Қан құю аурудан айықтырады

1401

0

Қан құю арқылы науқасты коронавирустан айықтыруға болады. Облыстық қан орталығы мамандары COVID-19 инфекциясына шалдыққандардан иммунды плазма дайындауды бастады. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Кеселдің орташа, ауыр түрін жұқтырғандардың кейбірінде ау­руға қарсы иммунитет пайда болатын көрінеді. Орталық ма­мандары осыған дейін кеселді жеңген 25 адамнан сынама алып, оның 17-де дертке қарсы антидене бар екенін анықтаған. Германиядан әкелінген 100 сы­нама тест 1 сағат ішінде адамда COVID-19-ға қарсы иммунитет бар-жоғын анықтап береді.

Мамандар осыған дейін ко­ронавирустың ауыр түріне шал­дыққан 5 адамға иммун­ды плазманы құйып көрген. Нәти­жесінде олардың бәрі ауруынан айыққан. Бұл антиденелер COVID-19 індетімен ауырып шық­қан адамның бойында 3 айға дейін вирусқа қарсы күреседі.

«Аймақ тұрғындары инфек­цияға қарсы иммунитеті бар-жоғын білгісі келсе, облыстық қан орталығына барып, ақылы түрде тексеріле алады. Егер иммунитеті бар болса, қалауы бойынша иммунды плазма тап­сырып, оны ақылы түрде орта­лықтың плазма банкінде сақтап қоя алады. Келешекте індетпен туысы науқастанса немесе өзі қайталап ауырса, өз плазмасы өзіне пайдалану үшін жарамды. Плазма бұл жерде 3 жылға дейін сақталады», – де­лінген хабарламада.

Соңғы уақытта донорлар екі есе азайған. Орталық мамандары иммунды плазма дайындау мақ­сатында қауіпті індетпен ауыр­ған тұрғындарды қан тапсырып, өзгеге өмір сыйлауға шақырады.

«Сб» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<