«Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын»

1453

0

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі». Мағжан ақын бір ғасыр бұрын ұстазды осылай бағалаған. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, қоғамда «мәртебесі төмен, құқығы шектеулі» делінген мамандық иелері бірқатар басымдыққа ие болды. Қазір педагогтарды мемлекеттік деңгейде қолдау шаралары қарқынды жүргізілуде.

Көп түйткілдің түйіні тарқады

Педагогтар үшін маңызды заңның қабылдануы ұстаз мәртебесінің жоғарылап, материалдық жағдайының жақсаруына мүмкіндік берді.

Биылдан бастап педагогтардың еңбекақысы 25 процентке, шеберлігі үшін жалақыға 30 бен 50 процент аралығында қосымша ақы төленуде. Бұл үшін республикалық бюджет есебінен 14 млрд теңге қаржы бөлінді.

Сонымен бірге ұстаздардың дәптер тексергені мен сынып жетекшілігі үшін берілетін үстеме 2 есеге артып, 8 мың теңге мөлшерінде белгіленді. Орта білім беру ұйымдарында магистрлік дәрежесіне 27 мың теңге қосымша ақы төленуде. Мұнан бөлек, кейбір педагогтардың еңбек демалысы 42 күннен 56 күнге артты.

Абырой қашан да үлкен еңбек, уақыт­пен бірге келеді. Сондықтан потенциалы мықты, өзіне сенімді оқытушыны көтер­мелеу аса маңызды. 2012 жылдан бері өткі­зілетін республикалық «Үздік педагог» байқауында Сыр елінің 18 ұстазы «Үздік педагог» мәртебесін иеленген. Биыл бір мұғалім жеңімпаз атанып, аймақтың абыройын өсірді.

 Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова тәуелсіздік мере­кесіне орай педагогтарға арнайы төсбелгі та­ғайындалатынын атап өтті. Үздік ұстаздарға арнайы «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тағылады. Сондай-ақ, 10 үздік ұстазға 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 800 мың теңгеден астам сыйақы беріледі.

Биыл мұғалімдер күні онлайн форматта атап өтілуде.  Айта кету керек, атаулы күнге орай қаланың орталығы мен ірі көшелеріне республикаға белгілі, облысқа танымал ұстаздың бейнелері бар билборд ілінеді.

Оқытушы мерейін үстем ету – ортақ іс

Педагогтың қоғам алдын­дағы беделін тек құжат қана көтермейді, ел тұрғындарының жауапкершілігі мен жан­ашырлығы да аса ма­ңызды.  Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ха­лықтың сенімін ақтаудан ар­тық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген тағылымды сөзі бар. Расында, ұстаздарға ұлттың бо­ла­шағы – бүгінгі буынның білі­мін аманаттасақ, мұғалімнің мәр­тебесін көтеру де – ортақ іс екені белгілі. Осыған байланыс­ты академик Ерлан Сыдықов «Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беде­лі де соған сай қалыптасады. Сон­дықтан ең бастысы, қазақ елінде мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар. Қыз­меттегі, биліктегі бүгінгі тол­­қын оны ұмыта қойған жоқ. Сөз жоқ, түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қо­ғам­ның ар-ұятымен, жауап­кер­шілігімен шегеленеді. Қасиетті «Құранның» өзінде де, біздің мың жылдық дәс­түрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше «Педагог мәртебесі туралы» заңның қорғаушысы да, қолдаушысы да, дәйегі де, мәйегі де – қоғам» деген болатын.

Педагог болам деушілер көбейді

Биыл облыс бойынша ҰБТ-дан ең жоғары – 133 ұпайды еншілеген түлек мұғалім болуды қалады. Білім беру саласын өзіне талап қойғыш жастардың таңдағаны қуантады. Әйтпесе, бір жылдары үздік түлектердің мұғалім болғысы келмейтіні ту­ралы да айтылып қалатын еді. Иә, жыл сайын педагогика саласын таңдайтын жастардың қатары артып келеді. Биылдың өзінде мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді аяқтаған түлектердің 980-дейі ұстаздық мамандыққа бет бұрған. Мұнан өзге, облыс әкімінің гранты негізінде бірқатар жас педагогика саласында оқуын бастады.

Мұғалім мобильді қосымша жасауда

Әлемге тараған пандемия білім беру саласындағы дәс­түрлі форматты өзгертті. Есе­сіне цифр­ландыру мүмкін­дік­терін пай­да­лануға жол аш­­ты. Осыған бай­ланысты қа­­шықтан оқытуға қажет элект­ронды құ­рыл­ғылар оқушы­лармен қатар педагогтарға да үлестірілді. Бі­лім саласы қыз­меткерлерінің кәсіподағымен бірлесе отырып, 306 мұғалімге ноутбук берілсе, мұғалімдер күніне орай тағы 40 ұстазға табысталады.

Қазір оқушылар қашықтан оқуда «Bilimland» білім беру плат­формасын да пайдалануда. Платформадағы видео са­бақ­тар­дың жасалуына үлес қос­қан ұс­таздардың қатарында қаза­лылық Азиза Әділбаева да бар. №266 мектеп-лицейдің орыс ті­лі пәнінің мұғалімі 6-сыныпқа арналған бір­неше тақы­рып­тар­дың сабақ жос­пары мен видео­сце­нарийін жазған.

Бүгінде үздік педагогтың өзі де, оқушылары да халық­аралық байқауларда жеңімпаз атануда. Өткен жылы халық­аралық «За­качай знания!» сайысында ал­ғаш­қы турдан өтіп, Мәскеуге шақы­рылды. Он жеті елден келген 25 финалистің арасында бақ сынап, сабақта цифрлық ресурстарды пай­далану әдістері, идеяларын таныстырып ІІІ орын иегері атанды.

Бүгінде педагог израильдік Зэев Фрайманмен бірлесіп қа­зақ сыныптарында оқитын 6-сы­нып­тың орыс тілі пәніне арнал­ған мо­бильді қосымша жасауда.

Байқағанымыздай, жаңа жағ­­­­­дайға бейімделіп, цифр­лық бі­лім беруде өзіндік әдіс-тәсіл ұсынған ұстаздар қата­ры артып келеді. Онлайн байқаулар ұйымдастырып, тіп­ті халық­аралық сайыстарға оқушыларды қатыстыру да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Иә, бұл уақыт мұғалім шеберлігі мен біліктілігін көрсететін кезең болып отыр. Ең алғаш қолға қалам ұс­татып, әліппені жаттатқан мұғалім – санасы ақ параққа тең балаға басты үлгі. Ұстаз тұлғасын арманыңа ұқсату үшін де мұғалімнің білім-білігі жоғары, мәртебесі биік болуы керек. Бұл орайда педагогтарға деген мемлекеттік қолдаудың күшейгені қуантады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<