күні қалпына келтірілді, – деді департаменттің баспасөз хатшысы Айман Жанақаева.

Жалпы, департамент мамандары жүргізген талдаулар нәтижесі коронавирус инфекциясының барлық азаматтар арасында анықталып жатқанын көрсетті. Дегенмен, биыл аурушаңдық көрсеткіш 14 жасқа дейінгі балалар арасында артып отырғаны алаңдатуда. Мәселен, былтыр бұл санаттағы балалар арасында 302 жағдай тіркелсе, биыл 2285-ке дейін жоғарылаған. Оның 28%-і 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер арасында анықталып, жоғарылау тенденциясы байқалуда.

– Былтыр балалар арасында аталған індеттің симптомсыз түрі басым болды. Биыл керісінше, дене қызуының көтерілуі, құрғақ жөтел, іш өту, әлсіздік сияқты клиникалық белгілерімен дәрігерлерді алаңдатып отыр. Симптомды түрімен ауырғандар үлесі 52%-ті құрайды. Бұл коронавирус инфекциясының мутацияланған «дельта» штамының әсері деп болжанды, – дейді баспасөз хатшысы.

Сейсенбіде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 21 дерек анықталған. Белгілі болғанындай, барлығы үйде қарым-қатынас арқылы жұқтырған. Осы орайда мамандар ата-аналар тарапынан карантин талаптарының орындалмауы, той-жиындарға балаларды ертіп апаруы, сақтық шараларын елемеу салдары балалар арасындағы аурушаңдықтың өсуіне әсер етіп отырғанын айтады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<