Ұдайы ізденіс үздік атандырды

465

0

Жуырда Астанада «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткен болатын. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің конкурсына республика бойынша 123 мұғалім қатысты. Олар байқауға республика бойынша қатысушы 5,5 мың педагогтің арасынан іріктеліп алынды. Нәтижесінде мектептер мен колледждерде сабақ беретін 64 педагог жеңімпаз атанып, әр мұғалімге 3 млн теңгеден ақшалай сертификаттар берілді.

Жеңімпаздардың қатарында Жалағаш ауданы орталығындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Қосжанова да бар.

Ол 2005 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті, шетел тілі» мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы оқу орнына білім грантымен магистратураға түсіп, гуманитарлық ғылымдар магистрі дәрежесін алды. Салтанат еңбек жолын 2005 жылы Астана қаласындағы №49 орта мектептен бастап, 2007 жылы Астана медицина университетінің «Шетел тілдер» кафедрасында ағылшын тілінен оқытушы болды. Ал, 2012 жылы өзі оқыған білім ордасы – Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты.

Білім саласында 17 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне берілген ұстаз ғана шәкіртінің санасына сәулелі ой салып, әр баланың жұлдыз болып жарқырауына жәрдемдесетінін айтады.

– Мектебіміз бұған дейін де бірнеше мәрте республикадағы үздік 100 мектептің қатарында болған. Өзім де осы мектепте білім алғанмын. Қазір өзімді білім нәрімен сусындатқан ұстаздармен қатар еңбек етіп жүрмін, – дейді Салтанат Қосжанова.

Тек Жалағаш ауданының ғана емес, облыстың мерейін үстем еткен ұстаз үздіксіз шығармашылық ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесінде жарқын жетістікке жеткенін айтады.

– Бұл байқау республикада 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Дегенмен, биыл талаптары өте жоғары. 2020 жылы да қатысқан болатынмын. Ол кезде облыстық деңгейде іріктеуден өтіп, республикалық байқаудан өте алмай қалдым. Жалпы байқауға қатысу үлкен дайындықты қажет етеді. Себебі, мұғаліммен қатар оқушылардың жетістіктері де ескеріледі. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде портфолио, 5 минуттық озат тәжірибені таныстыру, 15 минуттық бейнесабақ ұсындық. Ал байқаудың республикалық кезеңінде аудандық, қалалық және облыстық кезеңдердің қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған 123 мұғалім «Үздік педагог – 2022» атағы үшін сынға түсті. Байқау қатысушылары Астана қаласына барып, ашық сабақтар өткіздік. Сабаққа комиссия мүшелері қатысып, біткеннен кейін жан-жақты талдау жүргізді. Сабақ барысын фотоға, видеоға түсірді, – дейді Салтанат Қосжанова.

Айта кетсек, жаңашыл ұстаз биыл 8, 10, 11 сыныптарға арналған «Абайтану» оқулығын шығарған. Бүгінде жаңа оқулық республиканың түкпір-түкпіріндегі мектептерде оқытылуда. Сондай-ақ, Салтанат алдағы уақытта жеке оқу орталығын ашуды, докторантурада білімін жетілдіруді жоспарлап отыр.

Жалпы, байқаудың ақтық сынына балабақшалар мен мектептердің 103, колледждердің 20 ұстазы қатысты. Қызылорда облысының атынан 5 мұғалім, оның 4-і Қызылорда қаласынан.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<