ШЫҒЫСТА ДА СЫР ЖАСТАРЫ ШЫҢДАЛУДА

513

0

Мемлекет басшысы «Қазақ­станның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында жаhандық дағдарыс кезеңінде елімізге әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі міндеттерін нұсқап, «Жалпыға ортақ еңбек қоғам идеясын» ұсынды. Елбасының осы бастамасын негізге ала отырып Қазақстан Республикасы Үкіметі 2014 жылы алғаш рет жастар мәселесіне арнап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!” атты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарлама дәл қазіргі уақытта да ерекше өзекті.
Еліміздегі Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Алматы және Жамбыл облыстарында ұрпақ туу көрсеткіші жоғары екендігі белгілі. Сонымен қатар, бұл аймақтарға көшіп келушілер санының қатары қалың екені даусыз. Осы екі фактор бір жағынан ұлттық демографияға қомақты үлес қосса, екінші тараптан  – жұмыссыздық мәселесін туындатып отырғаны да рас.
Жоғары білім алып, еңбекке араласа алмай жүрген жастар мәселесі де көбіне осы аймақтарға тән. Нарықтың қарқыны еселеп, еңбек күші артып тұрған кезеңде кадрлық сұраныс көрсеткіштері әлі төмен дәрежеде. Керісінше, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс облыстарында еңбек қорының төмен деңгейі анықталып отыр.  Негізгі  себеп  – демографиялық көрсеткіштің төмендігі және жастардың басқа елге көшу көрсеткішінің ұлғаюы. Нарықтық шолу  барысында, 9 өңірде өнеркәсіптік мекемелер еңбек күші жетіспеушілігінен, өз әлеуетін толыққанды жүзеге  асыра алмай отырғаны мәлім болған.
Шығыс Қазақстан облысында 1000-ға жуық орта және ауыр, түрлі-түсті металлургия өнеркәсібі мекемелері нарықта өз орнын алып, мемлекетіміздің дамуына қомақты үлес қосып келеді.
Шығыс Қазақстан – тарихы терең, табиғаты әсем өңір. Әріден таратсақ, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, беріде Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Оралхан Бөкеев сынды тұлғалар туған жер.
Бұл өлкеде табиғаттың, мәдениеттің, тарихтың ең жарқын ескерткіштері мен Алтайдың сирек кездесетін жануарларының таралу ареалдары, қорықтары орналасып, мемлекеттік реестрге  тіркелген.
Осы табиғи көрінісі әсем, ландшафтық сұлулығы әлемді тамсандырған, жерасты, жерүсті қазбаларымен мәшһүр болған  аймақта 65 жылдық өнегелі тарихы бар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жастарға сапалы білім, толымды тәрбие береді. Университет білім беруді биік дәрежелі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен ұштастыра отырып, қазіргі таңда  магистратура, қосымша білім беру, PhD-докторантура бағдарламалары бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыруда.
Университет үш сатылы «бака­лавриат-магистратура-PhD докторантура» мамандар даярлаудың заманауи жүйесіне толығымен көшкен. Бакалавриаттың – 45, ма­гистратураның – 30, PhD док­то­рантураның 3 мамандықтары бо­йын­ша білім беру үрдісі жоғары деңгейде шыңдалуда.
Елбасы Жолдауындағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» бөлімінде «Біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады»  және «…өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс!» деп ерекше ұран тастады.  Осының дәлелі ретінде,  білім алушыларды басқа шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып оқыту мақсатында 10-нан астам шет мемлекет университеттерімен келісім жасалған. «Серпін» жобасының жастары Польша, Қытай, Чехия елдерінің жоғары оқу орындарында білім алуда. Алдағы уақытта жастарымыз басқа да Еуропа, Азия университеттерінде оқитын болады. «Серпіндік» жастар, оқу орнының «Көптілдер орталығы» ұйымдастырған үйірмелері мен курс­тарында ағылшын тілін мең­геріп, жоғары жетістіктерге жетуде.
«Серпін» студенттер, қоғамдық жұмысқа, ғылыми шығармашылық сайыстарға белсене қатысады. Олардың басым бөлігі – Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген жастар. Бұл жастар «Республикалық халықаралық бағ­дар­ламалар» орталығының ұйым­­дастыруымен 4 жыл бойы өткізіліп жатқан шараларға белсенді түрде ат салысып, көптеген марапаттарға ие болуда.
«Серпін» жобасының аясында Сырдан келген жастар Шығыс елінде білім мен тәрбие алып, өмір­дің үлкен жолына шыңдалуда. Мем­лекетіміздің келешегі, арқасүйер білікті азаматы болатын, жас­тарды кенді Алтай аймағына жолдап, олардың ата-аналарына қолдау көрсетіп отырған Қызылорда облы­сының әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа шексіз алғысымызды білдіреміз.  
2017 жыл қорытындысы бойынша университеттегі «Жас отан» жас­тар қанатының төрағасы Қайыржан Басбақбаев «Үздік жас көшбасшы» атанды.  Сонымен қатар, «Серпін» жобасы жастарының облыстық студент-көшбасшысы Салтанат Мұхтарқызы, «Бастауыш білім беру­дің педагогикасы мен әдіс­те­месі» мамандығының 4-курс сту­денті Мақсат Әбді, «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 3-курс студенті Назгүл Төлегенова, «Физика» мамандығының 3-курс сту­денті  Маржан Ибаділдаева, «Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» маман­дығын игеріп жатқан Арайлым Панабек, «Кәсіптік оқыту» ма­мандығына оқитын Перизат Әнафия, «Информатика» маман­дығының 4-курс студенті Динара Базарбай, «Материалтану және жаңа материалдар технологиясы ма­мандығының 3-курс студенті Гүлайым Абдували, «Әлеуметтік пе­дагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 2-курс студенті Гүлбибі Сейдәлі сынды жастар өз қатарларына үлгі.
Студенттердің бәрі де жатақ­­ханалармен, жолақы, шәкірт­ақымен, медициналық қыз­метпен қамсыз­дандырылған. Бағдар­ламаның түбегейлі міндеті – студенттерге сапалы білім беріп, маман ретінде дайындаумен қатар, қызмет орнымен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау көрсету. Ер балалар соңғы екі жылда, қыздар үшін негізгі оқуымен қатар әскери бөлімде қосымша білім алу мүмкіндігі жасалған.
Университетте аталған жоба бо­йынша 738 студент білім, тәр­бие алуымен бірге ғылыми-сту­денттік, іздену-шы­ғар­­ма­шы­лық жұмыстарымен шұ­ғыл­­данады. Студенттердің оқу үлгерім көр­сеткіші мен білім сапасы жоғары деңгейде (95,5%). Оңтүстік аймақ­тарынан ақылы оқу негізінде келген білімгерлер  босаған ваканттық «Серпін» квотасы аясындағы мемлекеттік білім беру гранттарына ауыстырылады, оларға қойылатын талап: жақсы оқу үлгерімі және қоғамдық жұмысқа белсене қатысу. Мысалы, 2015 жылы – 10,  2016 жылы – 11, 2017 жылдың қыркүйек айында – 17, ақпан айында11 студент Білім және ғылым министрі мен ШҚМУ ректорының бұйрықтарымен ақылы оқу түрінен мемлекеттік білім беру грантына ауыстырылып, тегін оқу мен шәкірт ақы алу мүмкіншілігіне ие болды.
Екі облыс арасындағы байланысты бекемдей түсу мақсатында «Кенді Алтайдан қасиетті Сыр еліне сапар» шарасы аясында кәсіптік бағдар беру жұмысын өткізу мақсатында ШҚМУ ректоры бастаған оқытушы-студенттер тобы Қызылорда облысының аудандарында мектеп түлектерімен, Өскеменде білім алып жатқан студенттердің ата-аналарымен кездесу ұйымдастыруда.
Осы мақала арқылы Қызылорда өңірі жастарының ата-аналарына, туыстарына, ұстаздарына, мектеп басшыларына түлектерге тамаша  білім мен тәрбие бергендері үшін С.Аманжолов атындағы оқы­тушылық-профессорлық ұжымы атынан ризалығымды білдіремін.
«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кө­шінде «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін» жоба­сының аясында оқып жатқан жастардың ерекше тарихи орны бар екеніне кәміл сенімдімін!
Мұхтар ТӨЛЕГЕН,
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан
мемлекеттік университетінің ректоры, профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<