«SAMGAU» жаңашылдық жолында

1363

1

Облыстағы аудан орталықтарында қосымша білім беру орталықтары жетерлік. Ал Шиелі кентіндегі «SAMGAU SCHOOL» жайлы естіп пе едіңіз?! Биылдан бастап жеке бастауыш мектеп болып құрылып, ауылдық жерлердегі оқушылардың қосымша білім алуына үлкен көмек беріп жүр.

Бұл бір жағынан, аудан орталығына тым жақын орналасқан елді мекендердегі балалардың барып-келуіне қиындық тудырмайды екен. Одан бөлек, көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балаларға тегін білім алуына қосымша мүмкіндік жасаған. Тіпті, Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараков жеке мектептің ашылуына ризашылығын білдіріп, өз тарапынан осындай санаттағы 10 баланы тегін оқытуға қолдау білдірген.

Мектеп директоры – Мөлдір есімді жергілікті тұрғын. Қарапайым ғана қазақтың білімді қызы. Мамандығы шет тілінің мұғалімі. Ағылшынша төгіліп тұр. Облыс орталығынан жоғары білім алған ол қосымша магистратурада оқыпты. Мәскеу мен АҚШ-та білім жетілдіріп, тәжірибе сынағынан өткен. Тіпті Түркия мемлекетінде аудармашы болып та қызмет істеген. Айналасы аз жылда ағылшын тіліне әбден ысылған Мөлдір соңында туған жерге, өскен елге қызмет қылсам деген арман жетегімен Шиеліге қайта оралған.

– 2012 жылы магистр атағымды алғаннан кейін, №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейге ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып орналастым. Ал келесі жылы көптен ойымда жүрген «ENGLISH WORLD» деп аталатын ағылшын оқу орталығын аштым. Өйткені, шет тілін үйрету бізде әлі кем болып тұрды. Ол 2015 жылдан бастап бастауыш сынып оқушылары мен орта буын оқушыларын барлық пәндер бойынша дайындайтын оқу орталығы болып кеңейді. Былтыр «SAMGAU» оқу орталығын аштық. Онда көпбалалы отбасынан шыққан оқушылар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушыларға қолдан келгенше тегін және жеңілдік арқылы оқытуға жағдай жасадық. Биыл өзіңіз көріп отырғандай, жаңа оқу жылынан бастап жеке мектеп құрылды, – дейді  «SAMGAU SCHOOL» жеке бастауыш мектебінің басшысы Мөлдір Дүйсенова.

Өз қаражатымен екі қабатты мектепті тұрғызған Мөлдір 20-дан астам педагогты жұмысқа алыпты. Оның 80 проценті жоғары санатты пән мұғалімдері. Бір қызығы, бұл мектепте бала санына шектеу бар. Бір класта 10-12 оқушыдан ғана болу тиіс. Әрі әр класқа екі жетекші тағайындалған. Бірі тәжірибелі, еңбек өтілі көп мұғалім болса, екіншісі – жас маман. Мектеп басшысының айтуынша, ұстазға да, балаға да бұл – өте тиімді әдіс. Бір жағынан жас маман тәжірибелі мұғалімнен көп нәрсені үйренсе, екінші жағынан өзінің жаңашыл ойларымен жанындағы әріптесін толықтырып тұрады.

– Бұған дейін, мектеп емес, оқу орталығы болып тұрғанымызда, жыл сайын 50-60 баланы тегін оқытатынбыз. Биыл да сол үрдістен жаңылмадық. Осы мектепке көмекке мұқтаж отбасынан шыққан 10 оқушыны өз атымнан тегін қабылдадым. Бұдан бөлек, демеушілердің көмегі арқылы тағы 10 оқушы мектепке ақы төлемейді. Аудан әкімінің көмегінен бөлек, Шиелі жұртына белгілі кәсіпкер аға-апаларымыз да баланың білім алуына бей-жай қарамайтынына мұғалімдер атынан алғыс айтамын. Олар жағдайы төмен 2 немесе 3 оқушының ай сайынғы төлемін өз қалтасынан өтеп отырады, – дейді Мөлдір.

90 орындық мектепке келушілер қатары қалың. 10 және 30 мың теңге арасында айлық төлемі бар білім мекемесінде үш мезгіл тамақ жағы да қарастырылған. Би үйірмесі қосымша жұмыс істейді. Ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға күш салынған. Мысалы, күнделікті мектепте екі рет шет тілі оқытылса, мұнда аптасына бес күнгі оқу жоспарында да осы тілді меңгертуге мән берілген. Ал сенбі-жексенбі күндері бітіруші түлектер тест сынағына дайындалатынға ұқсайды.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<