Тегін үйірменің теңгесі қайда немесе жаңа бастаманың жалғасы қалай болмақ?

1834

0

Байқасаңыз қазір әлеуметтік желіде тегін үйірмелер ашылғаны туралы, домбырашы, хореограф, вокалист мамандарын іздеп жарнама берушілер көбейді. Бұл нені білдіреді? Әрине,  өңірде тегін үйірмелердің көбірек ашылғанын біз де қалаймыз. Естеріңізде болса 2020 жылы қыркүйекте Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін тапсырған болатын. «Балалар үйірмесі қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» делінген Президент Жолдауында.

Елдегі карантин кезінде кәсіпкерлер тәуекел етіп тегін үйірмелер ашуға сол уақытта ынта білдіре қоймады. Өйткені ең алдымен үйірме ашу үшін қойылатын бірнеше талаптар бар. Бірінші кезекте қалтаңда қаржың болуы керек. Бұрын-соңды бұл салада тәжірибесі жоқ адамға үйірме жұмысын үйлестіру үшін білім, ұйымдастырушылық қабілеттерді тағы қосыңыз. Президент тапсырмасынан кейін республикада, әр өңірде журналистерге арнап брифингтер берілді. Жаңалықты естіген және оны жіті түсінген кәсіпкерлер мен өтінім берушілер дереу іске кірісіп кетті. Бүгінде кәсіпкерлер бір емес бірнеше жерден осындай тегін үйірмелер ашып, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасап отыр.

Өткен жылы мемлекет спорттық және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыру тетігін іске қосты. Бұл жоба шеңберінде 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін бара алады. Биыл облыс бойынша спорттық тапсырысқа 638 млн 500 мың теңге, ал шығармашылық тапсырысқа 301 млн 200 мың теңге бюджеттен қарастырылған. Өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Осы жобаға қатысқысы келгендер art.sport.edu.kz  платформасы арқылы өтінім бере алады.

Өткен аптаның ортасында аталған тақырып бойынша «Атамекен» ұлттық палатасының облыстық филиалында кәсіпкерлерге, жобаға қатысамын деушілерге арналған жиын болды. Сонда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Ержан Жеткерұлы бірқатар мәліметтер айтқан болатын.

– 2020 жылдың желтоқсан айында ҚР Мәдениет туралы заңына  толықтырулар енгізілді. Оған мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және оны қаржыландыру деген баптар қосылды. Осыған байланысты аталған өзгерістер 2021 жылдың 1 мамырынан бастап қолданыста. Соған сәйкес ҚР Мәдениет министрлігі тарапынан 8 құжаттама нормативтік-актілік құжат дайындалды. Оның 4-уі спорт, 4-уі мәдениет саласына қатысты. Біздің өңірімізде бұл өзгерістер тамыз айынан басталды. Қаражаттың кеш бөлінуі салдарынан мемлекеттік шығармашылық бағытта өтінімдер де уақытылы қабылданбады. Бүгінде жалпы 1749 өтінім келіп түссе, оның 438-і оң нәтижесін алды. Ал 896 өтінім кері қайтарылған. Ол алаңсыз кері қайтару емес, кейбір құжаттардың дұрыс болмауына байланысты түзету жұмыстарын жүргізуге кері жіберілген. Сонымен қатар 400-дің үстіндегі өтінім қаралуда. Бұл өткен жылдың қаңтар айына дейін келіп түскен өтінімнен, биылғы жылдың екі айында берілген өтінім бір жарым айдың өзінде 2-3 есеге артқан. Кәсіпкерлер бұрынғыдай емес, ақпаратты ести бастап, қызығушылық танытуда. Республикада құжатты дайындайтын кезде мемлекеттік шығармашылыққа байланысты қаралған қаржы жергілікті бюджеттен берілу керек делінген. Бірақ осы кезден-ақ қаржының жетіспеушілігі анық байқалуда. Бұл бізге республикалық бюджеттен де қаржы керектігін көрсетіп отыр. 2021 жылы 17 өтінім беруші болса, қазіргі күні 50 өтінім беруші өз жұмысын іске асыруда, – деді.

Спорттық секциялар бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жағыпар Тәжмаханов айтты.

– Бұл – Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолға алынып жатқан жаңа жоба. Негізі бастамашы балалар құқығын қорғау жөніндегі арнайы уәкіл Аружан Саин. Сол кісінің бастамасымен өткен жылдан бастап қолға алынды. Сайтта барлық мәліметтер көрсетілген. Өткен жылы кәсіпкерлер толық құлағдар болмады. Биылдан бастап келіп жатқан кәсіпкерлердің көптігіне қарап, халықтың басым бөлігіне ақпараттың жеткеніне куә болып отырмыз. Спорт саласы бойынша қаражаттың мүмкіндігіне байланысты барлық қаржы жергілікті бюджеттерден қарастырылу керек. Бұл жоба өткен жылдың мамыр айынан басталды, ал бізде келер жылдың бюджеті желтоқсан айында қарастырылатынын жақсы білесіздер. Сондықтан бекітілмеген бюджетке енгізілмегендіктен қаржы аз болды. Спорт саласына 202 млн теңге бөлінді. Ол 2156 балаға жоспарланған. Біз сонда да 2500 баланы қамтыдық. Биылғы жылы бұл қаражатты үш есеге ұлғайттық. Спорттық секцияға бөлінген 638 млн теңге 4312 балаға жоспарланған. Қазіргі таңда өткен жылмен қоса есептегенде 898 өтінім келіп түсті. Соның ішінде 165 өтінім сараланып, заңға сәйкес оң қорытынды алып жұмысын жасап жатыр. Ол 7900 баланы қамтиды. Бізде оң қорытынды алғанымен ваучер номер деген бар, яғни әр балаға тіркеу нөмерін береді. Спорт секцияға немесе мәдениет үйірмесіне тіркеу нөмерін береді. Ваучер – кәсіпкердің ашқан үйірмесіне ресми қабылдану нөмері деген сөз. Қарап отырсаңыз, 4312 бала болса 7900-дің үстінде 3500 балаға бөлінген қаржы лимиттен асып тұр. Соған сәйкес қаржы мүмкіндігіне байланысты спорт секциясына бала қабылдауды уақытша шектеп тұрмыз. Кәсіпкерлер тарапынан жазбаша шағым беріп, ауызша хабарласып жатқандар да бар. Бұл біздің қолымыздағы дүние емес. Біз министрлікке арнайы өтініммен бардық. Республикада қаржы бөлу мүмкіндігі жоқ екенін ашық айтылды.  Әзірге жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылады деген уәж айтылды. Сондықтан спорттық секцияларға да, мәдениет үйірмелеріне де бала қабылдауды уақытша тоқтатып отырмыз. Себебі біз қазір ашып қойсақ, айтылған балалардың саны күн санап екі еселеп өсуде. Алдағы уақытта ақша беру мүмкіндігі болмаса кредиторлық қарыздар қалыптасып, аяғы үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін. Кәсіпкерлерді түсінеміз, ғимараттарды жалға қажетті жабдықтарды несиеге алған. Оның барлығын мониторинг жасай алмаймыз. Кімнің мүмкіндігі бар сол ашады. Біз лимит бойынша өтінімдерді түскен реттілікпен қарап отырмыз. Соған сәйкес құжаты дұрыстарға оң қорытынды бердік. Оң қорытынды алған 165 өтінімде  10 мыңның үстіндегі бала қабылдауға мүмкіндік бар. Бірақ 7900 баланы қабылдап үлгерді. Сол жерден уақытша тоқтатылып тұр. Өтінімде тренерлерге қандай талаптар қойылады, спорт ғимараттары қалай жабдықталуы тиіс деген мәселелер министрлік бекіткен нормативтік құқықтық актілер ішінде көрсетілген. Біз оператор ретінде белгіленгенбіз, – деді басқарма басшысының орынбасары.

 Облыста 18 жасқа дейін 221 мың бала тіркелген. Соның ішінде 4-18 жастағы балаларды мәдениет  және білім беру, қосымша білім беруге қамтуға қазір Үкімет белгілеген индикаторлар бар. Бір балаға заң бойынша екі үйірмеге дейін немесе екі спорт секциясына дейін жазылуға мүмкіндік қарастырылған. Қазір көп ата-ана балаларының бос уақытын тиімді пайдалануға тырысады. Бір емес бірнеше үйірмеге апарады. 221 мың баланы бір жылда үйірмемен қамту мүмкін емес. Бұл жерде ата-ана тарапынан түсіністік болу керек. Нормамен бекітілген тариф бар. Соған сәйкес төленеді. Мәселен, бір бала айына 12 рет қатысу керек. Оның арнайы оқу бағдарламасы әзірленеді. Сабақ кестесі болады. Барлығы электронды табельге белгіленеді. Ата-ана баласының барған-бармағанын растап белгі қояды. Растап белгі қойғаннан кейін операторға келіп түседі. Келіп түскен соң төленетін ақшаның сомасы анықталады. Соған сәйкес ақша төленеді.  Бұл жерде тағы бір шикіліктің қылаң беретіні анық. Ата-анаға порталға кіруге берілетін парольді сол үйірмені ашуға өтінім беруші өзі алып, оны толтырып жіберген деректер де бар. Бұл әлеуметтік желіде шу болғаны да рас. Бір ата-ана баласын тегін үйірмеге жаздыру үшін платформаға тіркейін десе, оның баласы тіркеліп тұрғанын білген. Арты дауға ұласқан жағдайлар да орын алуда.

Иә, бірінші кезекте сапалы спорт секциясымен, үйірмемен қамту  керек. Кәсіпкердің негізгі мақсаты – пайда табу. Бірақ екі ортада баланың құқы шектелмесе екен дейміз. Сонымен қатар өтінім беруде кәсіпкерлер тарапынан кездескен кедергілер де жоқ емес. Айталық бір кәсіпкердің ұсынған құжаты 20 ретке дейін кері қайтарылған. Аудандар бойынша Сырдария мен Жаңақорған өткен жылы өтінім беруді  бастаған. Биыл барлық аудандардан өтінімдер келіп түсуде.

Қазалы ауданынан осындай үйірме ашу үшін талаптанған Алмас Әділбаев деген азамат бұл мәселеде ешкімнен ешқандай ақпарат ала алмай қиналғанын айтады. 

– Мен осы бағдарламаны қыркүйек айында естідім. Сол уақыттан бері мәдениет бөліміне бірнеше рет бардым. Үш ай бойы не маманымен не телефон арқылы хабарласа алмадым. Амалым болмаған соң, Алматыға барып, сол жердің операторымен сөйлестім. Олардың айтуынша «біз әр облыстан адамдарды оқыттық, сіздерге мамандар түсіндіру керек» деді. Өзім Солтүстік Қазақстанға көшкенмін. Бірақ Қазалыдан ашқым келген. Желтоқсан айында Солтүстік Қазақстанға бардым. Олар мені ортақ чаттарына қосты. Барлық құжаттармен таныстырып, сол күні мамандарға кіріп, іздеген ақпаратыма қол жеткіздім. Түсінбейтін сұрақтар болса көмектесеміз деді. Қазақстан бойынша оқу орталықтарын жақсы білемін. Дәл осы ақпараттың ашықтығы жағынан біздің облыста мәселе туындайды. Кіру де, сұраққа жауап алу да мүмкін емес. Қазалы қаласында спорттық, шығармашылық үйірмелер жоқтың қасы. Осы қалада 10 жылдан бері оқу орталығын ашып жұмыс жасадым. Кешегі карантин кезінде кәсібім тоқтап, ғимарат қаңырап қалды. Мен қажетті құжаттарды Солтүстік Қазақстаннан алдым. Ақша, маман жоқ деп кері қайтарумен болды. Ақыры жауап ала алмадым, – дейді ол.

Иә, бір кәсіп бастау үшін алдымен қаржың болуы керек. Бүкіл әлемде қалыптасқан дағдарыс жағдайы кәсіпкерлерге де оңай болмады. Ал енді кәсіп бастайтындар жайлы айтудың өзі артық. Мысалы, қала тұрғыны Салтанат Мұратова сол жағалаудан спорттық үйірме ашу үшін несие рәсімдеп, ғимаратты жалға алып оны жөндеуде. Бірақ әлі үйірмені ашпаған. Өтінім бергеніне бір апта болыпты. Қазір ол қаралу үстінде екен. Енді ол бөлінген қаржының бітіп қалғанын естіп, алған несиесін қалай жабарын білмей басы қатуда. Қосымша қаржы қарастырылғанымен ол қашан берілетініне, өтінімінің қайтадан кері қайтарылмайтынына кепілдік те жоқ. Себебі барлық құжаттар айтылған талаптарға сай болуы керек. Десе де, кейбіреулер ебін тауып екі асап, мәселені «көз қысты, бармақ бастылықпен» шешіп жатқандар да бар екен. Мұндай жағдайлардың болатыны да айдан анық. Өйткені бөлінген қаржыдан барлығы да алғысы келеді, кәсіпкер пайда жағын ойлайды. Естеріңізде болса, осыдан 6-7 жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында да балабақшалар көптеп ашылды. Бағдарлама басталғанда қуанып, бөркімізді аспанға лақтырдық. Бірақ тексеріс кезінде құжатта бар бала ол жерге мүлдем келмегені, тіпті балабақшаның орнында ескі сарай тұрғаны жайлы деректер кездескен. Бұл мәселеде де сондай деректер орын алмасына кім кепіл? Біздің көздегеніміз – балалардың қамы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалғаны. Әйтпесе, мұндай бастаманың талай былығы шығып жатқанын бүгінгі қоғамнан аңғару қиын емес.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<