Оқырмандар байқауына 37 мың оқушы қатысты

959

0

Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтанда «Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» республикалық балалар оқырмандар сайысы қорытындыланды. Аталған байқауды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты және Shugylakіtap бас­пасы ұйымдастырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында «оқитын ұлтты» қалыптастыру үшін жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамытуға және ілгерілетуге ерекше назар аударғаны белгілі. Осыған байланысты, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын ұлттық жаң­ғыру кезеңіне көшіру жөніндегі Жол картасына сәйкес балалар оқуының рес­публикалық конкурсы өткізілді. Бай­қаудың басты мақсаты – кітап оқуға деген қызығушылықты қалыптастыру, өс­келең ұрпаққа өз елі үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеяларын терең түсіну. Байқауға Қазақстанның барлық өңірлеріндегі 3 600-ден астам, жалпы білім беретін мектептерден 37 мыңнан астам орта буын оқушылары қатысты. Байқау процесі өңірлер әкімдіктерінің, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің көмегімен ұйымдастырылды.

Қорытынды республикалық кезеңге Қазақстанның бес өңірінен 25 бала қа­тысты. Байқау барысында қатысушылар туған өлкенің тарихы, мәдениеті, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының принциптері бойынша сұрақтарға жауап беріп, квестке қатысты. Нұр-Сұлтанда «Руха­ни жаңғыру» қазақстандық қоғам­дық даму институтының кеңсесін­де рес­публикалық конкурстың жеңім­паз­дарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Бо­лат Тілепов, «Рухани жаңғыру» КеАҚ бас­қарма төрағасы Асылбек Есенбаев, облыс әкім­дерінің орынбасарлары, жеңімпаз өңір­лердің білім басқармаларының басшылары және тікелей байқауға қатысушылар қатысты.

Байқауға қатысушыларды құттықтай отырып, Б.Тілепов: «Аталған байқаудың оқу-танымдық базасы болып табылатын кітаптар Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері, мәдениеті, салт-дәстүрлері, тарихи ескерткіштері, киелі орындары туралы баяндайды. Ғасырлар даналығы, халық мақалдары, мәтелдер, жұмбақтар түрінде, сондай-ақ таулар мен даланың аңыздары оқушылардың ой-өрісін ке­ңейтіп, ұлттық кодтың сақталуына ықпал етеді», деді.

Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес, бесінші орынды Жезқазған қала­сының «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Назым Жол­тай иеленді. Төртінші орынды Ақ­төбе облысы Шалқар ауданы облыс­тық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының оқушысы Фа­тима Муапыкова алды. Үшінші орынға елордалық №86 мектеп-гимназиясының оқу­шысы Ералы Қозы ие болды. Екінші орын­ды Байқоңыр қаласындағы №273 орта мек­тептің оқушысы Ұлдай Қаратаева жеңіп алды.

«Сен туған Қазақстаныңды білесің бе?» деген тақырыпта Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы №5 орта мектебінің оқушысы Жанель Тоқанова баяндама жасады. Жеңімпаздар арнайы грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара соңында Ақпарат және қо­ғамдық даму вице-министрі Б.Тілепов аудандар мен қалалардың мектеп кітап­ханаларының жеңімпаз оқушыларына кітап оқуға деген қызығушылығын одан әрі арттыру үшін бірқатар көркем кітап түрінде сыйлықтар жіберілгенін атап өтті.

Егемен Қазақстан кз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<