Ұяда көрген тәрбие ұстанымға айналады

4019

0

Жуырда облыс әкімінің қатысуымен білім саласының кеңейтілген мәжілісі өтті. Онда саланың жетістіктерімен қатар, кемшіліктері де сараланды. Себебі, саладағы көрсеткіштерге көлеңке түсірмей, жауырды жаба тоқыған сайын мәселенің қордалана түсетіні рас. Жас ұрпаққа білім берумен қатар, салауаттылық, құқықтық жауапкершілік қағидаларын үйретуде мектептен тыс қоғамның да ықпалы болуы тиіс. Мәжілісте осындай күрделі сауалдардың себеп-салдарын анықтап, шешімін табуға басымдық берілді.

Осы орайда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша Кәсіби даму институтының директоры Бауыржан Елеусіновпен сұхбаттасып, сала жұмысына қатысты пікірін білген едік.

– Облыстағы 275 жалпы орта білім беретін мектеп бойынша нақтыланған көрсеткіштерге сүйенсек, 30 мектеп жоғары, 129 мектеп орта, 116 мектеп төмен деңгейде деп бағаланған. Сіз қалай ойлайсыз, бұл мәселе тек педагогтердің біліктілігіне байланысты ма, әлде басқа да себептер бар ма?

– Облыс әкімінің басқаруымен өткен жиында білім саласы мен тәрбие бағытындағы барлық мәселелер терең талданып, жіберілген кемшіліктер айқындалған және оларды бүкіл қоғам болып жұмыла шешу жолдары нақтыланды. Аймақ ұстаздарының алдына биік міндеттер қойылды. Облыстық білім басқармасының басшысы да білім мен тәрбие беру жүйесінің бүгінгі беталысы, педагог кадрлардың біліктілігі сияқты басты мәселелер қамтылған баяндама жасады. Сөзінің барысында мектептердің басым бөлігінің деңгейі орта және онан төмен екеніне тоқталды.

Білім саласының бюджеті жыл сайын еселеп артып отыр. Облыс әкімінің қолдауы да ерекше. Бірақ осыған қарамастан, облыстағы 275 мектептің 88 пайызы орта және онан төмен нәтиже көрсетуде. Бұл мәселе педагогтердің біліктілігіне ғана байланысты деуге болмас. Талдау жасап қарасақ, ең алдымен, оқу-тәрбие жұмыстарының сапалы, мазмұнды ұйымдастырылуы аудандық (қалалық) білім бөлімі мамандары мен әдіскерлерінің біліктілігіне байланысты. Олардың арнайы талаптарға сай еместігі. мәселен, мектепте білім бермеген, сабақ жоспарлауды түсінбейтін мамандар түрлі іс-шаралар өткізуде оның мазмұнын өздері түсінбейтіндігі, сол маман мектеп басқару жүйесіне көшіп жатқандығы күрделі мәселе.

Тағы бір мәселе – мектеп басшысы мен әкімшілігі тарапынан даму жоспарына сәйкес нақты орындалатын қысқа мерзімді нәтижеге бағытталған жоспарды дұрыс құра алмауына және сол жоспардың орындалуына мектеп әкімшілігі тарапынан бақылаудың жетіспеуі, аналитикалық талдаудың дұрыс жасалмауы. Мектеп директорларының көпшілігінде басқару құзыреттілігінің төмендігі, білім саласында болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарға тез арада бейімделе алмауы, нарық жағдайында қоғамның сұраныстары мен мемлекеттің талаптарына сәйкес келетін білім беру нәтижелеріне қол жеткізу дағдыларының (skills) жетіспеуі. Мұғалімдердің заманауи технологиялармен жұмыс жасау дағдыларының жүйелі қалыптаспауы және педагогикалық ұжымның даму деңгейінің зерттелмеуі, яғни, педагогтердің алған біліктілік санаттарының талаптарына сай өз қызметтерін атқармауы білім сапасына әсер етеді.

Жалпы білім саласындағы кез келген реформаны табысты жүзеге асыру үшін оның мазмұнын, философиясын, ең алдымен мектеп басшысы мен оның орынбасарлары терең түсінуі керек. Қазіргі уақытта жасырын емес, республика көлемінде директорларға, олардың білігі мен біліміне қатысты көптеген сұрақ туындауда.

Осы проблеманы жою мақсатында Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастар резерві үлгісіндегі «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасын жүзеге асыруда. 500-ге жуық үміткер 8 айдың ішінде іріктеуден өтіп, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар мен құзыреттерін дамытуға бағытталған арнайы курстан өтті. Олардың ішінде 208 педагог жоба сертификатына ие болып, резервке енді. Біздің облыста 11 педагог сертификат иеленді. Бұл жоба бойынша биыл да үміткер-педагогтер арнайы курстан өтетін болады, яғни, жаңа типтегі директорлар корпусы құралады.

– Мектеп директорларын ротациялау, мұғалімдерді жұмысқа конкурс арқылы қабылдау ережелері енгізілді. Салада сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін қабылданған шешімдер деп түсіндік. Алайда нәтижесі қаншалықты деп ойлайсыз?

– Облыста мектеп директорларын ротациялау және мұғалімдерді конкурс арқылы жұмысқа қабылдаудың тиімділігі бірнеше факторға байланысты. Мектеп директорларын ротациялаудың жағымды жағы, ол мектеп басшылығына жаңа көзқарастар, жаңа идеялар мен инновациялық тәсілдер әкеледі. Директорларды ротациялау тоқыраудың алдын алуға және мектептердің үздіксіз жетілдірілуіне мүмкіндік береді. Оларға белгілі бір мектеп пен қауымдастықтың ерекше қажеттіліктері мен қиындықтарын түсіну үшін уақыт керек. Өйткені мектепті жақсартудың ұзақмерзімді жоспарлары мен стратегиялары бірнеше кезеңдерден тұрады. Мұғалімдерді конкурс арқылы іріктеу жоғары сапалы педагогтерді тарту үшін тиімді. Конкурсты пайдалана отырып, мектептер қажетті дағдылар мен біліктілікке ие ең білікті үміткерлерді анықтап, таңдай алады. Бұл тәсіл мұғалімдерді жұмысқа қабылдау процесінде бәсекеге қабілетті болу үшін үнемі өз дағдылары мен білімдерін жетілдіруге ынталандырады.

Облыста 2022 жылы 52 білім ұйымының директорлары, оның ішінде 19 мектеп директоры ротацияланған. Оның нәтижесін көру үшін, әрине, уақыт қажет.

Жылдар бойы төменгі нәтиже көрсетіп, ешқандай жетістікке қол жеткізбеген  директорлардың ротация көшіне ілесіп жүре беруіне тосқауыл қою керек. Ротация кезінде бірінші басшы жұмысының тиімділігі, жыл сайынғы бағалау қорытындысы, ұйымдағы оқу-әдістемелік және тәрбие қызметінің сапасы, оқушылардың білім деңгейі назарға алынуы тиіс.

– Ұстаздардың қоғамдағы статусы жоғарылады. Оның бір көрінісі – еңбекақылары еселеп өсті (4 жылда 100 пайыз). Бұл қолдаудың қайтарымы – білім мен тәрбие жұмыстарының заманауи үдерістерге сай сапалы болуы. Балаға білімнен бұрын тәрбие берілуі қажет дейміз, осының ара-жігін дұрыс зерделеп алған жөн-ау… 

– Білім мен тәрбие – егіз. Осы орайда әр педагог өз сабағында ұлттық құндылықтарға негізделген білім мен дағдыны дамытып отыруы қажет. Себебі, білім беру мазмұны аясында оқыту мен тәрбие бағыттары құндылық пен дағдыны дамытуға, оқушыны жеке тұлға ретінде жетілдіруге, оқушының өзіндік іс-әрекетін қалыптастыруға, пәндердің бір-бірімен байланысын күшейтуге ықпал жасайды. Оқушының өзін-өзі тұлға ретінде жүзеге асыруына мүмкіндік беру мен қолайлы оқу ортасын құру қажеттілігі туындайды.

Сол себепті де еліміздің болашағының тізгінін ұстар тұлғаның бойына білімнің нәрін, тәрбиенің тұнығын қатар сіңіруіміз қажет. Бүгінгі білім беру бағдарламаларында оқыту мен оқу үдерісінде тәрбиеге ерекше мән берілуде. Әрбір ұстаздың тиімді оқыту мен оқуды жүзеге асыратын қысқа мерзімді жоспарларында «құндылықтармен байланыс» бөлімі (графа) енгізілген. Әрбір педагог сабақ барысында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды тақырып мазмұны аясында кеңінен сипаттап, оқушы бойына қалыптастыру қажет. Осы мәселе оқу үрдісінде жүзеге аспай жатады, пән мұғалімі тек теориялық білім берумен шектеледі.

Тағы бір айта кететін мәселе, жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің қазіргі теориясы мен тәжірибесінің бұрынғы үлгілерден едәуір айырмашылығы бар. Өйткені әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының арасында орын алған жүгенсіз қылықтар, бейәдеп сөздер, аяусыз ұрып-соғу фактілері көбейіп кетті. Және ол өз кезегінде баланың қатыгез, дөрекі, мейірімсіз болуына әкеліп соғады. Осы орайда «қазіргі тәрбие бағыттары қандай болмақ?» деген сұрақтың туындауы орынды. Әрбір құқықбұзушылық пен балалардың агрессивті мінез-құлқы мектеп пен мұғалімнің назарынан тыс қалмауы тиіс. Жеке әңгімелесулер, кеңестер өткізу, сыныпта, мектептерде ата-аналар жиналысында талқылау, ата-аналармен әңгімелесу қажет. Білім беру ұйымдарында биыл ашылған ата-аналарға арналған көмек көрсету және отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты әдіс-тәсілдерді үйрететін Ата-аналарды қолдау орталықтарының жұмысын жандандыру қажет. Түптеп келгенде, бала тәрбиесіне бүкіл қоғам белсенді қатысуы керек!

Бүгінгі таңда тек ақпараттық технологияларды қолдану және меңгеру дағдыларын дамыту жеткіліксіз, оқушылардың білімі мен іс-әрекеттерін талдау және жинақтау, оларды қажет кезінде қолдана білу, алдына мақсат пен міндет қойып, соған жету жолдарын зерделеу қажет. Шығармашылық, интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, жүзеге асыру, өз жетістіктерін сыни тұрғыдан бағалау және өз әрекеті үшін жауапкершілігін сезіну сияқты қасиеттерге баулыған жөн.

Мектеп пен мұғалім заман ағымына ілесе отырып, қазіргі таңда басты назарда болып отырған балаларды оқытуда ғана емес, ең алдымен, оларды тәрбиелеуде ақпараттық технологияларды пайдалануға психологиялық және техникалық жағынан дайын болуы керек.

– Оқулықтар сапасына жиі сын айтылады. Себебі неде?

– Қазіргі кезде оқулықтар әртүрлі баспалардан шығарылуда, яғни, оқулық шығару ісі бәсекелестік ортада жүзеге асырылуда. Дегенмен, оқулықтарға қатысты сын жиі айтылады. Өйткені осы кезге дейін оқулық жазуға көбінесе мектеп практикасынан алшақтау, теориялық-пәндік білімді ғылыми тұрғыда қарастыратын мамандар қатысып келген болатын. Сондықтан оқушының жас ерекшелігі мен пәндік қажеттілігі ескерілмей қалатын. Ұсынылған оқулықтар мектеп практикасынан апробациядан толыққанды өтпейтін.

Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі тарапынан оқулықтардағы кемшіліктерді жою бағытында көптеген жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «Оқулық» РҒПО еліміздің барлық өңірінен тәжірибелі педагогтер мен ғалымдардан арнайы сарапшылар тобын құрып, аталған кемшіліктерді жою бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда.

Оның ішінде оқулықтардың мазмұнын қайта қарау және жаңарту бағытында оқушылардың қажеттіліктері мен жас ерекшеліктеріне сай оқу тапсырмаларын құрастыруға және енгізуге баса назар аударылып отыр. Мысалы, жаңа оқулықтарды енгізбес бұрын, оларды таңдаулы мектептерде сынақтан өткізеді. Бұл орайда мұғалімдер мен оқушылардан кері байланыс алу, яғни, оқулықтарды үздіксіз бақылау және бағалау жүйесін құру кез келген мәселелерді анықтауға және шешуге көмектеседі деп ойлаймын. Мұғалімдердің, студенттердің және басқа да мүдделі тараптың ұсыныс-пікірлерін сараптау арқылы еліміздегі мектеп оқулықтарының сапасын айтарлықтай арттыруға болады. Шын мәнінде, оқулықтың сапасы білім алушылардың оқу нәтижелерін жақсартуға тікелей әсер етеді.

– Жалпы мұғалім сөйлеген сөзімен, жүріс-тұрысымен, киім киісімен, жоғары мәдениетімен дараланып тұруы тиіс. Жыл сайын көптеген мұғалім біліктілігін арттырады. Солай десек те қазір мұғалімдер арасында моральдық, этикалық талаптарға қайшы келетін іс-әрекеттерге жол берілген жайттар кездесіп қалады…

– Мұғалімнің жоғары мәдениеті оның кәсіби білімі мен дағдыларын дамытуға, оқыту мен оқуға деген оң көзқарасты қалыптастыруға, оқушыларды эмпатия мен түсінушілікке тәрбиелеуге, этикалық мінез-құлық пен шешім қабылдауға ықпал етуге бағытталуы керек. Мұғалімнің этикеті мұғалімдерден күтілетін қарапайым мінез-құлық және кәсіби мінез-құлық кодексін білдіреді.

Менің ойымша, мұғалімдік мамандыққа жастарды мектеп қабырғасынан бастап дайындау қажет. Бейіналды оқыту кезінде мұғалім мамандығын таңдаған оқушылармен «педагогикалық сынып» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізу керек. Баланың санасына «мұғалімнің қоғамдағы орны», «мұғалім мамандығының ерекшелігі», «мұғалім мәдениеті» тәрізді тақырыптар айналасында ақпараттар және бағыт-бағдар берілуі қажет. Сонда ғана, мұғалімдер қатарында моральдық-этикалық талаптарды сақтамайтын кездейсоқ адамдар болмас еді. Өйткені, мұғалім ауыл-аймақтың зиялы тобының өкілі, оларға қарап өзгелер ой түзейді, бой түзейді. Өкінішке қарай, қазір педагогтер арасында мұғалімдік мамандыққа кездейсоқ өтіп кеткендер баршылық. Әлеуметтік желілерде сондай «ұстаздардың» жазбаларын көріп, осындай «педагогтердің» жас балаларға қандай білім-тәрбие беретіні үлкен күмән тудырады. Әрбір мектептегі басшылар мен педагогтер ұжымы осындай келеңсіз оқиғаларды жіті назарында ұстап, дер кезінде жөнге салуы керек.

– Нақты деректерге сүйенсек, өңірде жасөспірімдер арасында орын алған 84 қылмыстың 24-де мектеп оқушыларының қатысы бар.  Бұл мұғалім тарапынан тәрбиенің жетіспеуі ме, әлде ата-ананың жауапкершілігі төмен дейміз бе?

– Рас, кейінгі кездері оқушылар арасында құқықбұзушылық көбеюде. Мектеп оқушыларының қылмыстық әрекеттерге баруының себептері әртүрлі болуы мүмкін және оларды бір ғана фактормен байланыстыруға болмайды.

Бұл мәселеге ықпал ететін кейбір факторлар: отбасылық жағдайдың төмендігі, балаға қажетті мүмкіндіктердің жоқтығы және ресурстарға қолжетімділіктің шектелуі балаларды қылмыстық мінез-құлыққа душар етеді. Одан бөлек, құрдастарының қысымы мен ықпалы, ата-ананың жауапкершілігі мен бақылауының шектелуі, яғни, барлық жауапкершілікті мектеп пен мұғалімдерге ғана артып қоюы, жас ата-аналардың бала тәрбиесіне тәжірибесіздігі де ықпал етуі мүмкін. Тәрбие бағытындағы «Үштік одақ» қызметінде ата-ананың бала тәрбиесіне өте аз көңіл бөлуі осындай олқылықтарға әкеп соғады. Мәселе тек тәртіп бұзушылықпен шектелсе ештеңе емес, қайғылы оқиғаларға ұласып кетпеуін қатаң қадағалау қажет. Әсіресе, өтпелі кезеңде тұрған жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерісті дер кезінде анықтап, мектеп психологары тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілгені жөн.

Қазақ халқында адам өмірінің барлық қырын қамтып, кез келген мәселеге қатысты дөп айтылған сөздер өте көп. Айталық, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөздің түпкі мәнінде бала отбасында қандай тәрбие алады, қай бағытта қалыптасады, өмірде сол тәрбиеге сәйкес ұстанымда болары айқындалған. Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасының орны ерекше. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелеудегі бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі. Жалпы қорыта айтқанда, елдің экономикалық және ғылыми-техникалық дамуы, бәсекеге қабілеттілігі, ұлт болашағы, адам капиталының деңгейі мен мемлекеттің қауіпсіздігі сол елдің білім беру жүйесінің дамуы мен жастардың білім сапасына тікелей байланысты, демек ұстаздарға артылған жауапкершіліктің салмағы жеңіл емес.

Мектептегі басты тұлға – мұғалім екендігі белгілі. Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп бекер айтпаған. Технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық зерттеулер көрсетуде. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, яғни, кәсіби тұрғыдан жан-жақты дамыған кемел ұстаздар ғана тәрбиелей алады.

Кезінде Америка Құрама Штаттарының 35-президенті Джон Кеннеди «Енді әрбір америкалық Америка маған не береді деп емес, мен Америкаға не беремін» деп жұмыс істеулері қажет» деген болатын. Сондықтан біздің білім саласының қызметкерлері де «Мен тәуелсіз Қазақстанға не беремін» деген бағытта жұмыс жасауы тиіс деп ойлаймын.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<