ҰБТ: алғашқы нәтижелер көңіл қуантады

1021

0

Өткен ақпараттарда айтып өткеніміздей, маусымның 27-29 күндері аралығында облыс орталығындағы ҰБТ Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 5 корпусында, «Мұрагер» мектебінде және Жалағаш ауданындағы №202 орта мектеп базасындағы тестілеу орталығында өтті.

Жалпы, осы 3 күнде 1576 түлек тест тапсырды. Айта кетейік, 27 маусымдағы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған Е.Әуелбеков атындағы №4 дарынды балалар мектеп-интернатының түлегі Диас Ерғараев болды.


– Ұлттық тестті тапсырып шықтым. Мектеп қабырғасында 11 жыл бойы алған білімімнің нәтижесін дәлелдедім деп ойлаймын. Әзірге ең жоғары ұпай – 133 балды жинағаныма қуаныштымын. Ата-анам, ұстаздарым бәрі де тілеулес болды. Оларға рахмет. Менің ойымша, тестілеуге дайындықпен барған адам қалаған нәтижеге қол жеткізе алады. Ең бастысы, аса қатты қобалжымай, өз-өзіне сенімді болу керек.


Өзім ғылыми математика бағытын таңдап отырмын. Болашақта ұстаз болғым келеді, – дейді дарынды түлек Диас Ерғараев.

Айта кетейік, осыған дейін Шиелі ауданынан Диас Қиянбекұлы 130 ұпай жинаса, тура сол нәтижені Қызылорда қаласынан Нұрсаид Әбен есімді түлек иеленді.


Елдегі эпидемиологиялық ахуалға орай карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуді бір күнде екі лекпен өткізу мәселесін қарастырды. Бұл орайда облыс бойынша алдын ала бекітілген ҰБТ өткізу кестесіне біршама өзгерістер енгізіліп, қосымша хабардар етілді.
Атап айтқанда, 4 шілдеге жоспарланған тестілеу 28 маусымда, 3 шілдеге жоспарланған тестілеу 29 маусымда өтсе, 2 шілдеге жоспарланған тестілеу 30 маусымда өтеді. Ал 28,29,30 маусым және 1 шілдеге жоспарланған ҰБТ өз мерзімінде өтеді. Бұл өзгерістер колледж бітіріп, жоғары оқу орнына оқуға тапсыратын барлық кешенді тестілеушілерге және өткен жылы ҰБТ тапсырған талапкерлерге қатысты. Яғни аталған бағыттағы барлық талапкерлер 28 маусымнан бастап Ұлттық тестілеуді тапсыруы керек.
Кеше, 29 маусым күні 431 түлек тестілеуден өтті.


Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<