Тарихтағы тоқсан жыл

1436

0

Тарих – өткен күндердің айнасы. Өңірде талай түлекті қанаттандырған И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжіне биыл – 90 жыл. Осы жылдар ішінде оқу орнын тәмамдаған азаматтар бүгінде биіктерді еңсерді. Білім ошағы өңірдегі маман тапшылығын жоюда өз маңызын жоғалтқан жоқ. Тарих сахнасындағы тоқсан жыл кәсіптік мектептің өміршеңдігін дәлелдеді.

Білім ошағында бүгінде екі мыңға тарта студент білім алса, оларды екі жүз оқытушы маман­дыққа баулуда. Колледж директоры Ибадулла Құттықожаев аға буын салған ізбен жастарды жарқын болашаққа бастап келеді.

«Өткен күнде белгі бар» дейді халық даналығы. Тарих беттерін парақтар болсақ, білім ошағы 1930 жылы агро-индустриалды техникум болып құрылды. Араға бір жыл салып, Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумы болып өзгерді. Ал 1959 жылы Қазалы зоотехникалық-малдәрігерлік тех­никумымен біріктіріліп, Қазалы ауылшаруашылық техникумы бо­лып аталды. 1971 жылы Ком­сомол совхозына көшірілген техникум совхозбен қосылды. Алты жыл­дан соң Қызылорда совхоз техни­кумы болып қайта құрылды. Одақ бойынша материалдық база­сы нық оқу орындарының қата­рын­да саналатын бұл жерден Қа­зақстан­ның мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, техника ғылымдарының докторы Серікбай Қошқаров, Сырдария ауданын басқарған белгілі кәсіпкер Әріп Хожбанов, белгілі композитор Рамазан Тайманов қанаттанды.

Бүгінде білім ошағы темірден түйін түйген ұсталарды да, тех­никаның құлағында ойнайтын механизаторларды да, ауыл шаруа­шы­лығы саласының білікті ма­мандарын даярлау үстінде. Тарихы тереңге тартқан оқу орнында біздің де қолтаңбамыз қалғанына қуаныштымыз. Ең мықты профес­сорлардың, өмір мектебінің дәрісін алған біз кейін осы оқу ордасының гүлденуіне еңбек еттік.

Әр қабырға… Әр бұрыш… Тіпті әр кабинет өткен күннің тәтті естеліктерін ойға оралтады. Бүгінде тоқсан жылдың торабында тұрған қызмет орнымның әлі де талай саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарарына сенімім мол.

Оқу ошағы жыл санап жаңа кейіпке ене бастады. Соңғы жыл­дары адам танымастай өзгерді. Айталық былтыр жатақхана ғи­мараты толық жөндеуден өтті. Ал биыл оқу ғимаратының сыртқы қасбеті толық жаңартылды. Бұл – колледж ұжымының жаңа заман көшіне ілесіп, студенттерге жақсы жағдай жасап жатқанының айғағы. Аға буын қай кезде де құрметсіз қалған емес. Мерейтой қарсаңында ардагерлер ұлықталды. Ұстаздар мен бүгінгі жас толқын арасында жүздесулер өткізіліп тұрады. Ұрпақтар сабақтастығы жүйелі жүзеге асып келеді.

Кеңшілік ТҰРСЫНБАЕВА,

ардагер-ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<