Қызылордадағы НЗМ түлектері аттестат алды

1175

0

Бүгін Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлектеріне мектеп бітіру туралы аттестаттарын табыстау салтанатты шарасы өтті, – деп хабарлады мектептің баспасөз хатшысы Елена Рыбина.


Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шара санитарлық талаптары қатаң сақталған режимінде өтті. Дегенмен, бұл бітіруші сыныптардың көңіл-күйіне әсер етпеді.

Жас түлектер сыныптастарымен қайта қауышып, балалық шақ бекетінде өткізген қуанышты сәттері мен қол жеткізген жетістіктерді еске алып, шаттық нұрына бөленді.


Биыл 101 бітіруші жас «Мектеп жылдары» атты парақты жауып, жаңа ересек тәуелсіз өмірге аттанып отыр. Олардың 14-і алтын ұяны «Алтын белгі» және ерекше үлгідегі аттестатпен тәмамдады.

Бүгінде 23 зияткер Назарбаев Университетіне оқуға қабылданса, 3 түлек АҚШ, Чехия және Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының 100% білім гранттарына ие болды. Тағы 6 жас Америка, Оңтүстік Корея, Қытай, Түркия, Венгрия және Испания елдерінің университеттерінде оқуға жартылай гранттар мен оқуға жеңілдіктерге қол жеткізді.


Салтанатты жиында түлектер білім мен ақыл-кеңестерін аямаған ардақты ұстаздарына жылы лебіздерін жеткізді.


Мектеп ұжымы атынан мектеп директоры Бақыт Жұматай түлектерді құттықтап, жаңа өмірлерінде сәттілік тіледі.


– Мектебіміздің негізгі ұстанымдарының бірі – түлектеріміз жоғары академиялық терең біліммен қаруланған, үш немесе одан да көп тілді жетік меңгерген, кең ауқымды дағдылары қалыптасқан, еліміздің және әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсуге қабілетті, белсенді азаматтық ұстанымы бар, ұлтжанды тұлға болып тәрбиелеу. Бүгінде сіздердің жеткен жетістіктеріңізді саралай келе барлық көздеген мақсаттарымызға жеттік деп айта аламын, – деді ол.

Сб-ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<