Сандық форматтағы сайыс

759

0

Қазіргі жаһандану заманында әлемнің барлық дамыған елдері білімге, ғылымға және жаңа технологияны игеруге айырықша көңіл бөлуде, ел бюджетінің қомақты бөлігін білім саласына арнауда. Бұл елдер заман талабына, халықтың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендірілген, әр оқушының қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламалары арқылы жас ұрпаққа білім беруде. Яғни, адам капиталын дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда.

Өйткені, болашақта кез келген елдің табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен айқындалады. Осыны білген ата-бабаларымыз сонау бағзы замандардың өзінде «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», – деп бекер айтпаған. Сонымен қатар, білімді жас ұрпақтың бойында ұлттық рух міндетті түрде болуы тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жыршылдығы, Құрманғазының күйлері және ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлардың барлығы біздің рухани байлығымыздың бір парасы ғана. Елдің өркендеуі үшін өткен тарлан тарих, жасампаз бүгінгі күн және жарқын болашақтың көкжиектері өзара үйлесімді сабақтасып тұрулары қажет.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», -деген еді. Жастарды Отаншылдық рухта тәрбиелеу үшін мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңызды екенін баса айтқан болатын.

Ұлағатты ұстаз, тарих пәнінің мұғалімі Сәден Нұртаев сонау 1960-жылдардың өзінде Қазақстанда алғашқылардың бірі болып туған өлкенің тарихын зерттеу жұмыстарын оқушылармен бірлесе жүргізген еді.

Сәден ағамыз жастайынан туған өлке мен туған ауыл тарихына, өңірден шыққан оқымыстылар, би-шешендер, ақын-жырауларға қатысты әңгіме, толғау-қиссаларды құлағына құйып, дастан-жырларды жадына жаттап өскен. Онжылдық мектептен кейін Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтты аяқтап, Ақтөбе, Ақжар және Жаңақала ауылдарындағы мектептерде тарих және қоғамтану пәндерінен дәріс берген. Сабақ өту барысында кітапта жазылған жалаң оқиғаларды сол қалпында баяндай салмай, әрбір тарихи оқиғаны өмірмен тікелей байланыстыра, оның өмірде қолданылуы жағына басты назар аударып отырған. Бұл дегеніңіз қазіргі уақытта білім жүйесінде күн тәртібінен түспей тұрған оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың нақ өзі емес пе?

Сол кезеңде Республикада Халық ағарту министрлігі тарапынан дәрістерді арнайы кабинеттерде оқыту бағдарламасы қабылданып, орта мектептерде кабинеттік оқыту жүйесі кеңінен қолданысқа ене бастайды. Осы бағдарламаның мақсатын ең бірінші болып іске асырып, өзінің тәжірибесін баршаға таратқан Қармақшының қиян шеттегі ауылы, «Жаңақала» совхозындағы №185 мектептің мұғалімі Сәден Нұртаев болды.

Кабинеттік оқу жүйесі жөнінен іс-тәжірибесін көрсету сайысында алдымен ауданнан, сосын облыстан, онан кейін республикадан 1-орын иеленіп, КСРО Халық ағарту министрінің орынбасары К.Ножко және Республика Компартиясы хатшысының Құрмет грамоталарымен марапатталады. Сәден Нұртаевтың кабинеттік жүйе және оның тиімділігіне арналған мақаласы 3 миллион тиражбен Мәскеуден шығатын одақтық «Наука и жизнь» журналында жарияланады.

Мектеп жанынан музей жасалып, оған жәдігерлер жинақтауға мектептің барлық оқушылары белсене кіріседі. Сәден ағайдың оқушылары «Сырлытам», «Ақмырза», «Қандыарал», «Қарақ», «Қосқала», «Құмқала» сияқты тарихи орындарға қазба жұмыстарын жүргізген. Көптеген көне тұрмыс заттарын, қару-жарақ, бүтін қыш ыдыстар, ою-өрнектері бар бұйымдар тауып, мектептегі тарих музейіне тапсырып отырған. Жаңашыл мұғалім құрған музей қызметімен танысу мақсатында облысқа келген Республика білім басшылары ғана емес, партия басшылары да құм ішіндегі ауылға жиі соғып тұрған.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы«Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында «Біздің мыңжылдыққа ұласатын шежіреміз бар, мақтаныш тұтатын бабаларымыздың тарихи ерліктері бар. Бөле-жара қарау мүмкін емес рухани қазынамыз бар» – деп, рухани жаңғыру жолы жайлы тебірене айтқан болатын.

Өткен ғасырдың 60-жылдарында ұлағатты ұстаз Сәден Нұртайұлы шәкірттерін ұлттық тамырдан ажырамауға, өткенімізді ұмытпай, тарих сабақтарынан тағылым алуға, рухани дүниемізді жаңғыртуға шақырып, жас ұрпақтың жанына жалын жаққан еді. Мұндай кемел ойлы, кең кеуделі кісінің өнегесін насихаттау кейінгі ұрпақтың ұлт рухын бойына сіңіріп өсуіне ықпал етері сөзсіз.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты КСРО білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындағы тарих пәнінен 9-10 сынып оқушылары арасында Олимпиаданы 2018 жылдан бері өткізіп келеді. 2018 жылы облыстық деңгейде, 2019 жылы Республикалық деңгейде ұйымдастырылған аймақтағы алғашқы цифрлық форматтағы Олимпиадалар Қармақшы ауданының Ақжар ауылындағы №28 мектеп базасында өткізілген болатын. Өйткені, С.Нұртаев ағамыз 1960-65 жылдары осы мектептің директоры болып абыроймен қызмет атқарған.

Бұл Олимпиадалардың басты ерекшелігі – адам факторының ешқандай әсері болмауында. Оқушы тек компьютермен ғана байланыста болады, нәтиже заматында халықтың алдында жарияланады. Егер оқушыға көмектесе алатын бір адам бар десек, ол – тек оқушының өзі.

Биылғы Республикалық Олимпиада Әлемде және елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты 2021 жылдың 19 мамырында онлайн форматта институт базасында өтті. Олимпиада жұмысына Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов,Облыстық білім басқармасының басшысы А.Қасымова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры Б.Елеусінов, ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың бел баласы, қоғам қайраткері, белгілі меценат Р.Нұртаев және ағайын-туыстары, институт қызметкерлері қатысты.

Білім бәсекесіндеАтырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары, Шымкент қаласы және Қызылорда облысының (қалалық/аудандық) жалпы білім беру ұйымдарының 9-10 сынып оқушылары бақ сынады.

Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың Қазақстан тарихы пәніне деген интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін айқындау және дамыту, дарынды оқушыларды қолдау, оқушылар арасында ғылымға деген қызығушылықты арттыру.

Олимпиада 2 тур бойынша өткізілді.І турда қатысушылар ZOOM платформасына қосылып, Google Форма арқылы жасалған тестке онлайн жауап береді. Тестке сілтеме платформа чаты арқылы жіберілді. Турдың қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған 9-сыныптан 8 (сегіз) және 10-сыныптан 8 (сегіз) қатысушы ІІ турға жолдама алды.

ІІ турда қатысушылар ZOOM платформасына қосылып, Power Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаларға онлайн жауап беру арқылы ұпайлар жинады. Ұпай қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар жеңімпаз және жүлдегер атанды.

9 сынып оқушылар арасында:

І жүлделі орын иегері – Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы Т. Жүргенов атындағы № 123 мектеп-лицей оқушысы Еспанов Азамат Каналбекұлына 100 000 теңге қаржылай сыйақы;

ІІ жүлделі орын иегері – Батыс-Қазақстан облысы, Орал қаласы С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы Мурзағали Аружан Райзоллақызына 70 000 теңге қаржылай сыйақы;

ІІІ жүлделі орын иегері – Түркістан облысы, Шымкент қаласы № 130 жалпы орта мектеп оқушысы Ырзалық Інжу Абдулсерікқызына 50 000 теңге қаржылай сыйақы табысталды.

10 сынып оқушылар арасында:

І жүлделі орын иегері – Батыс-Қазақстан облысы, Орал қаласы С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат оқушысы Сүйеніш Назерке Ерболатқызына 100 000 теңге қаржылай сыйақы;

ІІ жүлделі орын иегері – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы № 3 мектеп-интернат оқушысы Сеилхан Қарагөз Темірханқызына 70 000 теңге қаржылай сыйақы;

ІІІ жүлделі орын иегері – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы Е. Бозғұлов атындағы № 249 мектеп-лицей оқушысы Нұрғазы Олжас Ғабитұлына 50 000 теңге қаржылай сыйақы табысталды.

Олимпиада қорытындысы бойынша ақтық турға жолдама алған номинация иегерлеріне Диплом мен 10 000 теңгеден қаржылай сыйақылар табысталды.Олимпиадаға қатысқан барлық оқушылардың жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды.

Олимпиада соңында Р.Нұртаев жеңімпаз оқушыларға жылы лебізін білдіріп, білім сайысының жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан Қармақшы ауданы, Ақжар ауылы №28 орта мектебінің директорына, институттың екі қызметкеріне демеушілер атынан Түркістан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Ақ-жайық» шипажайына жолдамалар берілді.

Республиканың тоғыз облысынан білім сайысына қатысқан үздік оқушыларалдағы уақытта ұлағатты ұстаз С.Нұртаевтың еңбекке толы өмір жолын жадына жинап, тағылымы мол тарихшының тәлімге толы зерттеулерін зерделеп, Ұлы Даланың ұлылығын ұғынуды басты мұрат етері хақ.

Бауыржан Елеусінов,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<