Ұстаздардың шыңдалу мектебі

497

0

2002 жылдан бастап облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің демеушілігімен және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «Жаңақорған» шипажайы базасында елімізде ешқандай аналогы жоқ «Тәжірибе алаңы» жобасы облыстың шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздарына арналып дәстүрлі түрде өткізілуде.

«Тәжірибе алаңының» мақсаты  –  облыс мектептерінің шығарма­шы­­лықпен жұмыс жасайтын мұға­лім­дерінің озық тәжірибелерін анық­­тау және тарату, ұстаздардың шы­ғар­­машылық әлеуетін, кәсіби шебер­лігін дамыту.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің са­пасы алшақтап барады» деп атап өт­кен болатын. «Тәжірибе алаңы» жобасына қатысатын мұғалімдердің 90%-і – ауыл мұғалімдері. Жоба жоспарына сәйкес ауыл мектептерінде еңбек ететін ұстаздардың кәсіби шеберлігін дамыту арқылы ауыл оқушыларының білім сапасын арттыруға болады. Технологиялар ерекше дамыған за­ман­ның өзінде білім сапасын қам­тамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады.

Биыл жыл басында 17-рет өткізілген дәстүрлі облыстық «Тәжірибе алаңына» институт тренерлері, қа­лалық, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, облыс мектептерінің 80-нен астам шығармашыл мұғалімдері қатысты. Әр ауданнан келген ұстаздар жаңашыл тәжірибесімен бөлісті, кәсіби шеберлігін шыңдады.

Тәжірибе алаңының жоспарына сай төрт күн бойы түрлі тақырыпта әдістемелік және танымдық іс-шаралар өткізілді. Тренерлер Ж.Жұбауова, О.Орманов, Г.Әлиасқарова 80 мұға­лімнің қатысуымен сабақты тиімді жоспарлау, оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін пайдалану, бағалау үдерістерін жетілдіру бағытында фаси­литациялық сессия жүргізді. Сес­сия барысында  анықталған мұ­ға­лімдердің қажеттілігі бойынша «Қазіргі сабақ» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Мұнан соң мұғалімдердің шығармашыл идеяларын анықтау және қолдау мақсатында «Оқыту әдістемесін жетілдіру жолдары» тақырыбында идеялар аукционы ұйымдастырылды.

Тәжірибе алаңының бағдар­ла­масына сәйкес «Жаңартылған білім беру: өзгеріс, тәжірибе, нәтиже» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияда мұғалімдердің жаңар­­тылған бағдарлама идеяларын тә­жірибеге енгізудегі озық тә­жірибелері ортаға салынды. Сонымен қатар алаң барысында өткізілген тоғызқұмалақ, шахмат ойындарынан сайыстар, «Үздік әлеуметтік педагог-2020» байқауы, «Әзілің жарасса….» атты (эпиграмма, пародиялар мен көріністер, КТК) әзіл-қалжың кештерінде ұстаздар шығар­машылық ізденісімен қатар өздерінің сан түрлі қабілет-қарым­ын байқатты.

Шара аясында «Мұғалімнің жеке ізденіс зертханасы» кәсібилік көрмесі ұйым­дас­тырылып, шығармашыл мұғалім­дердің инновациялық жобалары, ғылыми ізденістері мен жетістіктері көрсетілді. Ұстаздар дайындап келген озық тәжірибе­лері әдістемелік құралдар мен нұсқау­лықтар, авторлық бағдарламалар, дидакти­калық материалдар сарапқа салынды.

Алаңда ұйымдастырылған «Алтын көмбе» танымдық командалық ойыны, «Үздік бейнесабақ – 2020» сырттай байқауы, «Брейнринг – 2020» таным са­ғаты да тартысты өтті. Өткізілген сайыстар барысында пән негіздері бойынша қойылған түрлі танымдық, пси­хологиялық және логикалық сұ­рақтарға дұрыс әрі жылдам жауап берген үздік командалар жүлделі орын­дарды иеленді. «Ауыл кеші көңіл­ді» атты өнер кешіне қалалық және аудандық білім бөлімдерінің коман­далары белсенді қатысып, көңілді әндер мен билер, әзіл-шыны аралас қойылымдар  көрсетті.

«Тәжірибе алаңы» барысында ұс­таз-ақындардың айтысы өткізілді. Ай­тыстың тақырыбы мұға­лім мәртебесі мен ұстаздар шығар­машылығына арналды. Ұстаз-ақындар өз өлеңдерінде астарлы әзіл-қалжың мен кестелі жырлары арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғап, көрермендердің көңілінен шыға білді.

Соңғы қорытынды күні «Тәжірибе алаңы: проблемалар, перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ко­митетінің төрағасы Г.Есқалиева шараны қорытындылай келіп, барлық қатысушы ұстаздарға алғысын біл­діріп, шығармашылық табыс тіле­ді. Тәжірибе алаңы жұмысының қоры­тындысы бойынша өткізілген шараларға белсенді қатысқан ұстаз­дар «Өрлеу» БАҰО» АҚ фи­лиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті атынан арнайы дипломдармен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.

Биылғы жылғы басқосудың басты ерекшеліктерінің бірі – шараға  жас мұғалімдердің белсенді қатысуы болды. Олардың жаңашыл жұмыстары мен шығармашылық ізденісін көрсетуі әріптестерін қуантты. Сондай-ақ алаңға қатысушы барлық ұстаздардың шығармашылық әлеуетінің жыл сайын артып келе жатқандығы да аңғарылды.

Осы 17 жыл ішінде «Тәжірибе алаңынан» 1500-ге жуық ұстаз шың­далып өтті, оның ішінде 100-ге жуығы мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары. Алаң жұмысына қатысушылардың арасынан аудандық білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары мен орынбасарлары шыққанын мақтанышпен айтамыз. «Тәжірибе алаңы» жобасы облыс ұстаздары арасында жоғары категориялы ұстаздар үлесінің көбеюіне де оң ықпалын тигізуде.

«Тәжірибе алаңы» озат шығармашыл ұстаздармен тығыз байланыста болуға, олардың қызметтік проблемалары мен шығармашылық әлеуетін дер кезінде аңғаруға, курстық және курстан кейінгі шаралар нәтижелілігін байқауға аса қажет. Институттың кәсіподақ комитетімен бірлескен маңызды жобаларының бірі.

Жалпы дәстүрлі «Тәжірибе алаңы» облыс ұстаздарының шын мәнінде кәсіби шеберлігін шыңдау және тәжірибе алмасу алаңына айналғаны айқын көрініс тапты.

Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,

«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы облыс бойынша ПҚ БАИ директоры,

профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<